
Ағымдағы жылдың 20 тамызында әлеуметтік саланы жетекшілік ететін тұрақты комиссияның «Жетісу облысындағы білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындығы туралы» мәселені қарау барысында бірқатар кемшіліктер анықталды. Атап айтқанда, Төтенше жағдайлар департаменті мен Полиция департаменті тарапынан жүргізілген тексеру нәтижелері бойынша білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындығына қатысты бірқатар кемшіліктер анықталған. Отырыстың қорытындысы бойынша тұрақты комиссия тиісті мемлекеттік органдарға анықталған кемшіліктерді жоюды ұсынылған болатын.
Берілген ұсынымдардың орындалу барысын бақылау мақсатында Жетісу облыстық мәслихаты төрағасының міндетін атқарушы Р. Салықова мен облыстық мәслихат депутаты С. Шенгелбаев Көксу ауданындағы білім беру ұйымдарына мониторинг жүргізді. Сондай-ақ облыстық мәслихат депутаттары Р. Валишанов пен Қ. Баймырзаев Талдықорған қаласы бойынша бұған дейін ескертпе берілген мектептердің жай-күйімен танысты.
Комиссия отырысында айтылған ескертпелердің орындалу барысын зерделеу нәтижесінде берілген тапсырмалардың бірқатарының тек ішінара орындалғаны анықталды. Атап айтқанда, Көксу ауданы Адарбергенов атындағы орта мектебіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттілігі анықталды. Нысанның жобалау-сметалық құжаттамасы 2024 жылы әзірленген, ал оның қолданыс мерзімі 2027 жылы аяқталады. Осыған байланысты аталған білім беру нысанына депутаттар мектепті жөндеуді қаржыландыру мәселесі бойынша тиісті шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті.
Еңбекшіқазақ орта мектебінде «Ең жоғары жылдамдықты 20 км/сағ-қа шектеу» жол белгісі орнатылып, Ж. Егінбаев атындағы орта мектепте жасанды жол кедергісі талапқа сәйкестендірілген болса, бірқатар білім беру ұйымдарында ескертпелер толық жойылмаған: Еңбекшіқазақ орта мектебінде «Балалар» жол белгісі, Ж. Егінбаев атындағы орта мектепте «Ең жоғары жылдамдықты 20 км/сағ-қа шектеу» жол белгісі орнатылмаған, Талапты орта мектебінде жасанды жол кедергісін талапқа сәйкестендіру жұмыстары аяқталмаған, Жамбыл орта мектебінде «Ең жоғары жылдамдықты 40 км/сағ-қа шектеу» және «Балалар» жол белгілері, ал Қызылтоған орта мектебінде «Ең жоғары жылдамдықты 20 және 40 км/сағ-қа шектеу» жол белгілері орнатылмаған.
Сонымен қатар, Талдықорған қаласы бойынша ескертпелерге сәйкес №6, №7 және №24 мектептердің бұрын алынып тасталған жасанды жол кедергілерін қайта орнату жұмыстары толықтай орындалып, ретке келтірілді.
Алайда білім беру ошақтарын аралау барысында жол қауіпсіздігінен бөлек, мектеп ішіндегі қордаланған өзге де мәселелер назарға ілікті. Жобалық қуаты 280 орынға есептелген №24 орта мектепте қазіргі таңда 651 оқушы білім алуда. Орын тапшылығына байланысты оқу процесін ұйымдастыру үшін ғимараттың жертөлесі де пайдаланылып, онда қосымша оқу кабинеттері бейімделген. Бұл жағдай білім алушылардың жайлы әрі қауіпсіз оқу ортасын қамтамасыз етуге кері әсерін тигізуде. Ал №6 орта мектепте асханаға кіретін баспалдақтың тым биік орнатылуы балалардың қауіпсіздігіне қатер төндіретіні белгілі болды. Осыған байланысты депутаттар тарапынан бұл аумаққа арнайы пандус орнату туралы ұсыныс білдірілді.
Мониторинг нәтижесі бойынша анықталған кемшіліктерді қысқа мерзімде жою, әсіресе балалардың өмір қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жол инфрақұрылымын толық ретке келтіру бойынша аудандық және қалалық жауапты мекемелер мен мектеп басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді. Берілген міндеттердің сапалы әрі толық орындалуы облыстық мәслихаттың тұрақты бақылауында болады.








