
Қазақстанда жыл сайын қазан айының соңғы жексенбісінде Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні атап өтіледі. Бұл – қоғамның көмекке мұқтаж азаматтарына қолдау көрсетіп, олардың өміріне оң өзгерістер әкеліп жүрген жандардың еңбегін бағалайтын ерекше күн.
Бүгінде Ақтөбе облысында әлеуметтік қорғау саласында 2 мыңнан астам маман еңбек етеді. Олардың әрқайсысы адам тағдырына бейжай қарамай, кәсіби біліктілігі мен жүрек жылуын қатар ұштастырып келеді. Себебі әлеуметтік қызметкер болу – жай ғана мамандық емес, үлкен жауапкершілік пен жанашырлықты талап ететін өмірлік ұстаным.
Солардың бірі – Ауыр тұрмыстық жағдайдағы тұлғаларды қайта әлеуметтендіру орталығының әлеуметтік жұмыс жөніндегі маманы Райса Абилтаевна Дармышева. Ол осы мекемеде 23 жылдан бері табанды еңбек етіп, түрлі қиындыққа тап болған азаматтардың қоғамға қайта бейімделуіне және өмірден өз орнын табуына үлес қосып келеді.
«Әр адамға қолдау қажет. Ең бастысы – оның жағдайын түсініп, қиын сәтте жанынан табылу», – дейді Райса Абилтаевна.
Оның айтуынша, орталық белгілі бір тұрғылықты жері жоқ, арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж, сондай-ақ қылмыстық жазасын өтеген, оның ішінде пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарды қайта әлеуметтендіруге бағытталған. Мекеме 65 төсек-орынға арналған, мұнда 54 қызметкер еңбек етеді.
Орталық мамандары қызмет алушыларға медициналық, әлеуметтік, құқықтық және психологиялық көмек көрсетіп, еңбекке баулу мен қоғамға бейімделу бағытында кешенді қолдау ұйымдастырады. Әрбір азаматтың жағдайы жеке қарастырылып, оның әлеуметтік ортаға қайта қосылуына мүмкіндік жасалады.
Осындай жауапты жұмыстың бел ортасында жүрген Райса Абилтаевна үшін ең үлкен жетістік – атқарылған істің нақты нәтижесін көру, бір кездері көмекке мұқтаж болған адамның өмірін жаңадан бастауына куә болу.
«Біздің орталықтың басты мақсаты – көмекке мұқтаж азаматтарға жан-жақты қолдау көрсетіп, олардың қалыпты өмірге қайта оралуына ықпал ету. Әр адамның жағдайына түсіністікпен қарап, қолымыздан келгенше демеу болуға тырысамыз. Олардың алғысын естіп, өмірлеріндегі оң өзгерістерді көру мен үшін үлкен мәртебе. Өз мамандығымды мақтан тұтамын. Жас мамандарға айтарым – қиындықтан қашпай, өздеріне жүктелген міндетті адал атқару керек. Сонда ғана еңбектің нәтижесі болады», – дейді тәжірибелі маман.
Райса Абилтаевнаның көпжылдық еңбегі де елеусіз қалған жоқ. 2019 жылы ол «Үздік әлеуметтік қызметкер» атанып, ведомстволық және кәсіподақ тарапынан марапаттарға ие болды. Әріптестері арасында құрметке бөленіп, кәсіби тәжірибесімен кейінгі буынға үлгі болып келеді.
Әлеуметтік саладағы еңбектің нәтижесі әрдайым сандармен өлшенбейді. Кейде ол – қайта табылған сенім, көрсетілген қамқорлық, өмірге деген жаңарған көзқарас. Осындай игі істердің артында Райса Дармышева секілді өз ісіне адал, жүрегі кең мамандардың күнделікті еңбегі тұр.