
Айтпаева Жанат Жеңісбекқызы
Алматы қаласы Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы
Өмірбаян
1968 жылы 23 ақпанда Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданының Аманат ауылында дүниеге келген, ұлты қазақ, білімі – жоғары.
1987 жылы «КСРО-ның 50 жылдығы» атындағы Өскемен педагогикалық училищесін «Жалпы білім беретін мектептің бастауыш сыныптарында сабақ беру» мамандығы бойынша бітірген. 1994 жылы С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін «Бастауыш оқыту педагогикасы мен әдістемесі» мамандығы бойынша тәмамдаған. Педагогика ғылымдарының кандидаты. 2015 жылы Қаржы академиясын «Экономика» мамандығы бойынша бітірген, экономика және бизнес магистрі.
Еңбек жолын 1987 жылы Шығыс Қазақстан облысы Марқакөл ауданы Алексеевка орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі болып бастаған.
1991–1993 жылдары Өскемен қаласындағы №40 орта мектептің қазақ тілі пәнінің мұғалімі, 1994–2001 жылдары Өскемен қаласындағы №26 және №24 орта мектептердің бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс істеген. 2001 жылы «Восток» дамыта оқыту ғылыми-зерттеу орталығының «Әл-Фараби» орта мектебінде еңбек еткен.
2002 жылдан бастап С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің Үздіксіз кәсіби білім беру институтының оқытушысы, ал 2010 жылдан бастап аталған университеттің әдістемелік бөлімінің басшысы қызметін атқарған.
2011–2019 жылдары Шығыс Қазақстан облысы Білім басқармасының Шығыс Қазақстан өңірлік «Дарын» ғылыми-практикалық орталығының директоры лауазымында болған.
2019 жылы Өскемен қалалық білім бөлімінің басшысы болып тағайындалған.
2019–2020 жылдары Astana IT University тәрбие ісі жөніндегі проректоры болып жұмыс істеген. 2021 жылы «Елбасы академиясы» корпоративтік қорының Көшбасшыларды дамыту және цифрлық білім беру орталығының басшысы қызметін атқарған.
2021–2022 жылдары Алматы қаласы Білім басқармасының дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау жөніндегі орталығы – «Алматы дарыны» КММ директоры болып еңбек еткен.
2022–2023 жылдары Алматы қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарған.
2024 жылы Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының ақпараттық-талдау бөлімінің басшысы болып жұмыс істеген.
2025 жылғы 15 қаңтар мен 19 қыркүйек аралығында Алматы қаласы әкімі аппаратының әлеуметтік даму бөлімінің бас инспекторы – Алматы қаласы әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның хатшысы қызметін атқарған.
2025 жылғы 19 қыркүйектен қазіргі уақытқа дейін Алматы қаласы әкімі аппаратының идеологиялық жұмыс бөлімінің бас инспекторы – Алматы қаласы әкімі жанындағы Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның хатшысы болып жұмыс істейді.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі бекіткен «Педагогикалық менеджмент» оқулығының тең авторы, сондай-ақ білім беру ұйымдарын басқару, педагогикалық көшбасшылық және білім беру жүйесін жаңғырту мәселелері бойынша оқу құралдары мен ғылыми монографиялардың авторы.
«Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» медалімен (2016 ж.), «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен (2014 ж.), сондай-ақ Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен, мемлекеттік органдардың алғыс хаттары мен мақтау қағаздарымен марапатталған.