Ауылдардың дамуы – нақты істер мен жүйелі жұмыстың нәтижесі
Аудан әкімі Ерғали Скендировтің төрағалығымен өткен аппараттық жиында Онды және Отпан ауылдық округтерінде биыл атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер қаралды.
Онды ауылдық округі: абаттандыруға басымдық берілді
4 ойын алаңы жөнделіп, 9 ойын қалашығы мен 4 стрит-воркаут алаңы орнатылды. «Онды бағында» 4 мың түп жеміс ағашы отырғызылып, жалпы ағаш саны 8 мыңнан асты. Басқұдық елді мекені маңындағы Мырзайыр құдығы абаттандырылып, тарихи-мәдени нысандарды туристік бағытқа енгізу қолға алынды. NCOC компаниясының әлеуметтік міндеттемелері аясында Онды ауылында ұзындығы 4,9 шақырым ауылішілік жол салу жұмыстары 90%-ға орындалды. Алдағы жоспар – «Әбіш аллеясын» салу, ескі амбулатория ғимаратында «Әбіш орталығын» ашу және басқа да абаттандыру жобаларын жүзеге асыру.
Отпан ауылдық округі: білім және инфрақұрылым
Тұщыбек ауылындағы мектепке 160 орындық қосымша ғимарат салынып, пайдалануға берілді. Мектеп пен балабақша ғимараттары жөндеуден өтті.
2,5 шақырым жаяу жүргіншілер жолы төселіп, ветеринариялық модульдік пункт іске қосылды. Ауыз су, газ және электр қуатымен қамту көрсеткіші 100%-ға жетті.
№15 Бекет елді мекенінде тұрғын үйлерге су тарту жұмысы басталды, ал салынып жатқан ойын алаңы жақында қолданысқа беріледі.
Жиында ауылдардың өзекті мәселелері талқыланып, аудан әкімі тұрғындар көтерген жол, су, спорт және медицинаға қатысты түйткілдерді кезең-кезеңімен шешуді тапсырды.