
📌 2027 жылдан бастап «А» және «В» санатындағы отбасыларға әлеуметтік төлемдерді тағайындау тәртібі өзгереді
Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесінің деректерін ескере отырып, халыққа атаулы әлеуметтік қолдау көрсету тетіктерін жетілдіру мәселесі талқыланды.
Алдағы өзгерістерге байланысты өңір басшысы халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, қабылданатын шешімдердің ашықтығын қамтамасыз етуді тапсырды.
Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ләззат Оразбаеваның айтуынша, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік қолдау көрсетудің жаңа қағидатына көшуді көздеп отыр. Оның негізгі ұстанымы – «Алдымен қажеттілікті анықтау, содан кейін мақсатты көмек».
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап республикалық бюджеттен төленетін жекелеген әлеуметтік төлемдер отбасының мұқтаждық деңгейіне қарай тағайындалады. Бұл деңгей «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесі арқылы анықталады.
«Жүйе отбасылардың әлеуметтік жағдайын 70-тен астам критерий бойынша бағалайды. Олардың қатарында табыс деңгейі, жұмыспен қамтылуы, тұрғын үйінің, жер учаскелері мен көлік құралдарының болуы, кәсіпкерлікпен айналысуы, мал саны және басқа да көрсеткіштер бар. Бағалау нәтижесінде отбасылар әлеуметтік-экономикалық жағдайына қарай бес санатқа бөлінеді. «А» және «В» санатындағы отбасылар негізінен өз жағдайын өз бетінше қамтамасыз етуге қабілетті азаматтар қатарына жатса, «С», «D” және «Е» санатындағы отбасыларға мемлекеттік қолдау толық көлемде сақталады»,
– деп нақтылады Ләззат Оразбаева.
📆 2027 жылдан бастап «А» және «В» санатындағы отбасыларға әлеуметтік төлемнің 14 түрі берілмейді. Олардың қатарында баланың тууына байланысты жәрдемақы, бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне берілетін төлем, көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақы, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлеріне берілетін төлемдер, III топтағы мүгедектігі бар азаматтарға арналған жәрдемақылар бар.
Сондай-ақ асыраушысынан айырылған азаматтардың жекелеген санаттарына және I топтағы мүгедектігі бар адамдар мен мүгедектігі бар балаларға күтім жасайтын азаматтарға төленетін жәрдемақылар да өзгеріске ұшырайды. Бұл өзгерістер қазіргі уақытта төлем алып отырған азаматтарға да, алдағы уақытта жәрдемақы тағайындауға өтініш беретіндерге де қатысты болады.
Баяндамашының айтуынша, ақпараттық жүйе банктердің және басқа да мемлекеттік органдардың деректер базаларымен ықпалдастырылып жатыр. Осыған байланысты аталған санаттарға жататын отбасылардың саны өзгеруі мүмкін. Сонымен қатар eGov порталында азаматтарға өз отбасының санатын алдын ала анықтауға мүмкіндік беретін арнайы калькулятор қолжетімді.
Талқылауды қорытындылаған облыс әкімі Асхат Шахаров алдағы өзгерістердің себептері мен тәртібін халыққа түсінікті тілде жеткізудің маңыздылығын атап өтті.
Оның айтуынша, отбасының табыс деңгейіне байланысты төлемдердің тоқтатылуы нақты әрі түсінікті түсіндіру жұмыстарымен қатар жүруі тиіс. Әрбір азамат өз отбасының неліктен белгілі бір санатқа жатқызылғаны туралы нақты әрі негізделген жауап алуы қажет. Бағалау кезінде жүйеде көзделген барлық көрсеткіш, соның ішінде мүлік, табыс және жұмыспен қамтылу деңгейі ескерілуі керек.
Өңір басшысы жауапты басқармалар мен аудан әкімдіктеріне бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер және халықпен кездесулер арқылы түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Бұл бағыттағы жұмыстар жұмыспен қамту бөлімдерімен бірлесіп жүргізіліп, азаматтармен кері байланыс қамтамасыз етілуі тиіс. Мәселенің әлеуметтік маңыздылығын ескере отырып, берілген тапсырмалардың орындалуы қатаң бақылауға алынды.