«БРУЦЕЛЛЕЗДЕН САҚТАНЫҢЫЗ!»
Бруцеллез – ауыр және ұзақ уақытқа созылатын, көбінесе мүгедектікке әкелетін жұқпалы ауру. Адамдарға аурудың жұғу көзі – бруцеллезбен ауырған ірі және ұсаққарамал. Егер үй жануарларыңыздан бруцеллез анықталса, міндетті түрде дәрігерге қаралып, медициналық тексеруден өтіңіз.
Ауыл шаруашылығы жануарлары түсік тастаған және төлдеген кезде аса қауіпті болып табылады, өйткені осы кезеңде қоршаған ортаға инфекция қоздырғышы – бруцеллалардың өте көп мөлшері бөлінеді.
Бруцеллалар сыртқы ортада ұзақ уақыт сақталады. Мысалы, көңде, топырақта, суда және жемшөпте 3–4 айға дейін тіршілік етуі мүмкін. Микробтар адамның ағзасына терідегі микрожарақаттар (сыдырылған жерлер, жаралар, жарықтар), сондай-ақ ауыз, мұрын және көздің шырышты қабаттары арқылы оңай енеді.
Бруцеллез ауруын жұқтыру ауру малды күту, мал сою, ұшаны бөлшектеу, қой қырқу, ауру мал ұсталған қора-жайлардан көң шығару кезінде орын алуы мүмкін.
Көп жағдайда адамдар ауруды шикі сүтті және одан дайындалған сүт өнімдерін тұтыну нәтижесінде жұқтырады. Сондай-ақ бруцеллезбен ауырған жануарлардың жеткілікті термиялық өңдеуден өтпеген еті де аурудың себебі болуы мүмкін. Мұздатылған етте бруцеллалар 3 айға дейін сақталады.
Бруцеллалар адам ағзасына түскеннен кейін ауру әдетте 2–6 аптадан соң басталады. Аурудың алғашқы белгілері: жалпы әлсіздік, дімкәстік, бұлшықеттердің ауыруы, тәбеттің төмендеуі, тершеңдік, дене қызуының 39 градусқа дейін көтерілуі.Біртіндеп ауру белгілері күшейіп, ашушаңдық, ұйқысыздық пайда болады. Бруцеллез кезінде буындар зақымдалады. Буындар ісініп, қозғалыс кезінде ауырады. Сонымен қатар жүйке жүйесі де зақымдалып, қатты ауырсыну сезімдері пайда болады.
Егер Сізде осы аурудың белгілері байқалса, дереу дәрігерге қаралыңыз!
Жануарлар бруцеллезбен ауырған кезде ақсау, буындардың ісінуі, мастит, іш тастау белгілері байқалады. Бұқалар мен қошқарлардың жыныс мүшелері ұлғаяды. Мұндай жағдайларда ветеринариялық дәрігерге жүгіну қажет.
Халық бруцеллез ауруын жұқтырудан сақтануы тиіс.
Біріншіден, ауыл шаруашылығы жануарлары арасында аурудың пайда болуына жол бермеу қажет. Қоғамдық және жеке шаруашылықтардағы ауыл шаруашылығы жануарлары жылына 2 рет бруцеллезге тексерілуі тиіс.
Бруцеллезбен ауырғаны анықталған малды уақытылы союға өткізу қажет. Ауру жануарларды сау жануарлардан оқшаулау керек.
Ауру жануарлардың шуын, бөлінділерін және төсеніштерін өртеп жіберу немесе 1–1,5 метр тереңдікке көму қажет.
Бруцеллезді жұқтыру көбінесе төлдеу және қоздау кезінде орын алатынын ескере отырып, арнайы киімдерді (халат, қолғап, етік) пайдалану және жеке бас гигиенасын сақтау қажет.
Мал ұсталатын орындарда темекі шегуге, тамақ ішуге және демалуға тыйым салынады. Жаңа туған төлдерді үйге кіргізуге болмайды.
Сиырларды бруцеллезге тексеруден өткізгенге дейін тек қайнатылған сүтті ғана тұтыну қажет.Бруцеллезбен ауырған жануарлардың сүтінен сүт өнімдерін (ірімшік, қаймақ, май) дайындауға қатаң тыйым салынады.
Жеке тұлғалардан ет және сүт өнімдерін сатып алған кезде ветеринариялық анықтаманы талап етіңіз. Бруцеллез ауруы адамнан адамға берілмейді.
Ауыл шаруашылығы құрылымдарында жұмыс істейтін малшылар да арнайы киімдердің толық жиынтығымен қамтамасыз етілуі тиіс. Мал шаруашылығы қора-жайларында дезинфекциялық режим сақталып, жеке бас гигиенасын сақтау үшін қажетті тұрмыстық жағдайлар жасалуы қажет. Малшылар бруцеллездің алдын алу бойынша нұсқамадан өтіп, уақытылы бруцеллезге тексерілуі тиіс.
Ауру анықталған адамдар стационарлық жағдайда емдеу курсынан өтіп, одан кейін 2 жыл бойы диспансерлік бақылауда болуы қажет.
«Әуликөл аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы» РММ бас маманы Кабденова Гулмира Рафаэловна