№ |
СҰРАҚ |
ЖАУАП |
1 |
Оңалту рәсімінің немесе банкроттық рәсімінің жүргізілу барысы туралы ақпараттық хабарламаларды, ағымдағы ақпаратты және кредиторлар талаптарының тізілімін электрондық түрде қалай тапсыруға болады? |
Ақпараттық хабарламаларды, оңалту рәсімінің немесе банкроттық рәсімінің жүргізілу барысы туралы ағымдағы ақпаратты, сондай-ақ кредиторлар талаптарының тізілімін электрондық түрде ұсыну үшін оңалту немесе банкроттық рәсімдерінің әкімшісінің ЭЦҚ кілтін пайдалана отырып, СӘИЖ Салық төлеушінің кабинетінде (бұдан әрі – СӘИЖ СТК) келесі сілтеме арқылы авторлану қажет:
СӘИЖ Салық төлеушінің кабинеті
Одан кейін жоғарыда аталған құжаттарды тапсыру функционалы қарастырылған «ОжБ» профилін таңдау қажет.
СӘИЖ СТК жаңа бағдарламалық өнім болғандықтан, Комитет салық төлеушілерге практикалық және әдістемелік қолдаудың келесі түрлерін ұсынады:
Қолдау қызметі телефондары: 8 (7172) 73-55-11, +7 (705) 956-53-71; СӘИЖ СТК-дағы «Қолдау – Кері байланыс» бөлімі арқылы тікелей өтініш жолдау мүмкіндігі. Жауап профильде көрсетілген электрондық пошта мекенжайына жіберіледі. |
2 |
Мемлекеттік кірістер органдарының талап арызы бойынша банкрот деп танылған борышкердің банкроттықты басқарушысының әкімшілік шығыстарын кім өтейді? |
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары – Қаржы министрінің 2020 жылғы 23 сәуірдегі №413 бұйрығымен бекітілген уақытша және банкроттықты басқарушыларға негізгі сыйақы төлеу, сондай-ақ өзге әкімшілік шығыстарды өтеу қағидаларының 2-тармағына сәйкес кредитор болып салықтар мен кедендік төлемдер бойынша кредиторлар, мемлекеттік органдар, мемлекеттік мекемелер, мемлекеттік кәсіпорындар, сондай-ақ дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталдағы қатысу үлесінің) елу және одан да көп пайызы мемлекетке тиесілі заңды тұлғалар танылады.
Төлем кредитор тарапынан банкроттық рәсімінің аяқталуы туралы заңды күшіне енген сот ұйғарымы негізінде, заңды тұлғаның таратылғаны туралы мәліметтерді мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын органдар Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізіліміне енгізгеннен кейін жүзеге асырылады (Қағидалардың 5 және 6-тармақтары). |
3 |
Мемлекеттік кірістер органдарының талап арызы бойынша банкрот деп танылған борышкердің уақытша және банкроттық басқарушыларына сыйақы қандай мөлшерде төленеді? |
Уақытша басқарушыға негізгі сыйақы кредитор тарапынан тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңмен белгіленген 1 (бір) ең төменгі жалақы мөлшерінде (ЕТЖ) екі ай мерзімге міндеттерін орындаған кезең үшін төленеді (Қағидалардың 5-тармағының екінші абзацы).
Сонымен қатар, банкроттық басқарушыға негізгі сыйақы кредитор тарапынан тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңмен белгіленген 1 (бір) ЕТЖ мөлшерінде банкроттық рәсімінің үш айлық кезеңі үшін төленеді (Қағидалардың 5-тармағының үшінші абзацы). |
4 |
Оңалту рәсімінен өтіп жатқан жеткізушіден берешек сомасын қалай өндіріп алуға болады? |
Қазақстан Республикасының «Оңалту және банкроттық туралы» Заңының (бұдан әрі – Заң) 72-бабының 2, 3 және 4-тармақтарына сәйкес кредиторлардың борышкерге қоятын талаптары кредиторлар талаптарын мәлімдеу тәртібі туралы хабарландыру жарияланған күннен бастап бір айдан кешіктірілмей мәлімделуге тиіс.
Көрсетілген мерзім өткеннен кейін мәлімделген кредитор талабы кредиторлар талаптарының тізіліміне (бұдан әрі – КТТ) енгізіледі, алайда мұндай кредитор бір айлық мерзімде мәлімделген талаптар толық қанағаттандырылғанға дейін кредиторлар жиналысында дауыс беру құқығынан айырылады. Мұндай талаптар оңалтуды басқарушы тарапынан талап мәлімделген күннен бастап он жұмыс күні ішінде қаралуға тиіс.
Осыған байланысты, қолда бар берешек сомасы кредитор қарыз сомасын КТТ-ға енгізу туралы талап қойып, талаптың негізі мен сомасын растайтын құжаттарды ұсынғаннан кейін ғана борышкердің кредиторлар талаптарының тізіліміне енгізілуі мүмкін. |
5 |
Банкроттық рәсімінің мерзімі қандай және ол қай күннен бастап есептеледі? |
Қазақстан Республикасының «Оңалту және банкроттық туралы» Заңының 84-бабы 1-тармағына сәйкес банкроттық рәсімінің мерзімі тоғыз айды құрайды және кредиторлар жиналысының шешімімен екі жылға дейін ұзартылуы мүмкін.
Сонымен қатар, банкроттық рәсімінің мерзімін қайта ұзартуға жол беріледі, бірақ мұндай рәсімнің жалпы ұзақтығы бес жылдан аспауға тиіс.
Банкроттық рәсімінің мерзімі борышкерді банкрот деп тану туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап есептеледі. |
6 |
Банкроттың мүлкі қандай тәсілмен сатылады және оны сату жоспарын кім әзірлейді? |
Қазақстан Республикасының «Оңалту және банкроттық туралы» Заңының (бұдан әрі – Заң) 99-бабының 1-тармағына сәйкес банкроттың мүлкін, оның ішінде талап ету құқықтарын сату банкроттық басқарушы тарапынан сату жоспарына сәйкес электрондық аукцион өткізу немесе тікелей сату әдісі арқылы жүзеге асырылады.
Банкроттың мүлкін сатуға арналған электрондық аукционды ұйымдастыру және өткізу тәртібін уәкілетті орган белгілейді.
Сонымен бірге, Заңның 99-бабының 1-тармағына сәйкес сату жоспары банкроттық басқарушы тарапынан банкроттың мүліктік массасын түгендеу және бағалау нәтижелері негізінде, сондай-ақ кредиторлар жиналысының мүлікті электрондық аукционға шығару туралы шешімі негізінде әзірленеді.
Айта кету керек, банкроттық басқарушы сату жоспарын кредиторлар комитеті белгілеген мерзімде әзірлеп, кредиторлар комитетінің қарауына ұсынуға міндетті. |
7 |
Мүліктік масса дегеніміз не және оның құрамына не кіреді? |
Қазақстан Республикасының «Оңалту және банкроттық туралы» Заңының (бұдан әрі – Заң) 1-бабының 21) тармақшасына сәйкес мүліктік масса – бұл банкроттық рәсімі барысында өндіріп алуға жататын банкроттың мүлкі, сондай-ақ Заңда көзделген жағдайларда өзге тұлғалардың мүлкі.
Заңның 96-бабының 1-тармағына сәйкес мүліктік массаның құрамына банкроттың мүлкі, оның ішінде қаржылық құжаттарында көрсетілмеген, бірақ борышкердің меншік құқығын растайтын құжаттары бар мүлік, талап ету құқықтары (дебиторлық берешек), сондай-ақ Қазақстан Республикасының жер заңнамасында көзделген жағдайларда банкроттың тұрақты және ұзақ мерзімді уақытша жер пайдалану құқықтары енгізіледі.
Сонымен қатар, Заңның 96-бабының 2-тармағына сәйкес мүліктік масса құрамына жеке кәсіпкер-банкроттың жеке мүлкі, толық серіктестік, коммандиттік серіктестік, қосымша жауапкершілігі бар серіктестік қатысушыларының, сондай-ақ өндірістік кооператив мүшелерінің мүлкі жеке есепке алына отырып енгізіледі. Банкроттың мүлкі жеткіліксіз болған жағдайда, Қазақстан Республикасының атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы заңнамасына сәйкес аталған мүлікке өндіріп алу қолданылуы мүмкін. |
8 |
Әкімшілер хабарландыруларды қай сайт арқылы жіберуі тиіс? |
Қазақстан Республикасының «Оңалту және банкроттық туралы» Заңының 12-бабының 13-тармағына сәйкес әкімші уәкілетті органмен және өзге тұлғалармен уәкілетті орган белгілеген тәртіппен электрондық тәсіл арқылы өзара іс-қимыл жасауға құқылы.
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті «Салық төлеушінің кабинеті» кіші жүйесін (бұдан әрі – CӘИЖ ОжБ СТК) іске қосты. Осы жүйе шеңберінде рәсім әкімшілеріне арналған жұмыс орны құрылды, ол мемлекеттік кірістер органдарымен және кредиторлармен электрондық өзара іс-қимыл жасауға, соның ішінде хабарландыруларды уәкілетті органға электрондық түрде жіберуге арналған.
СӘИЖ ОжБ СТК арқылы алынған хабарландырулар қаралып, кейін уәкілетті органның порталында автоматты түрде орналастырылады.
Осылайша, 2020 жылғы 29 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары – Қаржы министрінің бұйрығымен бекітілген әкімшінің уәкілетті органмен және өзге тұлғалармен электрондық тәсіл арқылы өзара іс-қимыл жасау қағидаларына сәйкес рәсім әкімшілері хабарландыруларды ұсыну үшін СӘИЖ ОжБ СТК жүйесін пайдалануы тиіс.
Нұсқаулық келесі мекенжайда орналастырылған: https://drive.google.com/drive/folders/1plz9_KCshiWx5wsNJuG_lnsDa9jgjece?usp=sharing. |
9 |
Қаржы басқарушысы кім бола алады? |
Қаржы басқарушысы ретінде қызметінің басталғаны туралы хабарламасы Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік электрондық рұқсаттар мен хабарламалар тізіліміне енгізілген Қазақстан Республикасының азаматы әрекет ете алады.
Қаржы басқарушысы ретінде қызметті бастау туралы хабарламаны келесі қызмет түрлерін жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының азаматтары бере алады:
Қазақстан Республикасының «Оңалту және банкроттық туралы» Заңына сәйкес қызметін жүзеге асыратын әкімші; кәсіби бухгалтер; аудитор; заң консультанты.
(Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заңының 15-бабы). |
10 |
Борышкер қаржы басқарушының қызметіне ақы төлеуді қандай мерзімде жүргізе алады және қандай жағдайларда бұл қызмет мемлекет есебінен қаржыландырылады? |
Қаржы басқарушысы төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімі бойынша қызметін уәкілетті орган тағайындаған күннен бастап бастайды.
Осы күннен бастап қаржы басқарушысы сыйақы алуға құқылы болады. Заңның 23-бабының 3-тармағына сәйкес мұндай сыйақы борышкердің қаражаты есебінен төленеді.
Қаржы басқарушысының ай сайынғы сыйақысы тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңмен белгіленген бір ең төменгі жалақы мөлшерін құрайды.
Заңда сыйақыны төлеудің нақты мерзімдері белгіленбеген. Сондықтан борышкер мен қаржы басқарушысы төлем тәртібі мен мерзімдерін өзара келісім бойынша айқындай алады.
Егер борышкердің рәсім барысында сыйақы төлеуге жеткілікті мүлкі немесе қаражаты болмаса, тараптардың келісімі бойынша төлем банкроттық рәсімінің кез келген кезеңінде, оның ішінде рәсім аяқталғаннан кейін және борышкерде қаржылық мүмкіндік пайда болған кезде жүргізілуі мүмкін.
Сонымен қатар, Заңның 46-бабының 5) тармақшасына сәйкес төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және (немесе) сот арқылы банкроттық рәсімдерін жүргізген қаржы басқарушысының сыйақы төлеу құқығы рәсім аяқталғаннан кейін де тоқтатылмайды.
Заңның 44-бабының 2-тармағына сәйкес төмендегі екі шарт бір мезгілде орындалған жағдайда қаржы басқарушысының сыйақысы бюджет қаражаты есебінен төленеді:
Борышкер Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасына сәйкес халықтың әлеуметтік осал топтарына жатады; Борышкерде өндіріп алуға жататын мүлік жоқ.
Осы шарттар болған жағдайда уәкілетті орган сотта қорытынды есепті қарау кезінде тиісті өтінішхат береді.
Қаржы басқарушысына сыйақы төлеу тәртібі Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2025 жылғы 23 қыркүйектегі №524 бұйрығымен бекітілген. |
11 |
Қазақстан Республикасы азаматтарының сот арқыл банкроттық рәсімінде борышкердің мүлкін тікелей сату әдісімен сату қалай жүзеге асырылады? |
Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заңының 39-бабына сәйкес борышкердің мүліктік массасын өткізу тәртібі айқындалған.
Борышкердің мүліктік массасын сату қаржылық басқарушы арқылы электрондық аукцион өткізу немесе тікелей сату әдісімен, мүлікті сату жоспарына сәйкес жүзеге асырылады.
Таңдалған сату тәсілі кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру мақсатында мүлікті ең тиімді бағамен сатуды қамтамасыз етуі тиіс.
Борышкердің мүліктік массасын сату жоспары кредиторлар тізіліміне енгізілген кредиторларға қарау үшін жіберіледі. Кредиторлар жобаны алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде ұсыныстар мен ескертулер енгізуге құқылы.
Осылайша, сату бағасы мен тәсілі қаржылық басқарушы мен кредиторлар арасында сату жоспары шеңберінде айқындалады.
Электрондық аукцион өткізу тәртібі уәкілетті орган бекіткен қағидалармен реттеледі (2023 жылғы 2 наурыздағы №231 бұйрық). Тікелей сату тәртібі жеке түрде реттелмейді, өйткені ол сатып алушыны еркін таңдауды көздейді және тараптар арасындағы қатынастарды қосымша регламенттеуді талап етпейді.
Сондықтан тікелей сату кезінде қаржы басқарушысы мүлікті сату жоспарында белгіленген баға бойынша өзі сатып алушыны анықтап сатады. Сатып алушыны іздеу заңнамада тыйым салынбаған тәсілдермен, соның ішінде Olx.kz, Krisha.kz, Kolesa.kz сияқты сайттар арқылы жүзеге асырылуы мүмкін. |
12 |
Қаржы басқарушысы уәкілетті органмен қандай мерзімде және қалай тағайындалады? |
Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заңының 1-бабының 9) тармақшасына сәйкес қаржы басқарушысы – төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және сот арқылы банкроттық рәсімдерін жүзеге асыратын тұлға.
Заңның 21-бабының 1 және 2-тармақтарына сәйкес сот өтініш түскен күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей сот арқылы банкроттық рәсімін қозғау туралы ұйғарым шығарады.
Сот ұйғарымында уәкілетті органға қаржы басқарушысын екі жұмыс күні ішінде тағайындау міндеті көрсетіледі.
Уәкілетті орган соттың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қозғау туралы ұйғарымы шыққан күннен бастап екі жұмыс күні ішінде қаржы басқарушысы Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік электрондық тізілімге енгізілген тұлғалар арасынан тағайындайды.
Қаржы басқарушысын тағайындау тәртібі Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының 2023 жылғы 10 наурыздағы №88 бұйрығымен бекітілген.
Осы тәртіпке сәйкес, өңірлер бойынша мемлекеттік кірістер департаменттері қаржы басқарушыларын тағайындайды. Үміткерлер тізімі келесі топтарға бөлінеді:
1-топ: бұрын рәсім жүргізбеген және тағайындалмаған тұлғалар; 2-топ: қазіргі уақытта рәсім жүргізбейтін және бірде-бір борышкердің басқарушысы емес тұлғалар; 3-топ: бір немесе бірнеше борышкер бойынша рәсім жүргізіп жатқан тұлғалар.
Тағайындау кезектілік тәртібімен жүзеге асырылады: алдымен 1-топ, ол болмаған жағдайда келесі топтардан. |
13 |
Егер екінші деңгейлі банк, микрокаржы ұйымы немесе коллекторлық агенттік болып табылмайтын заңды тұлға алдындағы орындалмаған міндеттемелер сомасы 1600 АЕК-тен аспаса, сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы өтініш беруге бола ма? |
Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заңына сәйкес сот арқылы банкроттық рәсімі борышкердің мүлкі болған жағдайда немесе екінші деңгейлі банктерге, микрокаржы ұйымдарына, коллекторлық агенттіктерге, сондай-ақ банк қарызы, қарыз (кредит) шарттары және жеке тұлғаларға микрокредит беру шарттары бойынша талап ету құқықтары бар өзге ұйымдар алдындағы берешек 1600 АЕК-тен асқан жағдайда қолданылады, сондай-ақ басқа тұлғалар алдындағы міндеттемелер бойынша қарыз сомасына қарамастан қолданылады.
Сонымен қатар, сот арқылы банкроттық рәсімін қолданудың міндетті шарттары:
қарыздың 12 ай ішінде өтелмеуі; міндеттемелер бойынша реттеу рәсімінен өту.
(Заңның 6-бабы 2-тармағы)
Азамат сотқа сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы өтінішті тұрғылықты жері бойынша береді (20-бап 2-тармақ).
Осылайша, егер борышкердің 12 ай ішінде өтелмеген міндеттемелері екінші деңгейлі банк, микрокаржы ұйымы немесе коллекторлық агенттік болып табылмайтын заңды тұлға алдында болса, ол қарыз сомасына қарамастан сот арқылы банкроттық рәсімін қолдануға өтініш бере алады. |