Қазақстан Республикасына шетелдік жұмыс күшін тартуға квота белгілеу және оны облыстар, республикалық маңызы бар қалалар мен астана арасында бөлу тәртібі Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің – Премьер-Министрдің орынбасарының 2023 жылғы 30 маусымдағы № 274 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасына шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квотаны белгілеу және облыстар, республикалық маңызы бар қалалар, астана арасында бөлу қағидаларымен ( бұдан әрі – Қағидалар) реттеледі.
Қағидаларға сәйкес шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квота жұмыс берушілерге Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметін жүзеге асыру үшін тартуға рұқсат етілген шетелдік қызметкерлердің шекті жоғары саны болып табылады.
Қағидалардың 6-тармағына сәйкес жұмыс берушілер жыл сайын 1 қазанға дейін шетелдік жұмыскерлердің еңбек қызметін жүзеге асыруы көзделетін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарына Қағидаларға 1-қосымшада көзделген нысан бойынша шетелдік жұмыс күшін тартуға өтінімдер ұсынады.
Қағидалардың 8-тармағына сәйкес жергілікті атқарушы органдар 15 қазаннан кешіктірмей шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квотаны қалыптастыру жөніндегі комиссияның қарауына Қағидалардың 7-тармағының талаптарын ескере отырып жинақталған жұмыс берушілердің шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған өтінімді шығарады.