Әңгіме тақырыбы: «Әріптестер арасындағы қарым-қатынаста жеке шекараны және кәсіби әдепті сақтау»
Құрметті әріптестер!
Бүгін мемлекеттік қызметшілердің кәсіби мәдениетінің маңызды құрамдас бөлігіне — әртүрлі жыныстағы әріптестер арасындағы қарым-қатынасқа, өзара сыйластыққа және жеке шекараны сақтауға назар аударғымыз келеді.
Мемлекеттік қызмет кәсіби, сыйластыққа негізделген және әдепті қарым-қатынасты талап етеді. Әріптестер арасындағы достық қарым-қатынас, әзіл-қалжың және бейресми әңгімелесу өздігінен әдеп бұзушылық болып табылмайды. Алайда мұндай қарым-қатынас жеке шекарадан аспауы, басқа адамға қолайсыздық тудырмауы және оның қадір-қасиетіне нұқсан келтірмеуі тиіс.
Физикалық байланысқа ерекше назар аудару қажет
Адамның өзіне жағымсыз екенін анық немесе жанама түрде білдірген жағдайларда оған қалаусыз қол тигізу немесе физикалық байланыс жасауға жол берілмейді.
Оларға, атап айтқанда:
* қолынан, арқасынан, шашынан сипау;
* иығына, беліне немесе денесінің басқа бөліктеріне қажеттіліксіз және келісімінсіз қол тигізу;
* адамның қаламайтынына қарамастан құшақтау, қолынан ұстау немесе басқа да физикалық байланыс жасау;
* адамға шамадан тыс жақындау арқылы оған қолайсыз немесе интимдік сипаттағы жағдай туғызу жатады.
Маңызды жайт: адамның қарсылық көрсетпеуі оның келісімін білдірмейді. Егер әріптесіңіз кейін шегінсе, әңгімені өзгертуге тырысса, қарым-қатынасты тоқтатуға ұмтылса немесе тікелей «қажет емес» деп айтса, оның бұл өтінішін құрметтеу қажет.
Сөзбен қарым-қатынас жасау кезінде де жеке шекараны сақтау маңызды.
Қызметтік ортада жыныстық сипаттағы сөздер мен пікірлерге, адамның денесіне, сыртқы келбетіне немесе жеке өміріне қатысты орынсыз түсініктемелерге, екіұшты ишараларға, әдепсіз әзілдерге және әріптесті ыңғайсыз жағдайға қалдыратын сөздер мен қаратпаларға жол берілмеуі тиіс.
Мысалы, «Мен жай ғана әзілдедім» деген түсініктеме мұндай әрекеттің орынсыздығын ақтамайды
Адамның ниеті мен оның әрекетін басқа адамның қабылдауы әрдайым бірдей бола бермейді. Сондықтан кәсіби мәдениет әріптестің жеке шекарасын ескеруді талап етеді
Бұл талаптар барлығына бірдей қатысты. Өзара сыйластық барлық қызметшілерге, олардың жынысына, лауазымына, жасына және мәртебесіне қарамастан бірдей қолданылады.
Егер қызметші осындай жағдайға тап болса, мәселені назардан тыс қалдырмаған жөн. Қажет болған жағдайда:
1. өз шекарасын сабырлы әрі нақты түрде білдіру: «Маған мұндай қол тигізу жағымсыз, өтінемін, бұлай жасамаңыз»;
2. жағдай қайталанған жағдайда оның мән-жайларын тіркеп отыру;
3. жағдайдың сипатына қарай тікелей басшыға, әдеп жөніндегі уәкілге немесе тиісті уәкілетті органдарға жүгіну қажет.
Қорытынды
Негізгі қағида өте қарапайым: әрбір қызметші жұмыс орнында өзін қауіпсіз, сыйластық жағдайында және кәсіби ортада сезінуі тиіс.
Ізгі ниетті қарым-қатынас басқа адамның жеке шекарасын бұзуды талап етпейді. Ал қызметтік әдеп қалыпты адамгершілік қарым-қатынас жасауға кедергі болмауы тиіс. Әңгіме — әрбір қызметшінің басқа адамның жеке шекарасын құрметтеуі және кәсіби қарым-қатынас мәдениетін сақтауы туралы.
Назарларыңызға рақмет!