
Иттердің қарғыбаусыз және тұмылдырықсыз серуендеп жүргені туралы хабарламалар полицияға жиі түседі.
Ит иелері өздерінің жуас әрі сүйкімді үй жануарлары, әсіресе иттің көлемі ірі болған жағдайда, айналадағы адамдарға қауіп төндіруі мүмкін екенін есте сақтауы қажет.
Мәселен, Павлодар қаласының полициясына Назарбаев көшесіндегі дүкен маңында алабай тұқымды иттің қараусыз, тұмылдырықсыз жүргені туралы қоңырау түскен. Сатып алушылар сыртқа шығуға қорқатындарын, себебі иттің өтіп бара жатқан адамдардың барлығына үре бергенін хабарлаған.
Учаскелік полиция инспекторы иттің иесін анықтады. Иесі иттің шынжырдан үзіліп кетіп, қашып кеткенін түсіндірді, – деп хабарлайды Павлодар облысының Полиция департаменті.
Осыған ұқсас тағы бір шақырту Алматы көшесіндегі үй тұрғындарынан түскен.
– Үйдің жанында иттер адамдарға тап беріп жатыр. Немерем мектептен келгенде, иттер агрессивті болғандықтан, подъезге кіре алмай қалған. Бала қатты қорқып қалды, – деп түсіндірді зейнеткер әйел.
Полиция қызметкерлері ит иелерімен профилактикалық әңгіме жүргізіп, жануарларды серуендету ережелерін түсіндірді.
Айта кетейік, өткен жылы облыста үй жануарларын серуендету ережелерін сақтамағаны үшін 1600-ден астам тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Тұрғындардың назарына!
Үй жануарының иелері мен оған жауапты тұлғалар адамдардың, жануарлардың денсаулығына қауіп төндірмеуге және қоршаған ортаға зиян келтірмеуге бағытталған жағдайларды қамтамасыз етуге міндетті.
Қолданыстағы ережелерге сәйкес, жеке тұрғын үйлердің иелері иттерді олардың қашып кетуіне жол бермейтіндей етіп, өз ауласының шегінде ұстауға міндетті. Сондай-ақ аулаға кіреберісте ит бар екені туралы ескерту тақтайшасы болуы қажет.








