«Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы» КММ қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау нәтижелері туралы аналитикалық анықтама

    Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы

    Алматы қаласы 28 мамыр 2026 жыл

    «Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы» КММ (бұдан әрі-Басқарма) басшысының 2026 жылғы 30 наурыздағы № 02-1-26/105нқ бұйрығы негізінде, Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 18 қарашадағы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңының 8-бабының 5-тармағына, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының 2016 жылғы 19 қазандағы № 12 бұйрығымен бекітілген «Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізудің үлгілік қағидаларына» сәйкес, сондай-ақ Басқарма туралы ережені басшылыққа ала отырып, Басқарманың қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізілді.

    Құрамы: топ жетекшісі - Е.А.Тәжімұрат (Басқарма басшысының орынбасары), топ мүшелері: Г.А.Токкожаева (бухгалтерлік есеп және қаржы бөлімінің басшысы), А.К.Полатбекова (емдеу-профилактикалық қызмет және мониторинг, талдау, цифрландыру және мемлекеттік көрсетілетін қызметтер бөлімінің басшысы), Ж.К.Ахметова (ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің басшысы), Б.Н.Мухамадиева (эпидемиологиялық бақылау бөлімінің басшысы), Э.Қонысбекқызы (әкімшілік-кадр жұмысы бөлімінің басшысы), Н.Д.Нұрлыбеков және Ғ.М.Кулманов (мамандар – статистер).

    Талдау 2025 жылғы сәуірден 2026 жылғы наурызға дейінгі кезеңді қамтыды.

    Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу мерзімі: 2026 жылғы 13 сәуірден 28 мамырға дейін.

    Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау мынадай бағыттар бойынша жүргізілді:

    - нормативтік құқықтық актілердегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау;

    - ұйымдастырушылық-басқарушылық қызметтегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау.

    Талдау жүргізу барысында Басқарманың қызметін реттейтін нормативтік құқықтық актілер (Кодекс, заңдар, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулылары, орталық мемлекеттік органдардың бұйрықтары, Үлгілік қағидалар, Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу жөніндегі әдістемелік ұсынымдар және өзге де НҚА), ішкі құжаттар, тексеру материалдары, жеке және заңды тұлғалардың өтініштері, ашық қолжетімді дереккөздерде жарияланған материалдар және басқа да материалдар пайдаланылды.

    Басқарма Қазақстан Республикасының Алматы қаласының аумағында денсаулық сақтау саласына басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органы болып табылады.

    Басқарма Алматы қаласы әкімдігінің 2022 жылғы 1 маусымдағы № 2/238 қаулысымен бекітілген Ереже (бұдан әрі – Басқарма туралы ереже) негізінде өз қызметін жүзеге асырады.

    Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу барысында төмендегілер анықталды.

    • Басқару қызметіндегі тәуекелдер

    Талдау барысында Басқарма туралы ережені қайта қарау және оған тиісті өзгерістер енгізу қажеттілігі анықталды.

    Атап айтқанда, Басқарма және оның ведомстволарының қарамағындағы ұйымдар тізбесіне «№ 33 қалалық емхана», «№ 35 қалалық емхана», «№ 37 қалалық емхана» ШЖҚ КМК-лары, «Орталық қалалық клиникалық аурухана» (Ережеде «№ 12 орталық қалалық клиникалық аурухана» ретінде көрсетілген), «Балалар фтизиопульмонологиясының оңалту орталығы» (Ережеде «№ 1 балалар туберкулезге қарсы санаторийі» ретінде көрсетілген) енгізілмеген.

    Сонымен қатар, аталған тізбеге «№ 8 қалалық клиникалық аурухана» ЖШС енгізілмеген.

    Бұдан басқа, Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 15 наурызда қабылданған жаңа Конституциясының талаптарына Басқарма туралы ережені сәйкестендіру мақсатында тиісті өзгерістер енгізу қажет.

    Атап айтқанда, Басқарма туралы ереженің 15-тармағының 53) тармақшасындағы «шетелдіктер» сөзін «шетел азаматтары» сөздерімен ауыстыру қажет.

    Ұсынымдар:

    Басқарма туралы ережені заңнама талаптарына сәйкес келтіру, сондай-ақ Басқармаға бағынысты ұйымдардың тізбесін толықтыру.

    Сонымен қатар, Басқарманың құрылымдық бөлімшелері туралы ережелердің жекелеген нормаларында лауазымды тұлғалардың өз қалауы бойынша шешім қабылдау мүмкіндігін туындататын дискрециялық өкілеттіктердің кеңдігіне байланысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталды.

    Басқарманың техникалық бақылау және күрделі жөндеу бөлімінің ережесін зерделеу барысында 7-тармақтың 10) тармақшасына сәйкес бөлімнің функцияларына: «объектілерді жобалау, салу, күрделі жөндеу және реконструкциялау бойынша орындалған жұмыстардың нақты көлемі мен құнын растау» жатқызылғаны анықталды.

    Сонымен бірге, аталған норма дискрециялық өкілеттіктердің кеңдігіне байланысты сыбайлас жемқорлық тәуекелін қамтиды, өйткені жұмыстардың көлемі мен құнын растау өлшемшарттары мен тәртібін, лауазымды тұлғалардың құзырет шектерін, шешім қабылдау тетігі мен негіздерін, сондай-ақ ұсынылған деректердің дұрыстығын бақылау және тексеру нысандарын айқындамайды.

    Нақты регламенттеудің болмауы орындалған жұмыстардың көлемі мен құнын растау кезінде субъективті тәсіл қолдануға жағдай жасайды, бұл көлемдер мен жұмыстар құнының негізсіз расталуына және өзге де сыбайлас жемқорлық көріністеріне әкеп соғуы мүмкін.

    Басқарманың эпидемиологиялық бақылау бөлімі туралы ереженің функцияларында «медициналық ұйымдардың қызметіне тексеру жүргізуді ұйымдастыру» көзделген.

    Аталған норма дискрециялық өкілеттіктердің кеңдігімен сипатталатын сыбайлас жемқорлық факторын қамтиды, өйткені эпидемиологиялық бақылау бөліміне бақылау іс-шараларын жүргізудің нақты құқықтық негіздерін, тәртібі мен шектерін айқындамай, бақылау іс-шараларын бастамашылық ету мүмкіндігін береді.

    Көрсетілген тұжырым құрылымдық бөлімшенің өкілеттіктерін кеңейтілген түрде түсіндіруге және медициналық ұйымдардың қызметіне негізсіз араласуға әкелуі мүмкін.

    Жүзеге асырылатын іс-шаралардың түрлерін нақтылау, сондай-ақ қажет болған жағдайда эпидемиологиялық бақылау бөлімінің бақылау функцияларын жүзеге асыру тәртібін реттейтін тиісті нормативтік құқықтық актілерге сілтеме көздеу ұсынылады.

    Басқарманың әкімшілік-кадр жұмысы бөлімі туралы ереженің 2.3.13 және 2.3.14-тармақтарында дискрециялық өкілеттіктердің кеңдігіне және мүдделер қақтығысының туындау тәуекеліне байланысты сыбайлас жемқорлық факторлары бар.

    Мәселен, Басқарма туралы ережеге сәйкес коммуналдық мемлекеттік кәсіпорынның директорын тағайындау және тиісті бұйрық шығару құқығы Басқарма басшысына бекітілген.

    Алайда бөлім туралы ереженің 2.3.14-тармағында бөлімнің өзі коммуналдық мемлекеттік кәсіпорын директорын тағайындау, сондай-ақ оны аттестаттауды осы бөлімшенің бір мезгілде жүргізу өкілеттіктері көзделген. Бұл өкілеттіктердің шоғырлану, мүдделер қақтығысы тәуекелін туындатады және Басқарма туралы ережеге қайшы келеді.

    Сонымен қатар, бөлім туралы ереженің 2.3.13-тармағында мемлекеттік кәсіпорын директорларының орынбасарларын лауазымға тағайындау және лауазымнан босату, сондай-ақ бас мейіргер мен бас бухгалтер лауазымдарына кандидатураларды келісу көзделген, бұл ретте кандидатураларды келісудің ашық өлшемшарттары және кандидатураларды қабылдамау немесе мақұлдау негіздері белгіленбеген.

    Көрсетілген нормалар заңнама талаптарына қайшы келеді және шешімдерді субъективті қабылдауға және жекелеген адамдарға негізсіз басымдық беруге жағдай жасайды.

    Ұсыным:

    Бөлімдер туралы ережелерді анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін ескере отырып, қолданыстағы заңнамаға сәйкес келтіру.

    КМК жарғыларын зерделеу барысында кәсіпорындардың қызметінің мәні мен мақсаттарына сәйкес келмейтін, оларға тән емес функциялар анықталды.

    Мәселен, «№ 1 қалалық емхана» ШЖҚ КМК Жарғысының 41-тармағында кәсіпорынға құрылтайшының жазбаша келісімімен филиалдар мен өкілдіктер құруға, акциялар мен дебиторлық берешекке билік етуге, кепілдік міндеттемелерін (кепілдіктерді) беруге, сондай-ақ қарыздар беруге құқық көзделген.

    Қарыздар беру, кепілдіктер мен кепілгерліктер беру және дебиторлық берешекке кең көлемде билік ету бөлігіндегі аталған өкілеттіктер медициналық ұйымның негізгі қызметінің шегінен шығады және денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын қызметінің мақсаттарына сәйкес келмейді.

    Экономикалық-құқықтық мазмұны бойынша аталған өкілеттіктер қаржы ұйымдарына тән қаржы-кредит қызметінің элементтеріне жатады және тиісті құқықтық мәртебесі мен қаржы ұйымының лицензиясы жоқ денсаулық сақтау субъектісі жүзеге асыра алмайды.

    Аталған нормалардың болуы мынадай тәуекелдерді туындатады:

    - қаражатты, оның ішінде үлестес тұлғаларға қарыз беру арқылы мақсатсыз пайдалану;

    - кепілгерлік пен кепілдіктер беру арқылы үшінші тұлғаларды жасырын қаржыландыру;

    - дебиторлық берешекті негізсіз есептен шығару немесе беру;

    - мемлекеттік қаражатты қаржылық операциялар түрінде шығару мүмкіндігі.

    Аталған тәуекелдердің жүйелілігін бағынысты ұйымдардың іс жүзінде барлық жарғыларында ұқсас нормалардың болуы дәлелдейді.

    Ұсыным:

    Кәсіпорындардың жарғыларын Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңнамасына сәйкес келтіру.

    • Жарғылық құзырет шегінен тыс қызметті жүзеге асыру тәуекелі

    Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңының 134-бабының 2-тармағына сәйкес шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген салаларда, сондай-ақ құрылу кезінде айқындалған және жарғыда бекітілген қызмет мақсаттарына сәйкес қана қызметті жүзеге асыруға құқылы.

    Демек, ақылы медициналық қызметтер көрсету қызметтің осы түрі кәсіпорынның жарғысында тікелей бекітілген жағдайда ғана жол беріледі.

    Сонымен бірге, кәсіпорындардың көпшілігінің жарғыларында ақылы медициналық қызметтер көрсету жөніндегі қызметті жүзеге асыруға тікелей сілтеме жоқ.

    Жарғыда ақылы медициналық қызметтер көрсетуге тікелей сілтеменің болмауы кәсіпорынның белгіленген құзырет шегінен тыс қызметті жүзеге асыруын көрсетуі мүмкін. Бұл ретте кәсіпорын басшылығына ақылы қызметтердің көлемін, түрлерін және көрсету тәртібін құрылтайшы тарапынан тиісті нормативтік реттеу мен бақылаусыз өз бетінше айқындауға мүмкіндік туындайды.

    Сонымен қатар, КМК жарғысында ақылы медициналық қызметтер көрсету құқығының тікелей көзделмеуі мынадай құқықтық белгісіздік пен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін туындатады:

    - заңсыз кірістер алу;

    - қаржылық ағындардың ашық болмауы;

    - өкілеттіктерді теріс пайдалану;

    - мемлекеттік мүлікті мақсатсыз пайдалану.

    Сонымен бірге, Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңының 134-бабының 2-тармағына сәйкес кәсіпорындар өз жарғыларында көзделген мақсаттар мен қызмет түрлерінің шегінде ғана қызметті жүзеге асыруға құқылы.

    Осыған байланысты кәсіпорын ақылы медициналық қызметтерді, егер қызметтің осы түрі оның жарғысында тікелей көзделмесе, көрсетуге құқылы емес.

    Анықтама үшін: кәсіпорынның жарғысында көзделмеген қызметтерді көрсету заңсыз кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру ретінде саралануы мүмкін, ал алынған кірістер заңнамада белгіленген тәртіппен бюджетке өндіріп алынуға жатады.

    Осылайша, қызметті жарғылық құзырет шегінен тыс жүзеге асыру елеулі құқықтық және сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне әкеп соғады.

    Ұсыным:

    Кәсіпорындардың жарғыларын Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңнамасына сәйкес келтіріп, оларда ақылы медициналық қызметтер көрсету бойынша қызмет түрлерін көздеу.

    • Қызметтер құнын негізсіз көтеру тәуекелі

    Қолданыстағы заңнамада, оның ішінде Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексінде, «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңында, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 29 қазандағы № ҚР ДСМ-170/2020 бұйрығымен бекітілген Денсаулық сақтау субъектілерінің ақылы қызметтер көрсету қағидаларында (бұдан әрі – Қағидалар) шаруашылық жүргізу құқығындағы ведомстволық коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындар көрсететін ақылы медициналық қызметтердің құнын қалыптастыруға қойылатын бірыңғай әдістемелік талаптар көзделмеген.

    Қағидаларда ақылы медициналық қызметтер көрсету тәртібі мен шарттың нысаны реттелген, алайда қызметтердің өзіндік құнын есептеудің бірыңғай тетігін, шығындардың құрылымын, сондай-ақ прейскуранттарды қалыптастыру және бекіту тәртібін айқындайтын нормалар жоқ.

    Талдау көрсеткендей, бір өңірдің КМК-ларында (Алматы қаласының аумағында) көрсетілетін қызметтердің көлемі мен сипаты бірдей болған кезде консультациялар мен әртүрлі зерттеулердің құны айтарлықтай ерекшеленеді, бұл жекелеген қызметтердің құнының объективті экономикалық негіздемесінің жоқтығын көрсетуі мүмкін.

    Мысалы, ашық дереккөздерде (КМК сайттарында) жарияланған баға прейскуранттарына сәйкес невропатолог дәрігердің қабылдау құны:

    - «№ 7 ҚЕ» КМК-да – 7 000 теңге;

    - «№ 1 ҚЕ» КМК-да – 5 100 теңге;

    - «№ 2 ҚЕ» КМК-да – 2 000 теңге.

    Басқа жағдайда кардиолог дәрігердің консультация құны:

    - «№ 7 ҚЕ» КМК-да – 15 000 теңге;

    - «№ 3 ҚЕ» КМК-да – 5 000 теңге.

    Ұқсас жағдай диагностикалық зерттеулер бойынша да байқалады.

    Мысалы, КМК-ларда «диагностикалық флюорография (2 проекция)» қызметінің құны:

    - № 14 ҚЕ-де – 4 000 теңге;

    - № 1 ҚЕ-де – 3 300 теңге;

    - № 5 ҚЕ-де – 2 530 теңге;

    - № 18 ҚЕ-де – 2 000 теңге.

    Бейінді мамандардың (медицина ғылымдарының докторлары мен кандидаттарын қоса алғанда) консультацияларының прейскуранттары, сондай-ақ басқа да ұқсас қызметтер бойынша құн бірнеше есеге өзгеріп отырады.

    Көрсетілген жағдайлар медициналық қызметтердің құнына медициналық көмекті көрсетуге тікелей байланысты емес негізсіз шығыстарды енгізу тәуекелдерін көрсетуі мүмкін, бұл өз кезегінде:

    - бірдей медициналық қызметтердің құнының біркелкі қалыптаспауына;

    - медициналық көмекке тең қолжетімділік қағидатының шектелуіне;

    - КМК таңдауына байланысты пациенттердің қаржылық жүктемесінің артуына әкеледі.

    Көрсетілген нормативтік белгісіздік КМК-ларға медициналық қызметтердің құнын дербес және ашық емес түрде қалыптастыруға жағдай жасайды.

    Қалыптасқан тәжірибе баға белгілеудің ашықтығын төмендетеді, ақылы қызметтер көрсетуді мемлекеттік реттеудің тиімділігін шектейді және халыққа ақылы медициналық көмектің қолжетімділігіне, әсіресе халықтың әлеуметтік осал санаттарына теріс әсер етуі мүмкін.

    • Пациенттерден заңсыз төлемдер талап ету тәуекелі

    Қағидалардың 5-тармағында ақылы қызметтердің түрлері мен оларға арналған бағалар прейскуранты халықтың назарына, оның ішінде денсаулық сақтау субъектілерінің интернет-ресурстарында жалпыға бірдей қолжетімді жерлерде көрнекі ақпарат орналастыру арқылы жеткізілетіні белгіленген.

    Алайда жекелеген КМК-лардың (№№ 9, 12, 13, 17 және т.б. қалалық емханалар) интернет-ресурстарында аталған талаптар сақталмайды, бұл пациенттердің медициналық қызметтердің құны туралы толық және дұрыс ақпарат алу құқығын шектейді, сондай-ақ қоғамдық бақылауды жүзеге асыруды қиындатады.

    Мысалы, №№ 9, 12, 13, 17 қалалық емханалардың сайттарында көрсетілетін ақылы қызметтердің түрлері мен баға прейскуранттары туралы мәліметтер жоқ.

    Талдау барысында «Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығы» ШЖҚ КМК-да және «Тері-венерологиялық диспансер» ШЖҚ КМК-да ақылы қызметтерге арналған баға прейскуранттары медициналық ұйымдардың үй-жайларында тікелей орналастырылмағаны да анықталды.

    Көрсетілген жағдайлар, сондай-ақ халықтың жеткіліксіз ақпараттандырылуы пациенттердің:

    - бекітілген прейскурантта көзделмеген бағалар бойынша;

    - ресми ақылы қызметтер тізбесінде көзделмеген қосымша төлемдер үшін (мысалы, «шұғылдық», «шығыс материалдары» және өзге де қызметтер үшін) ақы төлеу тәуекелдерін туындатады.

    Қағидалардың 7-тармағында ақылы медициналық қызметтер ақылы медициналық қызметтерді (көмекті) көрсету туралы үлгілік шарт нысаны негізінде көрсетілетіні белгіленген.

    Сонымен бірге, КМК-лардың көпшілігінде тиісті шарттар жасасу туралы талап тиісінше сақталмайды.

    Ұқсас тәжірибе басқа да бірқатар бағынысты ұйымдарда байқалады.

    Көрсетілген жағдайлар ақылы медициналық қызметтер көрсету нәтижесінде түсетін ақшалай қаражаттың тиісінше есепке алынбау тәуекелдерін туындатады, бұл кейіннен кәсіпорынның кассалық есебін айналып өтіп, ақшалай қаражатты айналымнан шығаруға байланысты бұзушылықтардың жасалуына ықпал етуі мүмкін.

    Ұсынымдар:

    Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің № ҚР ДСМ-170/2020 бұйрығына мынадай бөліктерде өзгерістер енгізуді бастамашылық ету:

    - ақылы медициналық қызметтердің прейскуранттарын қалыптастыруға бірыңғай әдістемелік талаптарды бекіту;

    - өзіндік құнды есептеудің және шығындар құрылымын қалыптастырудың бірыңғай тәртібін айқындау;

    - ақылы медициналық қызметтердің құнының негізділігіне бақылауды күшейту;

    - баға прейскуранттарын халық үшін қолжетімді орындарда және медициналық ұйымдардың интернет-ресурстарында міндетті түрде орналастыруды қамтамасыз ету.

    • Екі және одан да көп медициналық ұйымда бір мезгілде жұмыс істейтін адамдарды жұмысқа қабылдау кезіндегі тәуекелдер

    Талдау барысында медициналық ұйымдарда бір мезгілде бірнеше ұйыммен еңбек қатынастарында тұрған адамдардың еңбек қызметін жүзеге асыру фактілері анықталды.

    Мәселен, С.Г.Пак № 24 қалалық емханада, И.Жәкенова атындағы қалалық клиникалық инфекциялық ауруханада және қалалық кардиологиялық орталықта заңгер ретінде қызмет атқарады. Сонымен қатар аталған ұйымдарда ол Байқау кеңесінің хатшысы лауазымын да атқарады.

    Бұдан басқа, С.Г.Пак № 1 қалалық перзентханада, Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығында және № 4 қалалық клиникалық ауруханада комплаенс-офицер болып табылады.

    Басқа жағдайда А.Т.Кожанов № 10 қалалық емханада және № 2 қалалық перинаталдық орталықта заңгер болып жұмыс істейді, сондай-ақ соңғы ұйымда Байқау кеңесінің хатшысы лауазымын атқарады.

    Р.Р.Мусаканова № 7, № 8 және № 13 қалалық емханаларда заңгер болып табылады, сондай-ақ аталған ұйымдарда Байқау кеңесінің хатшысы функцияларын орындайды.

    Сол сияқты, А.А.Ханаров № 14 қалалық емханада заңгер болып жұмыс істейді және бір мезгілде осы ұйымда Байқау кеңесінің хатшысы ретінде қызмет атқарады. Сонымен қатар, ол № 19 қалалық емханада және қалалық патологиялық-анатомиялық бюрода комплаенс-офицер болып табылады.

    Н.А.Семейская Психикалық денсаулық орталығында және № 5 қалалық клиникалық ауруханада заңгер болып табылады, онда сондай-ақ Байқау кеңесінің хатшысы лауазымын атқарады. Бұдан басқа, № 17 қалалық емханада ол комплаенс-офицер ретінде қызмет атқарады.

    Бірнеше медициналық ұйымда бір мезгілде жұмыс істейтін басқа да адамдардың болуы жоққа шығарылмайды.

    Сонымен бірге, Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 68-бабының 3-тармағына сәйкес негізгі жұмыс орны және қоса атқаратын жұмысы бойынша күнделікті жұмыстың жиынтық ұзақтығы күнделікті жұмыс уақытының белгіленген нормасынан 4 сағаттан артық аспауға тиіс. Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 71-бабының 4-тармағына сәйкес күнделікті жұмыстың қалыпты ұзақтығы 8 сағатты құрайды.

    Жоғарыда баяндалғандарды ескере отырып, үш және одан да көп ұйымда бір мезгілде жұмыс істеу еңбек міндеттерін орындау тиімділігіне теріс әсер етуі және лауазымдық міндеттерді формалды немесе тиісінше орындамау тәуекелдерін туындатуы мүмкін. Бұл ретте бір жұмыс күні ішінде бірнеше медициналық ұйымда физикалық тұрғыдан бір мезгілде болу және еңбек функцияларын толық орындау қиын деп пайымдауға болады.

    Бұдан басқа, бірнеше жұмыс берушінің болуы мүдделер қақтығысына, құпия ақпараттың таралу тәуекелдеріне, сондай-ақ ішкі бақылау және комплаенс рәсімдері талаптарының бұзылуына әкелуі мүмкін.

    Көрсетілген жағдайлар заңгер және комплаенс-офицер лауазымдарын атқаратын адамдардың еңбек міндеттерін тиісінше орындамау тәуекелдерінің бар екенін көрсетеді. Атап айтқанда, жекелеген кәсіпорындарда осы уақытқа дейін жарғылар өзектендірілмеген және тиісті өзгерістер енгізілмеген, ал сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау формалды түрде жүргізіледі және қойылатын талаптарға толық сәйкес келмейді.

    Ұсынымдар:

    Басқармаға бірнеше ұйымда бір мезгілде еңбек қатынастарында тұрған адамдарды анықтау бөлігінде еңбек заңнамасы талаптарының сақталуына мониторинг жүргізу, кейіннен тиісті ұйымдастырушылық-кадрлық шаралар қабылдау қажет.

    Сондай-ақ Басқармамен келісу арқылы заңгерлер және Байқау кеңестерінің хатшылары лауазымдарына қабылданатын кандидатураларды келісу мәселесін қарастыру орынды.

    Қосымша жалақыны негізсіз төлеу фактілерінің және «өлі жандар» деп аталатын адамдардың болуын болдырмау тұрғысынан тексеру жүргізу ұсынылады.

    • Мемлекеттік медициналық ұйымдардағы зертханалық зерттеулер қызметіндегі тәуекелдер

    Алматы қаласының мемлекеттік медициналық ұйымдарының зертханалық-диагностикалық қызметінің талдауы барысында Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнама талаптарының жүйелі бұзушылықтары анықталды, олар елеулі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін, зертханалық зерттеулердің дұрыстығына, эпидемиологиялық қауіпсіздікке және медициналық ұйымдардың құқықтық тұрақтылығына қауіп төндіреді.

    Бірқатар мемлекеттік медициналық ұйымдарда зертханалық функциялар мемлекеттік мүлікті жалдау шарттарын және кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемі (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі шеңберінде медициналық қызметтерді бірлесіп орындау шарттарын жасасу арқылы іс жүзінде жеке субъектілерге берілгені анықталды.

    Мәселен, зертханалық қызметті ОҚКА-да - «Medical Advance» ЖШС, ҚЖКЖА-да – «MLabExpert» ЖШС, № 14 ҚЕ-де - «Емдеу орталығы «Grannus» ЖШС, № 1 ҚКА-да – «Медицина 100+» ЖШС, № 4 ҚКА-да – «Sanguis» ЖШС жүзеге асырады.

    Үй-жайларды беру Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 17 наурыздағы № 212 бұйрығына сәйкес Алматы қаласының «Мемлекеттік активтер басқармасы» КММ арқылы мемлекеттік мүлікті жалға беру шарттары негізінде жүзеге асырылған.

    Бұл ретте көрсетілген медициналық ұйымдарда меншікті мемлекеттік клиникалық-диагностикалық зертханалар іс жүзінде жұмыс істемейді.

    Сонымен бірге жүргізілген талдау зертханалық зерттеулердің сапасын басқарудың бірыңғай жүйесінің, орталықтандырылған ведомстволық бақылаудың, сондай-ақ зертханалық ақпараттық жүйелерге (ЗАЖ), әсіресе жеке зертханалар пайдаланатын жүйелерге қойылатын бірыңғай техникалық талаптардың жоқтығын көрсетті.

    Бұдан басқа, жеке зертханалардың экономикалық тұрғыдан тиімсіз, бірақ пациенттің түсініксіз жағдайларын саралау диагностикасы және дәрігердің диагноз қоюы үшін маңызды зерттеулерді жүргізуден бас тарту тәуекелдері бар.

    Мысал: COVID-19 пандемиясы кезеңінде Қарағанды облысында жекелеген жеке зертханалар қымбат COVID-19-ға ПТР талдауына шоғырланып, стандартты, арзан зерттеулерді жүргізуден бас тартқан.

    Сондай-ақ жақында ОҚКА-да жеке зертхананың этанолға зерттеу жүргізуді ресми хабарламай тоқтатқаны, бұл туралы тек WhatsApp мессенджері арқылы хабарлаған жағдайды мысал ретінде келтіруге болады. Бұл ретте ОҚКА – тәулік бойы жол-көлік оқиғаларынан кейін, әртүрлі жарақаттармен, уланулармен және сана бұзылыстарымен пациенттер түсетін көпбейінді аурухана. Мұндай жағдайларда диагностиканың уақытылы жүргізілмеуі ауыр салдарға әкелуі мүмкін.

    Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 14 желтоқсандағы № 257 «Зертханалық диагностиканы ұйымдастыру стандартын бекіту туралы» бұйрығының талаптары, оның ішінде зертханаішілік сапаны бақылауды ұйымдастыру бөлігінде жүйелі түрде орындалмайтыны анықталды.

    Атап айтқанда, әрбір аналит бойынша бақылау материалы өлшеу нәтижелерін күнделікті тексеру жүргізілмейді, Вестгард ережелерін қолдана отырып, бақылау карталары негізінде аналитикалық жүйелердің тұрақтылығына жедел мониторинг жүргізілмейді, бақылау карталары жүргізілмейді, сапаның статистикалық көрсеткіштерін, оның ішінде орташа мәнді, стандартты ауытқуды, вариация коэффициентін (CV10,20) және салыстырмалы ығысуды (B10,20) автоматтандырылған есептеу қамтамасыз етілмейді, сондай-ақ зертханаішілік сапаны бақылау нәтижелерін электрондық мұрағаттау қамтамасыз етілмеген.

    Көрсетілген жағдайлар зертханаларды цифрландырудың формалды сипатта екенін көрсетеді, бұл ретте ЗАЖ нәтижелерді тіркеу және беру жүйесі ретінде ғана пайдаланылады, ал сапаны бақылау және статистикалық талдау функциялары орындалмайды.

    Анықталған бұзушылықтар тұрақты сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін туындатады.

    Бірінші кезекте, мүдделер қақтығысының тәуекелі бар, өйткені жеке зертханалар мемлекеттік медициналық ұйымдардың инфрақұрылымында мемлекеттік мүлікті пайдалана отырып қызмет жүзеге асырады және сонымен қатар ТМККК және МӘМС шеңберінде ӘМСҚ қаражатын игеруге қатысады.

    Көрсетілген модель тәуелді шарттық қатынастарды қалыптастыруға, бәсекелестік ортаны шектеуге, жекелеген коммерциялық құрылымдардың мүдделерін лоббилеуге, қаржыландыру көлемдерін ашық емес бөлуге және үлестес өзара іс-қимылдың болуына жағдай жасайды.

    Бұдан басқа, зертханалық зерттеулер сапасының тиісті бақылауының болмауы зерттеу нәтижелерінің дұрыстығы расталмаған жағдайда ӘМСҚ қаражатын негізсіз жұмсау тәуекелін туындатады.

    Бұл зертханалық қызметтерді тиісінше орындалмаған немесе іс жүзінде расталмаған күйде төлеуге, зерттеулер көлемін жасанды түрде ұлғайтуға, бюджет қаражатын формалды игеруге және зертханалық диагностикадағы ақауларды жасыруға алғышарттар жасайды.

    Сонымен қатар, анықталған бұзушылықтар зертханалық қызметке мемлекеттік бақылаудың іс жүзінде жоғалғанын көрсетеді.

    Негізгі диагностикалық функцияларды тиісті ведомстволық және операциялық бақылаусыз жеке субъектілерге беру зертханалық қамтамасыз етудің аралас, орталықтандырылмаған моделінің қалыптасуына алып келді, бұл ретте зерттеулердің сапасын объективті бағалау және зертханалық диагностиканың бірыңғай стандарттарын қамтамасыз ету мүмкіндігі жоқ.

    Бақылау карталарының, статистикалық есептеулердің және зертханаішілік сапаны бақылау деректерін мұрағаттаудың болмауы жүйелі қателерді жасыру, зерттеу нәтижелерін бұрмалау және бұрын берілген зертханалық қорытындылардың дұрыстығын растау мүмкін еместігіне байланысты қосымша сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін туындатады.

    Көрсетілген жағдайлар медициналық ұйымдардың құқықтық тұрақтылығына қауіп төндіреді және орын алған бұзушылықтар үшін жауапкершіліктен жалтару тәуекелін арттырады.

    Анықталған бұзушылықтар халықтың эпидемиологиялық қауіпсіздігіне де тікелей әсер етеді, өйткені зертханаішілік сапаны толыққанды бақылаудың болмауы әлеуметтік маңызы бар ауруларға, оның ішінде вирустық гепатиттерге қатысты жалған оң және жалған теріс нәтижелердің берілу ықтималдығын арттырады, бұл ауруларды уақтылы анықтамауға, инфекциялардың таралуына және азаматтардың өмірі мен денсаулығына зиян келтіруге әкелуі мүмкін.

    Анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің жүйелі себептері зертханалық қызметті орталықтандырылған басқарудың болмауы, цифрландырудың формалды түрде енгізілуі, мамандардың даярлық деңгейінің жеткіліксіздігі, ЗАЖ-ға қойылатын бірыңғай талаптардың болмауы, тиімді мемлекеттік бақылаусыз зертханалық функцияны коммерцияландыру, сондай-ақ мемлекеттік орталықтандырылған зертханалардың рөлінің төмендеуі болып табылады.

    Бұдан басқа, 2025 жылғы Алматы қаласының денсаулық сақтау жүйесінің қызметінің қорытындылары бойынша 2026 жылғы 13 ақпандағы алқа отырысының шешімінде мониторинг пен тексеру нәтижелері бойынша міндеттемелерін тиісінше орындамаған, негізгі индикаторларды сақтамаған және бюджет қаражатын игермеген медициналық қызметтер берушілермен шарттарды бұзуды қоса алғанда, шаралар қабылдау қажеттігі көрсетілгенін атап өткен жөн.

    Осылайша, Алматы қаласының мемлекеттік медициналық ұйымдарында зертханалық зерттеулерді ұйымдастырудың қалыптасқан жүйесі мемлекеттік мүлікті пайдалануға, ӘМСҚ қаражатын бөлуге, зертханалық зерттеулер сапасын ашық бақылаудың болмауына және тиісті қадағалаусыз мемлекеттік функциялардың жеке субъектілерге іс жүзінде берілуіне байланысты елеулі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін қамтиды.

    Анықталған бұзушылықтар жүйелі сипатқа ие, денсаулық сақтау саласындағы қауіпсіздік мәселелерін қозғайды және шұғыл кешенді ұйымдастырушылық және басқарушылық шараларды, оның ішінде аудит жүргізуді, жоспардан тыс тексерулер өткізуді, қолданыстағы шарттық қатынастардың заңдылығын бағалауды, зертханалық зерттеулер сапасын басқарудың бірыңғай орталықтандырылған жүйесін енгізуді және мемлекеттік бақылауды күшейтуді талап етеді.

    Ұсынымдар:

    1. Алматы қаласының мемлекеттік медициналық ұйымдарының зертханалық-диагностикалық қызметінің қызметіне кешенді ведомстволық аудит жүргізу, оның барысында:зертханалық функцияларды жеке субъектілерге берудің заңдылығын;мемлекеттік мүлікті пайдаланудың тиімділігін;денсаулық сақтау саласындағы және мемлекеттік сатып алу саласындағы заңнама талаптарының сақталуын;ТМККК және МӘМС шеңберінде зертханалық қызметтерді қаржыландырудың негізділігін бағалау.
    2. Мемлекеттік медициналық ұйымдар мен зертханаларда Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 14 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-257/2020 «Зертханалық диагностиканы ұйымдастыру стандартын бекіту туралы» бұйрығының талаптарын сақтау мәселесі бойынша тексерулер ұйымдастыру.
    3. Жеке зертханалармен жасалған мемлекеттік мүлікті жалдау шарттарына және медициналық қызметтерді бірлесіп орындау шарттарына: мүдделер қақтығысының болуы; сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулердің сақталуы; үлестестік белгілерінің болуы; адал бәсекелестік пен ашықтық қағидаттарына сәйкестігі тұрғысынан құқықтық бағалау жүргізу.
    • Персоналды басқару қызметіндегі тәуекелдер

    Басқарманың штат санының лимиті 35 бірлікті, нақты саны – 27 қызметкерді құрайды. Бос лауазымдар саны 8 бірлікті құрайды, оның ішінде 6 – тұрақты, 2 – уақытша.

    Басқарманың құрылымында 8 бөлім жұмыс істейді. Қазіргі уақытта бөлім басшыларының екі лауазымы бойынша бос әкімшілік мемлекеттік лауазымдарға орналасуға конкурс өткізілуде.

    2026 жылы Басқарманың 6 мемлекеттік қызметшісі тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Бұл жағдай жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау мерзімдерінің сақталуын бақылаудың жеткіліксіздігін, сондай-ақ өтініштерді қарау саласындағы заңнама талаптарын тиісінше орындамау тәуекелдерінің бар екенін көрсетеді.

    Бос және уақытша бос әкімшілік мемлекеттік лауазымдарға кандидаттарды іріктеуді Алматы қаласы әкімінің Аппараты жанындағы Бірыңғай конкурстық комиссия қолданыстағы заңнамада белгіленген тәртіппен жүзеге асырады.

    Анықталған тәуекелдер:

    - жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау мерзімдерін сақтамау тәуекелі;

    - атқарушылық тәртіпке ішкі бақылаудың жеткіліксіздігіне байланысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдері.

    Ұсынымдар:

    «Е-Өтініш» ақпараттық жүйесі арқылы өтініштерді қарау мерзімдерінің сақталуына ішкі бақылауды күшейту;

    Мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы заңнаманы сақтау мәселелері бойынша оқыту семинарларын, дәрістер мен практикалық сабақтарды ұйымдастыру.

    Сонымен қатар, талдау жүргізу барысында Басқарма қызметінде мүдделер қақтығысына байланысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталған жоқ.

    Басқарма мемлекеттік қызметтер көрсетпейді.

    ҚОРЫТЫНДЫ

    Басқарма қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау Басқарманың қызметін реттейтін нормативтік құқықтық актілерде, сондай-ақ ұйымдастырушылық-басқарушылық қызметте жоюды немесе барынша азайтуды талап ететін сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің бар екенін көрсетті.

    Анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою жөніндегі жалпы ұсынымдар:

    1. Ішкі талдау барысында анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша шаралар қабылдау және Басқарманың құзыреті шегінде жауапты тұлғаларды айқындау.
    2. Ақылы медициналық қызметтер көрсету кезінде кәсіпорындардың қызметіндегі ұйымдастырушылық-құқықтық және өзге де шараларды қабылдау жөніндегі жұмысты күшейту.
    3. Аналитикалық анықтама негізінде бағынысты ұйымдарға тиісті тапсырмалар жолдау.
    4. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау нәтижелері бойынша жауапты орындаушыларды бекіте отырып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеу және бекіту.
    5. Жұмыс тобы аналитикалық анықтамаға қол қойылған күннен бастап 6 ай ішінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау нәтижелері бойынша ұсынымдардың орындалуына мониторинг пен бағалауды жүзеге асырсын.
    Жүктеу
    Аналитическая справка о результатах внутреннего анализа коррупционных рисков в деятельности КГУ «Управление общественного здравоохранения города Алматы»
    Аналитическая справка о результатах внутреннего анализа коррупционных рисков в деятельности КГУ «Управление общественного здравоохранения города Алматы»
    DOCX · 45 КБ
    Жүктеу
    План мероприятий
    План мероприятий
    PDF · 20 МБ
    Жүктеу

    Ұқсас материалдар

    Ақпарат

    Әңгімелесуге жіберілген кандидаттардың тізімі және әңгімелесуді өткізу кестесі

    Әңгімелесуге жіберілген кандидаттардың тізімі және әңгімелесуді өткізу кестесі

    Ақпарат

    Бос лауазымға арналған конкурс

    Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының ШЖҚ «Тері-венерологиялық диспансер» КМК директоры лауазымына конкурстық іріктеу өткізу туралы ХАБАРЛАНДЫРУ Алматықаласы14.08.2026ж. Алматы қ. ҚДБ ШЖҚ «Тері-венерологи...

    Ақпарат

    Әңгімелесуге жіберілген кандидаттардың тізімі және әңгімелесуді өткізу кестесі

    Әңгімелесуге жіберілген кандидаттардың тізімі және әңгімелесуді өткізу кестесі

    Ақпарат

    Бос лауазымға арналған конкурс

    Алматы қ. ҚДБ ШЖҚ «№13 Қалалық емханасы» КМК байқау кеңесі директор лауазымына іріктеу бойынша конкурс жариялайды. Конкурсты өткізу мерзімдері: Конкурсқа қатысуға ниет білдірген тұлғалардан құжаттарды қабылдаудың соңғы м...

    Ақпарат

    Бос лауазымға арналған конкурс

    Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының шаруашылық жүргізу құқығындағы «Жоғары медициналық колледжі» КМК байқау кеңесі директор лауазымына іріктеу бойынша конкурс жариялайды. Конкурсты өткізу мерзімдері: Ко...

    Ақпарат

    Бос лауазымға арналған конкурс

    Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының ШЖҚ «№11 Қалалық емхана» КМК директоры лауазымына конкурстық іріктеу өткізу туралы ХАБАРЛАНДЫРУ Алматықаласы28.07.2026ж. Алматы қ. ҚДБ ШЖҚ «№11 Қалалық емханасы» КМК...

    Хабарландыру

    Коммерциялық ұсынысты ұсыну туралы сұрау салу

    Барлықмүдделіәлеуеттіжеткізушілерге «Алматы қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Басқарма) қосымшада көрсетілген нозологиялар бойынша 2027 жылға арналған дәрілік з...

    Ақпарат

    Әңгімелесуге жіберілген кандидаттардың тізімі және әңгімелесуді өткізу кестесі

    Әңгімелесуге жіберілген кандидаттардың тізімі және әңгімелесуді өткізу кестесі