Ауданымызда Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіруге бағытталған ақпараттық-түсіндіру кездесулері жалғасуда. Кезекті кездесу Байсерке ауылындағы №28 мектеп-гимназияда өтіп, білім саласының өкілдері мен ұстаздар қауымын жинады.
Жиында ел дамуының басым бағыттары, әлеуметтік қолдау, білім беру сапасы және ұлттық құндылықтарды сақтау мәселелерін талқылады.
Кездесуді Іле аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Мәден Мұсаев модератор ретінде жүргізді.
Алғашқы болып сөз алған Ұлттық Құрылтайдың І шақырылымының депутаты, қоғам қайраткері, ақын, публицист әрі журналист Жанарбек Әшімжанов ұлттық құндылықтар, азаматтық жауапкершілік және жас ұрпақ тәрбиесі жөнінде ой қозғады. Ол қоғамның дамуы мен ел болашағын қалыптастыруда білім мен тәрбиенің маңызына тоқталып, ұстаздар қауымының өскелең ұрпақтың бойына ұлттық сана мен адамгершілік қасиеттерді сіңірудегі рөлін атап өтті.
Ал Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Тұяқбаев әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіру, халықты жұмыспен қамту және азаматтардың әл-ауқатын арттыру бағытындағы мемлекеттік шараларды баяндады. Әсіресе, әлеуметтік көмектің қолдауға мұқтаж азаматтарға бағытталуы, отбасылардың жағдайын бағалау және жәрдемақы алушылардың санаттарын айқындау мәселелеріне кеңінен тоқталды. Сонымен қатар, еңбек нарығындағы өзгерістер мен сұранысқа ие мамандарды даярлаудың маңызын атап өтті.
Сондай-ақ Ұлттық Құрылтайдың І шақырылымының депутаты Мейраш Шынасылова білім беру сапасын арттыру, жас ұрпаққа сапалы білім мен тәрбие беру және жастардың әлеуетін дамыту мәселелерін қозғады. Оның айтуынша, білім саласына жасалған қолдау – елдің ертеңіне бағытталған маңызды инвестиция. Осы ретте ұстаздардың кәсіби біліктілігін арттыру мен білім беру жүйесіндегі мүмкіндіктерді кеңейтудің маңызына назар аударды.
Кездесу барысында Жолдауда белгіленген міндеттердің өңірлер үшін өзектілігі де сөз болды. Қатысушылар мемлекеттік бастамалардың жүзеге асырылуы, әлеуметтік саясаттың басымдықтары мен білім беру саласындағы өзгерістер жөнінде пікір алмасты.
Жиын соңында мектеп мұғалімдері мен білім саласының өкілдері өздерін толғандырған сауалдарын қойып, ұсыныстарын ортаға салды. Республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері сұрақтарға жауап беріп, маңызды мәселелер бойынша түсініктеме берді.
Ашық диалог форматында өткен кездесу Мемлекет басшысының Жолдауында көтерілген міндеттерді кеңінен түсіндіруге және білім саласы өкілдерінің пікір алмасуына мүмкіндік берді.