Ауданымызда Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіруге бағытталған ақпараттық-түсіндіру кездесулері жалғасуда. Кезекті кездесу Байсерке ауылындағы №12 орта мектепте өтіп, ауыл тұрғындарын, білім саласының өкілдері мен белсенді жастарды жинады.
Шарада ел дамуының басым бағыттары, инфрақұрылымды дамыту, әлеуметтік қолдау, салық жүйесін жетілдіру және өңірлердің әлеуетін арттыру мәселелері талқыланды.
Жиынды Іле аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Мәден Мұсаев модератор ретінде жүргізді.
Алғашқы болып сөз алған Ұлттық Құрылтайдың І шақырылымының депутаты, қоғам қайраткері, ақын, публицист әрі журналист Жанарбек Әшімжанов ұлттық құндылықтар, азаматтық жауапкершілік және қоғамның ынтымағын нығайту жөнінде ой қозғады. Ол мемлекеттің өркендеуі тек экономикалық көрсеткіштермен ғана өлшенбейтінін, рухани жаңғыру мен ортақ мүдде жолындағы ауызбіршіліктің маңызын атап өтті.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Тұяқбаев әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіру, халықты жұмыспен қамту және азаматтардың әл-ауқатын арттыру бағытындағы мемлекеттік шараларды баяндады.
Ол әлеуметтік саясаттың негізгі векторларына тоқталып, халықты тұрақты жұмыспен қамту және еңбек нарығының талаптарына сай мамандарды даярлау мәселелерін баса айтты.
Ал Ұлттық Құрылтайдың І шақырылымының депутаты Мейраш Шынасылова адами капиталды дамыту, білім беру сапасын арттыру және жастарға жан-жақты жағдай жасау бағыттарына тоқталды.
Кездесу барысында Жолдауда белгіленген міндеттердің өңірлер мен ауыл тұрғындары үшін өзектілігі де сөз болды. Қатысушылар мемлекеттік бастамалардың жүзеге асырылуы, әлеуметтік нысандардың қолжетімділігі мен кәсіпкерлікті қолдау бағыттары жөнінде пікір алмасты.
Жиын соңында ауыл тұрғындары мен қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, ұсыныстарын ортаға салды. Республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері сұрақтарға жауап беріп, маңызды мәселелер бойынша түсініктеме берді.
Ашық диалог форматында өткен кездесу Мемлекет басшысының Жолдауында көтерілген міндеттерді кеңінен түсіндіруге және тұрғындар мен билік арасындағы кері байланысты нығайтуға мүмкіндік берді.