Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің 2026 жылғы 1 жартыжылдығындағы қызметінің нәтижелері туралы ақпарат

    Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі

    Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің 2026жылғы1 жартыжылдығындағықызметінің нәтижелері туралы ақпарат

    Осымен 2026 жылғы 1 жартыжылдығындағы Қазақстан Республикасындағы монополияға қарсы реттеу және бәсекелестік саясат саласындағы аса маңызды оқиғалар (іс-шаралар) туралы ақпарат ұсынылады:

    - мемлекеттің экономикаға қатысуын төмендету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы;

    - бәсекелестікті қорғау саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының бұзушылықтарын анықтау және жолын кесу туралы;

    - тауар биржаларын бақылау саласында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы;

    - тауар нарықтарына кіру кедергілерін жою туралы;

    - агроөнеркәсіптік кешен саласында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы;

    - әлеуметтік салада жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы;

    - цифрландыру саласында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы;

    - халықаралық ынтымақтастық бойынша мәліметтер.

    1. Мемлекеттің экономикаға қатысуын төмендету бойынша жұмыс

    2026 жылғы 22 маусымда Агенттік Төрағасының орынбасары – Атқарушы хатшының төрағалығымен Жекешелендіру жөніндегі ұлттық кеңсенің (бұдан әрі – Кеңсе) 12-ші отырысы өтті. Іс-шараға Парламент Мәжілісінің депутаттары, сарапшылар, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен ведомстволардың бірінші басшыларының орынбасарлары қатысты. Қатысушылар нарыққа шығаруға арналған кәсіпорындардың жаңа пулдарын, мемлекеттік мүлікті оңтайландыруды және Квазимемлекеттік сектор субъектілерін және мемлекеттік меншік объектілерін оңтайландырудың 2026 – 2030 жылдарға арналған кешенді жоспарының (бұдан әрі – Кешенді жоспар; Үкіметтің 2025 жылғы 24 қазандағы № 894 қаулысымен бекітілген) орындалуын қатаң бақылауды талқылады.

    Күн тәртібінің негізгі бағыттары бойынша Агенттіктің Экономикалық шоғырлану және мемлекеттік кәсіпорындарды бақылау департаментінің директоры Ж.М. Ермагамбетов негізгі баяндама жасады. Отырыс барысында бұған дейін Кеңсенің жұмысымен қамтылмаған салалардағы кәсіпорындардың кезекті пулын жеке секторға беру бойынша ұсыныстар ұсынылды.

    Мемлекеттің қатысу үлесі 50%-дан кем компанияларға, сондай-ақ мемлекеттік органдардың негізгі қызметінде пайдаланылмайтын және коммерциялық жалға берілетін мемлекеттік мүлікке ерекше назар аударылды. Барлық үш бағыт бойынша Кеңсе мүшелеріне қорытынды тізбелерді қалыптастыру үшін 10 күнтізбелік күн ішінде Агенттікке өздерінің ресми позицияларын жолдау ұсынылды.

    Отырыстың маңызды блогы Кешенді жоспарда бекітілген активтерді жекешелендіру барысына мониторинг жүргізу мәселесі болды. Жаңа Кешенді жоспарды тиімді іске асыру үшін мынадай хаттамалық шешім қабылданды: орталық мемлекеттік органдар (ОМО) мен жергілікті атқарушы органдар (ЖАО) Кешенді жоспардан қандай да бір объектілерді алып тастауға бастамашылық жасауды тоқтатсын. ОМО, ЖАО және ұйымдарға оның барлық тармақтарының қатаң бекітілген мерзімде дер кезінде және 100% орындалуын қамтамасыз ету ұсынылды

    1. Бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу

    Жылдың басынан бері монополияға қарсы орган бәсекелестікті қорғау саласындағы бұзушылық белгілері бар іс-әрекеттер (әрекетсіздіктер) туралы 62 хабарлама шығарды.

    Сонымен бірге, монополияға қарсы орган негізгі назарын бәсекелестікке қарсы келісімдер мен үстем немесе монополиялық жағдайды асыра пайдалануды қоса алғанда, ең елеулі экономикалық зиян келтіретін неғұрлым «қасақана» монополияға қарсы бұзушылықтарға аударады.

    Маңызды тергеп-тексерулердің ішінен халықтың наразылығын тудырған ұялы байланыс қызметтеріне тарифтердің жыл сайынғы өсуіне байланысты кейсті ерекше атап өтуге болады.

    Мәселен, а.ж. 14 қаңтарда ұялы байланыс қызметтеріне монополиялық жоғары баға белгілеу фактісі бойынша «КаР-Тел» (Билайн) ЖШС-не қатысты тергеп-тексеру аяқталды. Тергеп-тексеру нәтижелері бойынша 60-тан астам тарифтік жоспар бойынша қызметтердің құны экономикалық тұрғыдан қажетті шығыстар мен пайдадан асыра қалыптастырылғаны анықталды. Анықталған бұзушылықтың сомасы (айыппұл мен монополиялық кірісті қосқанда) 4,5 млрд теңгені құрады. Қазіргі уақытта тергеп-тексеру нәтижелері ӘРПК шеңберінде сотта шағымдануда.

    1. Тауар биржаларын бақылау саласында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы

    Бақылау субъектілеріне (объектілеріне) бармай-ақ профилактикалық бақылау жүргізу барысында тауар биржаларының мекенжайына заңдылықты бұзушылықтарды жою туралы 8 ұсыным жіберілді. Олардың ішінде «Жібек жолы» тауар биржасы» АҚ (2), «Каспий» тауар биржасы» АҚ (2), «ЕСЖ» тауар биржасы» АҚ, «Пайдалы» ЖШС, «Market & Stocks LTD» ЖШС және «Казэнерджи консалт» ЖШС бар. Бақылау субъектілері берілген ұсынымдарды толық көлемде орындады.

    «Тауар биржалары саласындағы қызметті жүзеге асыруға лицензия беру» мемлекеттік қызметін көрсету шеңберінде 56 лицензия (соның ішінде биржалық брокерлер мен тауар биржаларының клирингтік орталықтарына) берілді.

    1. Тауар нарықтарына кіру кедергілерін жою

    Ағымдағы жылдың басынан Агенттікпен бәсекелестікті дамытуға жол бермейтін 4 кедергі жойылды:

    1) екінші деңгейдегі банктерге тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесіне қатысу мүмкіндігі берілді («Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы» Заңға түзетулер енгізілді);

    2) «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ жеміс-жидек және көкөніс өнімдерін өткізу нарығынан шығарылды;

    3) Магистральдық теміржол желісі бойынша жүктерді тасымалдауға арналған меншікті жүк вагондарын тіркеу қағидаларына өтінімдерді қарау мерзімдерін регламенттеу бөлігінде өзгерістер енгізілді (бұған дейін мұндай мерзімдердің болмауы тіркеу рәсімінің созылуына және тиісті нарықтағы бәсекелестіктің шектелуіне ықпал еткен болатын);

    4) тауар биржалары арқылы картопты өткізу кезінде ұсақ шаруа қожалықтары үшін фронталды шығындар жойылды (нарық субъектілерін биржалық саудаға қатысуға міндеттейтін картопты жеткізу партиясының ең төменгі мөлшері 60 тоннадан 1000 тоннаға дейін ұлғайтылды).

    1. Агроөнеркәсіптік кешен саласында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы

    1) Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының 2026 жылғы 23 ақпандағы нұсқамасын орындау шеңберінде Агенттік Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің «Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталық» ШЖҚ РМК (бұдан әрі – Орталық) қызметіне жоспардан тыс талдау жүргізді. Орталық жүзеге асыратын функциялардың сипатын, олардың айрықшалығын және елдің ветеринариялық қауіпсіздігі үшін жүйелі маңыздылығын ескере отырып, оны арнайы құқық субъектілерінің мемлекеттік тізіліміне қосу туралы шешім қабылданды. Бұл мәртебе ұйым қызметін мемлекеттік реттеуді көздейді. Атап айтқанда, бейінді министрлік монополияға қарсы органмен келісу бойынша арнайы құқық субъектісінің тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді өндірумен технологиялық байланысты қызмет түрлерінің тізбесін бекітеді.

    2) Бәсекелестікті қорғау саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасын бұзушылықтардың жолын кесу жөніндегі жұмыс шеңберінде «KTZ Express» АҚ-ның (бұдан әрі – Қоғам) ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу фактілері анықталды. Бұл қызмет Қоғамның жарғысында көзделмеген және монополияға қарсы органмен келісілмеген. Осыған байланысты Агенттік келісілмеген қызмет түрін жүзеге асыруды тоқтату туралы нұсқама шығарды. Бүгінгі таңда нұсқама орындалды.

    1. Әлеуметтік салада жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы

    1) Агенттік Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің (бұдан әрі – ҚР ДСМ) 2026 жылғы 6 сәуірдегі «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасын іске асыруға қатысты магниттік-резонанстық томографтарды сатып алу бөлігіндегі хаттамалық тапсырмасына талдау жүргізді.

    Талдау барысында денсаулық сақтау вице-министрі Т.М. Мұратовтың аталған ұлттық жобаны іске асыру мәселелері жөніндегі кеңесте 9 облыстың (Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан және Жетісу облысы) әкімдіктеріне бірыңғай дистрибьютор – «СК-Фармация» ЖШС-не гелийсіз түрлі магниттік-резонанстық томографтарды сатып алуға өтінімдер жіберу туралы тапсырма бергені анықталды.

    Жоғарыда көрсетілген 2026 жылғы 6 сәуірдегі хаттамалық тапсырма гелий түрлі магниттік-резонанстық томографтарды жеткізушілер үшін тауар нарығына қолжетімділікті шектеуге әкелді. Бұл ретте дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алуды ұйымдастыру мен өткізудің қолданыстағы Тәртібі мен Қағидалары денсаулық сақтау вице-министрлеріне медициналық техниканы атаулы сатып алуды тапсыру құқығын бермейді.

    Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің (бұдан әрі – ҚР КК) 194-бабы 2-тармағының 8) тармақшасына сәйкес, мемлекеттік органдардың тауар нарығына қол жеткізуді шектеуге, тауар нарығынан шығуға немесе одан нарық субъектілерін шеттетуге бағытталған іс-әрекеттері (әрекетсіздігі) бәсекелестікке қарсы іс-әрекеттер деп танылады.

    Осылайша, ҚР ДСМ іс-әрекеттерінде бәсекелестікті қорғау саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасын бұзушылық белгілері байқалды.

    ҚР КК 199-бабының 1-тармағы негізінде Агенттік 2026 жылғы 13 мамырда ҚР ДСМ мекенжайына бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзушылық белгілерін жою қажеттілігі туралы хабарлама шығарды. ҚР ДСМ-не нарық субъектілерінің магниттік-резонанстық томографтарды өткізу нарығына тең қол жеткізуін қамтамасыз ету бөлігінде 2026 жылғы 6 сәуірдегі Хаттамалық тапсырмаға өзгерістер енгізу жүктелді.

    2026 жылғы 25 мамырда ҚР ДСМ Агенттіктің хабарламасын толық көлемде орындады.

    2) Агенттік Kinopark – Kinoplexx Theatres кинотеатрлар желісінің әрекеттерінен үстем жағдайды теріс пайдалану белгілерін анықтады.

    Аталған желіде отандық киноөндірушілерге міндетті түрде жарнама бюджетiн төлеу талабы қойылған, ал аталмыш төлем жасалмаған жағдайда фильмдер кинотеатрларда көрсетілімге жіберілмеген. Мұндай талаптар бәсекелестікті шектеп, нарық субъектілерінің заңды құқықтарын бұзған, киноөндірушілердің кинопрокат нарығына кіруіне кедергілер жасап, отандық кинематографияның дамуын тежеген.

    Осыған байланысты Kinopark – Kinoplexx Theatres компаниясына Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзу белгілерінің бар екендігі туралы хабарлама жолданды.

    Хабарламаны қарау нәтижесінде анықталған бұзушылықтар жойылды. Атап айтқанда, міндетті жарнамалық шығындарды жүктеу тәжірибесі тоқтатылып, фильмдерді прокатқа шығару үшін талап етілген «кіру төлемдері» алып тасталды.

    Сонымен қатар, хабарламаны орындау аясында қазіргі уақытта фильмдерді релиздер кестесіне енгізудің, сеанстар кестесін өзгертудің, фильмдердің прокатта болу мерзімдерін айқындаудың, сондай-ақ оларды көрсетілімнен алу шарттарының бірыңғай, ашық және кемсітусіз тәртібін белгілейтін жария регламент әзірленуде.

    Қабылданған шаралар нарықтың барлық қатысушылары үшін тең жағдайларды қамтамасыз етуге, кинопрокат рәсімдерінің ашықтығын арттыруға және отандық киноиндустрияның дамуына қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.

    1. Цифрландыру саласында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы

    Мемлекеттік органдар арасындағы үздік ЖИ-шешімдер байқауында Агенттіктің «AI-Internal Audit» жобасы «AI Экономика» номинациясы бойынша жеңіске жетті.

    AI Governance Cup — Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің стратегиялық бастамасы. Ол Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірлесіп жүзеге асырылады. Байқау мемлекеттік басқару тиімділігін арттыру мақсатында жасанды интеллект саласындағы озық шешімдерді анықтау мен қолдауға бағытталған.

    Жеңімпаз атанған БҚДА-ның «AI-Internal Audit» жобасы Агенттіктің жабық контурында жұмыс істеуге арналған шешім қабылдауды қолдайтын интеллектуалды жүйе. Жүйе болжамды талдау технологияларына негізделген және негізгі дереккөз ретінде ішкі архивтер мен есептік мәліметтерді пайдаланады. Ол деректерді автоматтандырылған талдау модульдерін, бірыңғай Data Lake деректер қоймасын қалыптастыруды және ауытқуларды анықтау құралдарын қамтиды.

    Жүйені енгізу Агенттіктің ішкі бизнес-процестерін цифрлық трансформациялауға, есептіліктегі техникалық қателер санын азайтуға және қызметкерлер жүктемесін тиімді бөлуге бағытталған.

    AI-Internal Audit жүйесін қолдану әртүрлі бөлімшелерден келетін деректерді өңдеу мен біріктіру уақытын едәуір қысқартуға мүмкіндік береді, сондай-ақ басшылықты нақты уақыт режимінде талдамалық ақпаратпен қамтамасыз етеді. Бұл өз кезегінде процестердің ашықтығын арттырып, басқарушылық шешімдердің сапасын жақсартады.

    1. Халықаралық ынтымақтастық

    Агенттік Төрағасы Марат Омаров Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының мүшесі – бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу министрі Максим Ермоловичпен жұмыс кездесуін өткізді.

    Кездесу барысында тараптар ЕАЭО-ға мүше мемлекеттермен бәсекелестік саласындағы Еуразиялық экономикалық комиссия-мен өзара іс-қимылдың негізгі мәселелерін талқылады.

    Диалог барысында Еуразиялық экономикалық комиссияның ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің нарық қатысушыларымен «жұмсақ құқық» шеңберіндегі өзара іс-қимылы бойынша ағымдағы жұмысы қаралды. Сондай-ақ трансшекаралық нарықтарда Комиссия қызметі туралы хабардарлықты арттыру және ЕАЭО ортақ нарығындағы сауда жүргізу қағидаларын түсіндіру мәселелері талқыланды.

    Сонымен қатар, кездесу барысында өзара іс-қимыл форматтарын кеңейту мүмкіндіктері, оның ішінде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің монополияға қарсы органдарының өңірлік бөлімшелерін Еуразиялық экономикалық комиссия алаңында өтетін білім беру іс-шараларына тарту мәселелері қарастырылды.

    Өз кезегінде М.Омаров Қазақстан аумағында Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы, БҰҰ Сауда және даму жөніндегі конференциясы, Еуропалық одақ және басқа да халықаралық ұйымдардың қатысуымен бірқатар іс-шаралар өткізу бастамасын қолдады.

    Сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссия мен Агенттіктің жұмысына жасанды интеллект технологияларын енгізу мәселелері талқыланды. Кездесуге қатысушылар бұл технологиялар үлкен деректер негізінде нарықты терең талдауға және монополияға қарсы реттеудің тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.

    Жүктеу
    b588aabecba0ab31aa3fb8d2218af324_original.36435.docx
    Информация о результатах деятельности Агентства по защите и развитию конкуренции Республики Казахстан за 1 полугодие 2026 года
    DOCX · 36 КБ
    Жүктеу

    Ұқсас материалдар

    Ақпарат

    Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің 2026 жылғы ІІ тоқсан бойынша мемлекеттік қызметтер көрсету туралы талдамалық анықтама

    Қосымша Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің 2026 жылғы ІІ тоқсан бойыншамемлекеттік қызметтер көрсету туралыталдамалық анықтама Мемлекеттік қызметтер түрі: Қазақстан Республикасының Бә...

    Ақпарат

    Агенттіктің Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтті

    2026 жылғы 14 шілдедеА.Ж.Бикебаевтың төрағалығымен бейне-конференцбайланыс арқылы Агенттіктің құрылымдық бөлімшелері басшыларының қатысуымен Агенттіктің Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтті. Отырыста екінші деңгейдегі...

    Ақпарат

    № 4 Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Қоғамдық кеңесі отырысының ХАТТАМАСЫ

    Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Қоғамдық кеңесі отырысының ХАТТАМАСЫ Астана қаласы № 4

    Бұйрық

    «Конгломераттардың қызметіне талдау және мониторинг жүргізу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының 2024 жылғы 24 маусымдағы № 4 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы

    «Конгломераттардың қызметіне талдау және мониторинг жүргізу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының 2024 жылғы 24 маусымдағы № 4 бұйрығына өзгеріс енгі...

    Ақпарат

    Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін ішкі талдау нәтижелері бойынша анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою жөніндегі іс-шаралар жоспары

    «Бекітемін» Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің аппарат басшысы М. Дәрібаев (қолтаңба бар) 2026 жылғы «3» сәуір Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінде сыба...

    Ақпарат

    Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін ішкі талдау қорытындылары бойынша айқындалған сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ұшырайтын лауазымдардың тізбесі

    Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін ішкі талдау қорытындылары бойынша айқындалған сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ұшырайтын лауазымдардың тізбесі Сыбайлас жемқорлық тәуекеліне ұшырайтын лауазым Сыбайлас жемқорлық тәуекелде...

    Хаттама

    № 2 хаттама Қостанай облысының кедергілер жөніндегі Кеңесінің отырыстары 2026 ж

    № 2 хаттама Қостанай облысының кедергілер жөніндегі Кеңесінің отырыстары 2026 ж

    Хаттама

    № 1 хаттама Қостанай облысының кедергілер жөніндегі Кеңесінің отырыстары 2026 ж

    № 1 хаттама Қостанай облысының кедергілер жөніндегі Кеңесінің отырыстары 2026 ж