Құрметті СЭҚ қатысушылар!
Кедендік бақылауды жүргізу кезінде мемлекеттік кірістер органдары кедендік бақылау объектілері мен нысандарының таңдалуы қағидатын негізге алады, осы мақсаттар үшін біз тәуекелдерді басқару жүйесін пайдаланамыз.
Мемлекеттік кірістер органдарының ресурстарын тиімді пайдалануды қамтамасыз ету үшін тәуекелдерді басқару жүйесін құру кезінде біз тәуекелдің жоғары деңгейі салаларына назар аудардық.
Сондай-ақ кедендік бақылау нысандарын саралап қолдану мақсатында біз субъект-бағдарланған тәсілді қолданамыз, атап айтқанда, СЭҚ қатысушыларын олардың фискалдық көрсеткіштеріне сүйене отырып, тәуекел деңгейінің төмен, орта және жоғары санаттарына бөлеміз.
Бүгінгі күні қолданыстағы кеден заңнамасына, сондай-ақ жалпы әлемдік практикаға және Дүниежүзілік кеден ұйымының ұсынымдарына сәйкес санаттауда пайдаланылатын тәртіп туралы мәліметтер, өлшемдер құпия ақпарат болып табылады және тек қызмет бабында пайдалану мақсаттары үшін пайдаланылады.
Жалпы алғанда, құпия ақпаратты ашпай-ақ, біз тәуекел деңгейінің төмен санатына мыналарды:
- «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» Кодексінің 80-бабының 7-тармағына сәйкес дипломатиялық өкілдіктерді (елшіліктер, консулдықтар);
- уәкілетті экономикалық операторларды (бұдан әрі – УЭО) – «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» Кодексінің 529-бабының 3-тармағына сәйкес УЭО мәртебесі бар заңды тұлғалар. УЭО тізілімі ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми сайтында орналастырылған;
- ірі салық төлеушілерді - Қазақстан Республикасының салық кодексінің 144-бабына сәйкес уәкілетті орган бекіткен ірі салық төлеушілерді мониторингіне қатысушылардың тізбесіне енгізілген салық төлеушілер;
- инвесторларды – жобалары іске асырылған не іске асырылу сатысында тұрған арнайы экономикалық аймақтарға қатысушыларды, инвестициялық келісімшарттар жасасқан инвесторларды, жобалары Республикалық Индустрияландыру картасына енгізілген инвесторларды, сондай-ақ жобалары үкіметаралық келісімдермен реттелетін инвесторларды жатқызамыз.