ШҚО-да «Назар аударыңыз, балалар!» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды
Жаңа оқу жылы қарсаңында 15-20 тамыз аралығында Шығыс Қазақстан облысында «Назар аударыңыз, балалар!» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Іс-шараның негізгі мақсаты — кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, балаларға қатысты құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу.
Іс-шара аясында полиция қызметкерлері мемлекеттік органдар мен қоғам өкілдерімен бірлесіп, профилактикалық жұмысты күшейтеді. Жол қауіпсіздігіне, жазатайым оқиғалардың алдын алуға, алкоголь мен есірткі заттарын тұтынудың профилактикасына, сондай-ақ өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қорғауға ерекше назар аударылады.
Профилактикалық рейдтер ұйымдастырылып, мектептер мен балалар мекемелерінің маңындағы аумақтар тексеріледі. Ерекше назар аударуды қажет ететін жасөспірімдермен және отбасылармен жұмыс күшейтіледі.
Құрметті ата-аналар! Балалардың қауіпсіздігі — барлығымызға ортақ жауапкершілік. Балаларыңызға, олардың ортасы мен бос уақытын өткізуіне мұқият назар аударыңыздар.
ШҚО ПД баспасөз қызметі









