2025 жылғы 9–10 желтоқсанда Қазақстанның Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) мамандары Өзбекстан Республикасы Экономика және қаржы министрлігі жанындағы Бюджеттен тыс зейнетақы қорының қызметкерлері үшін онлайн-семинар өткізді. Іс-шараның мақсаты Қазақстанның зейнетақы жүйесімен және оның даму барысымен таныстыру болды.
Онлайн-семинар барысында БЖЗҚ өкілдері өз қызметі туралы ақпарат беріп, жинақтаушы зейнетақы жүйесін енгізудің алғышарттары мен оның қазіргі жай-күйі, Қордың актуарлық қызметі, зейнетақы қызметтерін көрсету форматтары және зейнетақыны жоспарлау мәдениетін дамыту жөнінде таныстырылымдар жасады. Сонымен қатар жеке зейнетақы шоттарын әкімшілендіру, БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы төлемдерінің түрлері, оның ішінде Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше мемлекеттердің еңбекші-мигранттарын зейнетақымен қамсыздандыру туралы келісім аясындағы төлемдер, зейнетақы жинақтарын инвестициялау, негізгі автоматтандырылған ақпараттық жүйелер, деректерді басқару тәсілдері мен киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ Қазақстанның зейнетақы жүйесіндегі цифрлық қызметтерді енгізу мәселелері қарастырылды.
Өзбекстандық мамандар өз еліндегі зейнетақымен қамсыздандыру жүйесі, оның ішінде жүргізіліп жатқан цифрландыру үдерістері мен аумақтық бөлімшелерді алдағы уақытта тарату жоспарлары туралы баяндады. Сондай-ақ олар қазақстандық әріптестерінен алған білімдерінің жоғары практикалық маңызын атап өтіп, бұл тәжірибе болашақта қызметкерлердің кәсіби даярлық деңгейін арттыруға және ұлттық зейнетақы моделін одан әрі жетілдіруде пайдалануға мүмкіндік беретінін жеткізді.
Сондай-ақ тәжірибе алмасу неғұрлым тиімді әрі тұрақты әлеуметтік қорғау жүйесін қалыптастыру жолындағы маңызды қадам екені атап өтілді. Зейнетақымен қамсыздандыру саласын реформалаудағы бірлескен күш-жігер екі елге де өз азаматтарының өмір сүру жағдайларын жақсартып қана қоймай, мемлекеттік институттарға деген сенім деңгейін арттыруға көмектеседі.
БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «МЖЗҚ» жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ базасында құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі болып табылады. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлік басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасының зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын және ерікті зейнетақы жарналарын тартуды жүзеге асырады. Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктеріндегі орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы» заңға сәйкес депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым аударған кепілдік өтемінің талап етілмеген сомасы есебінен қалыптастырылған ерікті зейнетақы жарналарын есепке алып, оларды шоттарға есептейді және зейнетақы төлемдерін қамтамасыз етеді.
Сондай-ақ Қор «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында Қазақстан Республикасы Үкіметі белгілеген тәртіппен нысаналы активтер мен нысаналы талаптарды есепке алуды, нысаналы жинақтарды (НЖ) нысаналы жинақтау шоттарына есепке алуды және аударуды, НЖ алушыларының банктік шоттарына төлеуді, сондай-ақ НЖ қайтарымдарын есепке алуды жүзеге асырады.
Толық ақпаратты БЖЗҚ-ның ресми сайтынан алуға болады.