№ |
Сұрақтар |
Жауаптар |
1 |
Егер ЖШС камералдық бақылау туралы хабарламаға түсіндірме ұсынса, бұл хабарламаны орындау болып санала ма? |
Салық кодексінің 137-бабының 4-тармағына сәйкес камералдық бақылау нәтижелері бойынша хабарламаны орындау деп мыналар танылады: 1. салық төлеуші хабарламада көрсетілген алшақтықтармен келіскен жағдайда – анықталған бұзушылықтарды жою; 2. хабарламада көрсетілген алшақтықтармен келіспеген жағдайда – осындай алшақтықтар бойынша түсініктемелер мен растаушы құжаттарды ұсыну. Осыған байланысты, ЖШС-нің камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған алшақтықтар туралы хабарлама бойынша белгіленген мерзімде түсініктеме ұсынуы аталған хабарламаның орындалуы болып есептеледі. |
2 |
Мен пәтерді жалға бергім келеді, өзін-өзі жұмыспен қамтыған ретінде жұмыс істей аламын ба? |
Иә, болады. Тұрғын үйді, пәтерді жалға беретін жеке тұлғалар 2026 жылдан бастап өзін-өзі жұмыспен қамтығандар режимін қолдана алады. Жеке кәсіпкерлікке тіркелу міндетті емес. |
3 |
Техникалық ақаулар туындаған жағдайда салық төлеушілерге қандай да бір жауапкершілік шаралары қолданылады ма? |
Ақпараттық жүйелерді әзірлеушілермен бірлесіп жасалатын қателіктер хаттамасы бар және жүйенің кінәсі шынымен дәлелденген техникалық проблемалар бойынша салық төлеушіні қандай да бір жауаптылыққа тарту жағдайы толықтай жоққа шығарылады. |
4 |
Тауарлар шығарылғаннан кейін кеден органы тексеру жүргізіп, бұзушылықтарды анықтады. Кедендік өкіл жауаптылыққа тартылуға жата ма? |
Кедендік өкіл тауарларды сенімсіз кедендік декларациялағаны үшін (мысалы, тауарлар, таңдалған кедендік рәсім, кедендік құн немесе тауарлардың шығарылған елі туралы сенімсіз мәліметтер беру не кедендік төлемдерді, салықтарды төлеуден босатуға немесе кедендік төлемдердің, салықтардың, арнайы, демпингке қарсы, өтемақыждарының мөлшерін төмендетуге негіз беретін не оларды төлеу жөніндегі міндеттемені орындамауға немесе тиісінше орындамауға әкеп соғатын өзге де сенімсіз мәліметтерді мәлімдеу) өзінің кінәсінен жіберілген, егер бұл әрекетте қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаса, Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексіне сәйкес жауаптылықта болады. Сонымен бірге, кедендік өкіл Қазақстан Республикасының «ҚР Кедендік реттеу туралы» Кодексінің (бұдан әрі – ҚР КК) 150-бабының 3-тармағында көзделген жағдайларда және бұзушылықтар декларанттың кінәсінен жасалған кезде (мысалы, декларант жарамсыз құжаттарды, оның ішінде жасанды және (немесе) көрінеу сенімсіз (жалған) мәліметтері бар құжаттарды ұсынғанда) жауаптылыққа тартылмайды. Қосымша ретінде, кедендік өкіл декларанттың атынан кедендік операцияларды жасаған жағдайда, ҚР КК 494-бабының 5-тармағының 1)-7) тармақшаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, мұндай декларантпен бірге кедендік баждарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақыждарды төлеу бойынша ортақ (солидарлық) міндеттемеде болады. |
5 |
Енді салық органы салықтық тексеруді қандай негіздер бойынша тағайындайды? |
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап салықтық тексерулерді жоспарлы және жоспардан тыс деп бөлу жойылды. Енді бірыңғай ұғым – салықтық тексеру қолданылады, ал оны тағайындау тек Салық кодексінде көзделген негіздер бойынша ғана жүзеге асырылады. Негізгі негіз салықтық тәуекелдерді талдау, салық төлеушілер мен мемлекеттік органдардан алынатын мәліметтер, камералдық бақылау материалдары, салықтық бақылаудың басқа да нысандарының нәтижелері бойынша немесе Салық кодексінде тікелей көзделген өзге де негіздер болған кезде қабылданатын салық органының шешімі болып табылады. Бұл ретте тексерулердің жария жоспарлары бұдан былай қалыптастырылмайды және жарияланбайды. |
6 |
Салық органы алдын ала хабарламастан немесе камералдық бақылау жүргізбестен салықтық тексеру тағайындай ала ма? |
Иә, тағайындай алады. Жаңа Салық кодексі әрбір салықтық тексерудің алдында міндетті түрде камералдық бақылау жүргізуді белгілемейді. Егер тексеру тағайындау үшін заңда көзделген негіздер (мысалы, салықтық тәуекелдерді талдау нәтижелері, құқық қорғау органдарының материалдары немесе Салық кодексінде көзделген өзге де негіздер) болса, салық органы камералдық бақылау нәтижелері бойынша алдын ала хабарлама жібермей-ақ салықтық тексеру жүргізу туралы нұсқама шығаруға құқылы. Бұл ретте атап өткен жөн, аяқталған салықтық тексерулердің статистикасы кешенді салықтық тексерулердің 60%-дан астамы салық төлеушілердің өздерінің бастамасымен жүргізілетін тексерулерге (КТС, ҚҚС қайтаруға, кәсіпкерлік қызметті тоқтатуға арналған салықтық өтініштер және т.б.) тиесілі екенін көрсетеді. |
7 |
Заңды тұлғаны қайта ұйымдастыру кезінде салықтық тексеру жүргізу міндетті ме? |
Иә. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап тәртіп өзгерді. Егер бұған дейін қайта ұйымдастырудың өзі (бірігу, қосылу, бөліну, бөлініп шығу) салықтық тексеру жүргізу үшін дербес негіз болмаса, жаңа Салық кодексі қайта ұйымдастыру кезіндегі салықтық міндеттемелерді орындау салықтық әкімшілендіру арқылы жүзеге асырылатынын көздейді. Бұл ретте қайта ұйымдастыруға тиісті салықтық әкімшілендіру іс-шаралары аяқталғаннан кейін ғана жол беріледі: - оңайлатылған тәртіпті қолданған кезде – камералдық бақылау жүргізу арқылы; -қалған жағдайларда – салықтық тексеру жүргізу арқылы. Осылайша, салық төлеуші қызметін тоқтатудың немесе қайта ұйымдастырудың оңайлатылған тәртібіне жатпайтын жағдайларда салықтық тексеру қайта ұйымдастыру рәсімінің құрамдас бөлігіне айналды. Бұл өзгерістердің мақсаты – салықтық міндеттемелерді орындаудан жалтару және негізсіз салықтық артықшылықтарды, соның ішінде ҚҚС бойынша алу үшін қайта ұйымдастыруды пайдалануды болдырмау болып табылады. |
8 |
Нөлдік ставка бойынша салық салынатын айналым мақсатында пайдаланылған ауыл шаруашылығы өнімі, балық өсіру немесе кәсіпшілік балық аулау өнімі бойынша есепке жатқызылатын қосылған құн салығының сомасына түзету неше пайызға жүргізіледі? |
Салық кодексінің 484-бабының 5-тармағына сәйкес, есепке жатқызылатын ҚҚС сомасын түзетуді экспорттаушы есепке жатқызылатын ҚҚС сомасының 80 пайызын азайту арқылы жүзеге асырады. Қосымша хабарлаймыз, 2026 жылғы 18 маусымдағы жаңа Салық кодексін енгізу жөніндегі Жобалық кеңсенің отырысында Салық кодексіне осы норманы алып тастауды көздейтін түзетулер енгізуге бастамашылық жасау туралы шешім қабылданды. |
9 |
Мен оңайлатылған режимде жұмыс істеймін, 2 қызметкерім бар, мен 200-салық есептілігі нысанын (СЕН) тапсыруым керек пе? |
Иә. 2026 жылдан бастап оңайлатылған декларация негізіндегі арнайы салық режимін қолданатын салық төлеушілер тоқсан сайын 200.00-салық есептілігі нысанында өз қызметкерлері туралы мәліметтерді көрсетуге міндетті. Сонымен қатар, қазіргі уақытта Салық төлеушінің кабинетінде жаңа сервис әзірленуде. Онда қызметкердің тек ЖСН-ін және есептелген жалақы сомасын көрсету жеткілікті болады. Сервис қызметкердің жалақысынан ұсталатын салықтар мен әлеуметтік төлемдерді автоматты түрде есептейді. Салық төлеушіге тек төлем жасау батырмасын басу ғана қалады. Осы сервисті пайдаланған жағдайда, 200.00-салық есептілігі нысанын ұсыну талап етілмейді. |
10 |
Банк ұйымдарынан мәліметтер алғаннан кейін салық органдары қандай әрекеттер жасайды? |
Мәліметтерді алғаннан кейінгі салық органының әрекеттері: Екінші деңгейдегі банктерден мәліметтер алғаннан кейін мемлекеттік кірістер органдары іс-шараларды екі кезеңде жүзеге асырады: - бірінші кезең – салық төлеушіні ақпараттандыру; - екінші кезең – бақылау шаралары. І. Салық төлеушіні ақпараттандыру жеке тұлғаның қатарынан күнтізбелік үш айдың әрқайсысында кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға арналмаған банктік шотына 100 және одан көп әртүрлі тұлғалардан ақшалай қаражат алғаны, көрсетілген кезеңдегі түсімдер сомасы ең төменгі жалақының (ЕТЖ) 12 еселенген мөлшерінен асқандығы туралы «Салық төлеушінің кабинетіне» ақпараттық хабарлама жіберуден тұрады. Егер тұлға жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген болса немесе өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін арнайы салық режимін қолданатын жеке тұлға болса, онда алынған табысты 2026 жылға арналған «Табыстар мен мүлік туралы декларацияда» (270.00-СЕН) 2027 жылғы 1 қаңтардан 15 қыркүйекке дейінгі мерзімде көрсету және 2027 жылғы 25 қыркүйекке дейін жеке табыс салығын төлеу қажет. Егер тұлға жеке кәсіпкер болса, онда алынған табысты келесі салық есептілігінде көрсету қажет: - жалпыға бірдей белгіленген режимді қолданатындар үшін 2026 жылға арналған «Кәсіпкерлік қызмет бойынша жеке табыс салығы жөніндегі декларацияда» (220.00-СЕН) 2027 жылғы 1 қаңтардан 31 наурызға дейін көрсетіп, 2027 жылғы 10 сәуірге дейін жеке табыс салығын төлеу қажет; - оңайлатылған декларация негізінде арнайы салық режимін қолданатындар үшін 2026 жылдың бірінші жартыжылдығына арналған «Оңайлатылған декларация негізінде арнайы салық режимін қолданатын салық төлеушілерге арналған декларацияда» (910.00-СЕН) 2026 жылғы 1 шілдеден 15 тамызға дейін көрсетіп, 2026 жылғы 25 тамызға дейін жеке табыс салығын төлеу қажет. Салық төлеушіні ақпараттандыру жауап беруді талап етпейді. ІІ. Бақылау шаралары салық органдарының ұсынылған салық есептілігі нысандарын зерделеу және талдау негізінде камералдық бақылау жүргізуін қамтиды. Камералдық бақылау нәтижелері бойынша алшақтықтар анықталған жағдайда, Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 137-бабына сәйкес салық төлеушіге камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған алшақтықтар туралы хабарлама жіберіледі. Хабарламаны салық төлеуші ол табыс етілген күннен кейінгі күннен бастап 30 жұмыс күні ішінде орындайды. Хабарламаның орындалуы деп мыналар танылады: -анықталған алшақтықтармен келіскен жағдайда – салық есептілігін ұсыну; -анықталған алшақтықтармен келіспеген жағдайда – түсініктеме ұсыну. Осылайша, камералдық бақылау хабарламалары Салық кодексіне сәйкес жоғарыда көрсетілген мерзімдерде ұсынылған декларацияларда алшақтықтар анықталған жағдайда жіберіледі. |
11 |
Алып қою коэффициентінің төмен болуы салықтық тексеру тағайындауға негіз бола ала ма? |
Төмен алу коэффициентінің өзі ғана тексеру тағайындау немесе ҚҚС қайтарудан бас тарту үшін сөзсіз негіз болып табылмайды. Алайда, ол кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты салықтық тәуекелді азайту бойынша шараларды қолдану кезінде тәуекелдерді басқару жүйесі пайдаланатын тәуекел индикаторларының бірі болып табылады. Атап өту керек, ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап Салық кодексінің тексерулерді тағайындау кезінде осы көрсеткішті міндетті түрде қолдануды көздейтін нормалары күшіне енді, атап айтқанда, салық төлеушіде алу коэффициенті оның жоғарғы көрсеткішінің кемінде 90 пайызын құрайтын салық кезеңдері үшін кешенді тексерулер тағайындалмайды. |
12 |
Мен такси қызметін көрсетемін және қосымша шаштараз қызметімен айналысуды жоспарлап отырмын. Мен екі қызмет түрін жүзеге асыра отырып, өзін-өзі жұмыспен қамту режимінде тіркеле аламын ба? |
Иә, тіркеле аласыз. Сіз жүзеге асыратын қызмет түрлері өзін-өзі жұмыспен қамту режимін қолданатын тұлғалар үшін рұқсат етілген қызмет түрлерінің тізбесіне кіреді. |
13 |
Мен жеке кәсіпкер ретінде тіркелгенмін және оңайлатылған декларация негізінде арнайы салық режимін қолданамын. Мен қандай шегерімдерді қолдана аламын? |
Егер сіздің күнтізбелік жылдағы табысыңыз 24 000 АЕК-тен (2026 жылы 103 800 000 теңге) асатын болса, сіз еңбекақы төлеу қоры бойынша шығыстарды шегерімдерге жатқызуға құқылысыз. |
14 |
Егер менің атыма бірнеше пәтер, үй тіркелген болса, маған «сән-салтанат» салығы салына ма? |
Егер «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ ұсынған мәліметтер бойынша 2026 жылға (2026 жылдан бастап енгізіледі) жеке тұлғалардың мүлік салығы салынатын объектілерінің жиынтық құны шекті мөлшерден, яғни 450 млн теңгеден асатын болса, онда мұндай жеке тұлғаға 2027 жылы 2026 жылға арналған мүлік салығы бойынша жоғарылатылған мөлшерде міндеттеме ұсынылады (2 946 600 + 450,0 млн теңгеден асатын сомадан 2%). Мұндай міндеттеме объектілердің санына қарамастан ұсынылады. |
15 |
Өтелмеген салық берешегі болған жағдайда шетелге шығуды шектеу мүмкін бе? |
Бұл норма 2026 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді. Бұл ретте Қазақстан Республикасынан тыс жерге шығуға шектеу, егер шекті мөлшерден асатын сомадағы салық берешегі үш айдан астам уақыт бойы өтелмесе қолданылады. |
16 |
Тауарлық-материалдық қорларды есептен шығару кезінде ҚҚС түзетілуге жата ма? |
Егер тауарлық-материалдық қорлар олардың бүлінуіне, жоғалуына байланысты немесе салық салынатын айналымға жатпайтын мақсаттарда есептен шығарылса, бұрын есепке жатқызылған ҚҚС сомасы түзетілуге жатады. Егер есептен шығару табиғи кему нормалары шегінде немесе Салық кодексінде көзделген өзге де жағдайларда жүзеге асырылса, ҚҚС түзетуі жүргізілмеуі мүмкін. Бұл ретте есептен шығару себептері тиісті құжаттармен расталуы тиіс. Сілтеме: Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 480-бабы және есепке жатқызылатын ҚҚС сомаларын түзетуді реттейтін нормалар. |
17 |
ЕАЭО-дан тауарларды импорттау кезінде төленген ҚҚС-ты қай салық кезеңінде және қандай шарттармен есепке жатқызуға болады? |
Салық кодексінің 481-бабы 2-тармағының 2) тармақшасына сәйкес, есепке жатқызылатын қосылған құн салығы бюджетке төлем жүзеге асырылған күн сәйкес келетін салық кезеңінде, оның ішінде Салық кодексінің 122 және 123-баптарында белгіленген тәртіппен есепке жатқызу жүргізу арқылы ескеріледі, бірақ ЕАЭО-ға мүше мемлекеттің аумағынан тауарларды импорттау кезінде осындай салық есептелген Салық кодексінің 530-бабының 6-тармағында белгіленген салық кезеңінен кейінгі айдың 20-күнінен ерте емес ескеріледі. Осылайша, ЕАЭО елдерінен импортқа ҚҚС төлей отырып тауарды импорттаған жағдайда, есепке жатқызылатын ҚҚС бюджетке төлем жүргізілген күн сәйкес келетін салық кезеңінде, бірақ осындай салық есептелген Салық кодексінің 530-бабының 6-тармағында белгіленген салық кезеңінен кейінгі айдың 20-күнінен ерте емес ескеріледі. |
18 |
Салық органы бизнесті бөлшектеу фактісін анықтау кезінде қандай объективті критерийлерді басшылыққа алады? |
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Салық кодексіне қаржы-шаруашылық қызмет туралы мәліметтерді бұрмалаумен, бизнесті жасанды түрде бөлшектеумен және негізсіз салықтық пайда алумен байланысты схемалардың жолын кесуге, сондай-ақ адал бәсекелестік принципін қамтамасыз етуге бағытталған өзгерістер күшіне енді. Осыған байланысты, Салық кодексінің 30-бабы «Салық төлеушінің (салық агентінің) адалдық принципі» қаржы-шаруашылық қызмет фактілері туралы мәліметтерді бұрмалауға, салықтық пайда (салықты үнемдеу) алу және салық төлемдерін азайту мақсатында бизнесті бөлшектеуге бағытталған әрекеттерді жасауға тыйым салатын нормамен толықтырылды. |
19 |
Егер қаржылық жағдай қарызды біржолата өтеуге мүмкіндік бермесе, салық төлеу бойынша кейінге қалдыруды (бөліп төлеуді) алуға бола ма? |
Жаңа Салық кодексінде, егер салық берешегінің сомасы 1 500 АЕК-тен (6 487 500 теңге) аспаса, мүлікті кепілге қоймай және банктік кепілдіксіз салықтарды төлеуді кейінге қалдыруға (бөліп төлеуге) болатындығы көзделген. Бұл ретте салық органының міндетті сипаттағы барлық хабарламалары орындалуы тиіс. |
20 |
Кедендік әкімшілендіруде жасанды интеллект технологияларын пайдалану мүмкіндігі қарастырылып жатыр ма? |
Жалпы, Комитет кедендік және салықтық әкімшілендіру қызметтерінің процестеріне ЖИ-ді енгізу бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. «Keden» ақпараттық жүйесінде Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасы (бұдан әрі – СЭҚ ТН) кодын таңдау бойынша цифрлық көмекші іске асырылды. Бұл сервис пайдаланушыға тауардың атауын немесе сипаттамасын енгізуге мүмкіндік береді, содан кейін жүйе автоматты түрде интеллектуалды іздеуді жүзеге асырады және тиісті атаулары бар ең қолайлы СЭҚ ТН кодтарын ұсынады. Бұл функционалды енгізу тауарларды жіктеу сапасын арттыруға, кедендік декларациялау кезіндегі қателіктер санын азайтуға және сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар үшін СЭҚ ТН кодын анықтау рәсімін жеңілдетуге ықпал етеді. Сонымен қатар, жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып, ұсынылған құжаттар негізінде алдын ала ақпаратты автоматты түрде алдын ала толтыру функционалы тестілеуден өткізілуде. Бұл механизмді іске асыру мәліметтерді өңдеу уақытын қысқартуға, адам факторының әсерін барынша азайтуға және кедендік құжаттарды дайындау сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып, инспекциялық-тексеру кешендерінің (ИТК) рентгендік бейнелерін талдау жүйесін сынақтан өткізу басталды. Жүйе рентген суреттеріндегі объектілер мен тауарларды автоматты түрде тануды қамтамасыз етеді, талдаудың алдын ала нәтижелерін және тексерілетін жүктердің мазмұны туралы болжамдарды қалыптастырады. Аталған шешімді енгізу рентгендік бейнелерді өңдеу жылдамдығын айтарлықтай арттыруға, суреттерді талдауды жүзеге асыратын лауазымды тұлғаларға түсетін жүктемені азайтуға, сондай-ақ шешім қабылдау кезінде талдауды қолдаудың қосымша деңгейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бейнелерді талдау кезінде ЖИ-ді пайдалану кедендік бақылаудың тиімділігін арттыруға, әлеуетті маңызды объектілерді жіберіп алу ықтималдығын төмендетуге, сондай-ақ кедендік тексеруді неғұрлым объективті, ашық және сапалы жүргізуді қамтамасыз етуге ықпал етеді. |
21 |
Менде 2026 жылдың 3 ай кезеңінде СЕН 328.00 АЖНА (ИСНА) жүйесінде өткізілмей (разноска) жатыр, не істеуім керек? |
МКД ақпараттық жүйелерінде 328.00 салық есептілігі нысанын қабылдау және өңдеу бөлігінде жұмыстар жүргізілді. 328.00-СЕН-ді өткізу және сторнылау штаттық режимде жүзеге асырылады. Сондай-ақ, бұрын ұсынылғанның орнына 328.00-СЕН-ді қабылдау тұрақты жұмыс істейді. Қажет болған жағдайда бұрын ұсынылғанның орнына 328.00-СЕН-ді қайта ұсыну мүмкіндігі бар. Техникалық проблемаларды анықтау үшін МКД-ге қателіктің өзекті скриншоттарын ұсына отырып немесе АЖНА СТК (КНП ИСНА) функционалы: «Қолдау – Кері байланыс» бөлімі арқылы Қолдау қызметіне жүгіну арқылы нүктелі тексеру жүргізу қажет. Өтінішке жауап пайдаланушы профилінде көрсетілген электрондық пошта мекенжайына жіберіледі. Бұдан басқа, өтінішті АЖНА СТК Қолдау қызметінің электрондық мекенжайына жіберуге болады: [email protected]. |
22 |
Камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтар туралы хабарламалар бойынша толық ақпарат (шифрды ашу) сұрадым. |
Камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтар туралы 3 хабарландыру бойынша толық мәліметтерді (шифрды ашу) жіберу туралы тапсырма берілді. |
23 |
Неліктен адал салық төлеуші екінші және одан кейінгі деңгейдегі өнім берушілердің әрекеттері үшін салықтық зардаптарды шегуі керек? |
Жаңа Салық кодексінің нормаларына сәйкес, ҚҚС асып кетуін қайтарудан бас тарту тек тікелей өнім берушілерде салықтық тәуекелдер болған кезде ғана мүмкін болады, олар бойынша ЭСФ жазып беру шектелген, олар Қылмыстық кодекстің 216 және 245-баптары бойынша қылмыстық істер бойынша өтеді және оларда салықтық міндеттемелерді азайтудың тікелей белгілері бар. Бұл ретте бақылау шеңберінде тексеру барысында анықталған барлық тәуекелдерді тексеру қажет. Осылайша, ҚҚС асып кетуін қайтару қағидаларының 43-тармағына сәйкес, МКД өнім берушілердің салық төлеуден жалтару схемаларын қолдануы нәтижесінде салықтық міндеттемелерін азайтуы анықталған өнім берушілерді анықтау және олар бойынша қарсы тексерулер жүргізу мақсатында экспорттаушының өнім берушілерінің бүкіл тізбегі бойынша «Өнім берушілер бойынша пирамида» есебін қалыптастырады. |
24 |
Жаңа салық кодексіне сәйкес заңды тұлғалардың мүлкін бағалау 3 жылда 1 рет жүргізілуі тиіс. Сонымен бірге, Түркістан қаласы бойынша МКБ мүлікті қайта бағалау туралы хабарландыру жіберді. Қандай позицияны ұстану керек екенін түсіндіруді сұраймын. |
Иә, жаңа Салық кодексінде мүлік салығы бойынша салық базасын анықтау мақсатында жылжымайтын мүлікті міндетті түрде қайта бағалауды 3 жылда кемінде 1 рет жүргізу көзделген. Бұл ретте бұл норма 2026 жылдан бастап енгізілгендіктен, алғашқы міндетті қайта бағалау 2028 жылдың соңына дейін жүргізілуі тиіс. Сонымен қатар, негізгі құралдардың есебін әділ құн әдісімен жүргізетін салық төлеушілерде қайта бағаланған құнды ескеру міндеттемесі бухгалтерлік есепте көзделген. Ал жылдық орташа теңгерімдік құн түріндегі салық базасы дәл бухгалтерлік есеп деректері бойынша анықталады. Бұл норма жаңа емес, ол әрқашан қолданыста болған. Тиісінше, егер негізгі құралдардың есебі осындай әдіс бойынша жүргізілсе және қайта бағалау жасалған болса, онда ол бухгалтерлік есепте ескерілуі тиіс және бұл салық базасына, сәйкесінше, мүлік салығының сомасына әсер етеді. |
25 |
Қазақстан Республикасы Үкіметі бекіткен тізбеге енгізілген дәрілік заттарды өткізу кезінде ҚҚС-тан босатуды қолдану тәртібін түсіндіруді сұраймыз. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 474-бабының 28) тармақшасына және 479-бабы 1-тармағының 17) тармақшасына сәйкес, ҚҚС-тан босату мұндай дәрілік заттарды өткізудің барлық кезеңдеріндегі өткізу бойынша айналымдарға қолданылатынын растауды сұраймыз. |
Салық кодексінің 503-бабына сәйкес, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап ҚҚС ставкасы 16 пайызды құрайды. 5 пайыз мөлшеріндегі төмендетілген ставка (2027 жылғы 1 қаңтардан бастап – 10 пайыз) дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды, медициналық бұйымдардың жиынтықтауыштарын және техникалық қосымша (компенсаторлық) құралдарды өткізу және импорттау бойынша салық салынатын айналымға қолданылады. Мұндай тауарлардың тізбесі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 31 желтоқсандағы № 1204 қаулысымен бекітілген. Сонымен бірге, Салық кодексінің 474-бабының 28) тармақшасына және 479-бабы 1-тармағының 17) тармақшасына сәйкес, орфандық және әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеуге арналған дәрілік заттарды, сондай-ақ тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберіндегі медициналық қызметтерді (оның ішінде кешен құрамында көрсетілетіндерді) өткізу және импорттау бойынша айналымдар ҚҚС-тан босатылады. Салық кодексінің 474-бабының 28) тармақшасында және 479-бабы 1-тармағының 17) тармақшасында көрсетілген дәрілік заттар мен медициналық қызметтердің тізбесі, сондай-ақ оларды импорттау кезінде ҚҚС-тан босатуды қолдану тәртібі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 31 желтоқсандағы № 1203 қаулысымен бекітілген. Өз кезегінде, ҚҚС-тан босату тауардың бекітілген Тізбеге сәйкес келуі және аталған салықтық жеңілдікті қолдануды реттейтін заңнама талаптарының, соның ішінде оларды импорттау кезінде ҚҚС-тан босатуды қолдану тәртібінің сақталуы шартымен соңғы тұтынушыға дейін тауарларды өткізудің барлық кезеңдерінде (импорт – көтерме сауда – бөлшек сауда) қолданылады. |
2026 жылғы 08 шілдеде Шымкент қаласының тұрғындарымен өткен кездесудегі сұрақтар мен жауаптар
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі
Ұқсас материалдар
«ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Ақмола облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті» РММ бойынша аудиторлық іс-шараның қорытындылары туралы ақпарат
«ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Ақмола облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті» РММ бойынша аудиторлық іс-шараның қорытындылары туралы ақпарат
«ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті» РММ бойынша аудиторлық іс-шараның қорытындылары туралы ақпарат
«ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті» РММ бойынша аудиторлық іс-шараның қорытындылары туралы ақпарат
ҚР ҚМ МКК Төрағасы Ж.Ж. Дүйсембиевтің 15.06.2026 ж. Шығыс Қазақстан облысының тұрғындарымен кездесуіндегі салық төлеушілердің сұрақтары мен ұсыныстары
ҚР ҚМ МКК Төрағасы Ж.Ж. Дүйсембиевтің 15.06.2026 ж. Шығыс Қазақстан облысының тұрғындарымен кездесуіндегі салық төлеушілердің сұрақтары мен ұсыныстары
Банкроттық және оңалту бойынша сұрақтар-жауаптар
№ СҰРАҚ ЖАУАП 1 Оңалту рәсімінің немесе банкроттық рәсімінің жүргізілу барысы туралы ақпараттық хабарламаларды, ағымдағы ақпаратты және кредиторлар талаптарының тізілімін электрондық түрде қалай тапсыруға болады? Ақпарат...
Шығыс Қазақстан облысының тұрғындарымен өткізілген кездесу бойынша есебі
№ р/с Кездесу өткізілген күн, уақыты және орны (толық) Хабарламалар мен анонстарды жариялау арқылы халықты құлақтандыру (ОМО бағалау шеңберінде, міндетті түрде анонс болуы тиіс) есепте сілтемелерді көрсету қажет Кездесу...
2026 жылғы 7 сәуірде Қостанай облысы тұрғындарымен өткен кездесуде айтылған сұрақтар мен жауаптар
2026 жылғы 7 сәуірде Қостанай облысы тұрғындарымен өткен кездесуде айтылған сұрақтар мен жауаптар