
Жолдасбаев Шахан Шахмаранұлы
№8 бір мандатты сайлау округі бойынша Депутат, "Amanat" партиясы
Өмірбаян
1980 жылы 29 желтоқсанда Ақтөбе қаласында дүниеге келген. 2002 жылы Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе университетін инженер-механик мамандығы бойынша бітірген. 2002 жылдың шілде айынан 2003 жылдың мамыр айына дейін «Spangzhan-Group» ЖШС-да мамандығы бойынша жұмыс істеді.
2003 жылдың мамырында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері қатарына шақырылып, 2004 жылғы сәуірде гвардиялық запастағы сержант атағымен босатылған.
2005 жылдың шілде айынан Астана қаласы Қоршаған ортаны қорғау министрлігіне қарасты «Ақпараттық-талдау орталығы» РМК-да «Қоршаған орта мониторингі» бөлімінің бас маманы болып жұмыс істей бастады. 2007 жылы маусымда жол апатына түсіп, 2008 жылдың қаңтарында «еңбек қабілетін жоғалтуына байланысты» жұмыстан шығарылды. Ұзақ уақытқа созылған оңалту және қалпына келтіру курсынан кейін, 2011 жылдың мамыр айында жұмысын қайта жалғастырып, «Ақтөбе қаласының сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығында» мүгедектерді белсенді оңалту клубының жетекшісі қызметін бастады.
2013 жылдың желтоқсанында аймақтағы жалғыз мамандандырылған құрылыс ұйымы «Пандус-Ок» ЖШС-нің негізін қалаушы және директоры болды, оның басты мақсаты қозғалуы шектеулі адамдарға қолжетімділікті қамтамасыз ету болып табылады. 2015 жылы АҚШ елшілігінің «IVLP-International Visits» бағдарламасының қатысушысы болды. 2017 жылы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Пандус-Ок» компаниясын «Қазақстан Республикасының үздік әлеуметтік жобасы» деп таныды.
2013 жылдан бастап Ақтөбе облысының атынан республика чемпионаттарына қатысып, Қазақстан Республикасының 7 дүркін чемпионы, ал 2017 жылдан Қазақстан Республикасы Ұлттық Паралимпиада құрамасының мүшесі және халықаралық жүзу жарыстарының жүлдегері.
2021 жылы Алматы Менеджмент университетінен МВА бітірді және Іскерлік Әкімшілік магистрі дәрежесін алды.
Ақтөбе қаласы мәслихатының 7-шақырылымының депутаты болып сайланды.
Облыстың дамуына қосқан үлесі үшін бірқатар медальдармен, алғыс хаттармен және грамоталармен марапатталған.





