
2026 жылғы 21 тамызда Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің өкілі Ахынова Ш.Ы. Ұлытау облысы бойынша Департамент басшылығының қатысуымен медициналық-әлеуметтік сараптама (МӘС) мәселелері бойынша кеңес өткізді.
Кеңес барысында келесі мәселелер қаралды:
мүгедектікті алғашқы рет белгілеудің жоғары көрсеткішіне байланысты проблемалық мәселелер;
2023 жылғы 29 маусымдағы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің № 260 бұйрығымен бекітілген Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларына сәйкес ОМК және МӘС мамандары үшін медициналық-әлеуметтік сараптаманы жүргізу тәртібі бойынша техникалық оқу кестелерін әзірлеу және бекіту;
МӘС әдіснамасы және бақылау бөлімі тарапынан МӘС бөлімдерімен мүгедектікті белгілеудің негізділігіне, мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасына, оның ішінде сырттай-проактивті нысанда көрсетілуіне, сондай-ақ МӘС жүргізу кезінде құжаттар нысандарын толтыру және жүргізу тәртібінің сақталуына бақылауды күшейту;
медициналық ұйымдардың дәрігерлік-консультациялық комиссиялары (ДКК) төрағаларымен азаматтарды МӘС-ке жіберудің негізділігі мен уақтылығы мәселелері бойынша семинар-кеңестер өткізу;
мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру;
мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді көрсету мерзімдерін сақтау;
сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама талаптарын сақтау.
Кеңес қорытындысы бойынша мүгедектікті белгілеу жөніндегі мемлекеттік көрсетілетін қызметті ұсыну кезінде қолданыстағы заңнама талаптарын қатаң сақтау, сондай-ақ қабылданатын шешімдердің сапасы мен негізділігіне бақылауды күшейту қажеттігі атап өтілді.