Алматы қаласында қаңғыбас жануарларды аулау мәселесі қалай реттеледі?
Алматы қаласында иесіз және қаңғыбас жануарлардың санын реттеу бойынша жүйелі жұмыс жүргізіледі. Бұл шаралар адам мен жануарларға ортақ жұқпалы аурулардың таралуының алдын алу және адамдарға жануарлардың шабуыл жасау қаупін азайту мақсатында жүзеге асырылады.
Жануарларды аулау жұмыстарын Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының шаруашылық жүргізу құқығындағы "Алматы ветеринарлық қызметі" коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны жүзеге асырады. Ауланған жануарлар уақытша ұстау орындарына жеткізіліп, ветеринариялық тексеруден өткізіледі. Сонымен қатар жануарларға вакцинация және стерилизация жүргізіледі.
Тексеру нәтижесіне қарай жануарлар жаңа иелеріне берілуі мүмкін (адопция) немесе бұрынғы мекендеу ортасына қайта жіберіледі.
2022 жылғы 2 наурыздан бастап «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ауланған жануарларды өлтіруге тыйым салынған. Тек аса қауіпті жұқпалы аурулар анықталған немесе жануардың адамдарға қауіп төндіретін агрессивті мінез-құлқы болған жағдайда ғана ерекшелік қарастырылады.
Қаңғыбас жануарларды аулау азаматтар мен ұйымдардың өтініштері негізінде жүргізіледі. Өтінімді «109» құтқару қызметі, Алматы қаласы әкімдігінің «Open Almaty» қоғамдық қабылдауы, «e-Otinish» жүйесі немесе диспетчерлік қызметтің 8 708 595 64 04 телефоны арқылы беруге болады.
Өтінімді орындау мерзімі орта есеппен 1–5 жұмыс күнін құрайды. Қала аумағында күн сайын жануарларды аулаумен 18 бригада айналысады, ал демалыс және мереке күндері бір кезекші бригада жұмыс істейді.