
Нұра ауданында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша Ашық есік күні өтті
2026 жылғы 28 тамызда «Нұра ауданы әкімінің аппараты» ММ ғимаратында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және қоғамда сыбайлас жемқорлық көріністеріне «мүлдем төзбеушілік» қағидатын қалыптастыру аясында Ашық есік күні өткізілді.
Іс-шара барысында аудан тұрғындары өздерін қызықтырған түрлі сұрақтармен жүгініп, аудан әкімі аппаратының қызметкерлерінен тиісті түсіндірмелер алды.
Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Азаматтарға пара беру мен пара алудың теріс салдары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жауапкершілік түсіндірілді.
Сонымен қатар, лауазымды тұлғалар тарапынан пара талап ету жағдайларында қандай әрекеттер жасау қажеттігі және уәкілетті мемлекеттік органдарға жүгіну тәртібі туралы ақпарат берілді.
Осындай іс-шараларды өткізу халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға, парасаттылық қағидаттарын нығайтуға және қоғамда сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрінісіне төзбеушілік көзқарасын қалыптастыруға бағытталған.