
Қоғам ауыл округі Қоғам ауылдық мәдениет үйінде әлеуметтік желілерде таралатын теріс діни идеологиялардың алдын алу, тұрғындардың діни және ақпараттық сауаттылығын арттыру мақсатында түсіндіру кездесуі ұйымдастырылды.
Түркістан облысы дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы Н. Әмзеев діни мәселелер бойынша ақпаратты тек сенімді әрі ресми дереккөздерден алудың маңыздылығына тоқталып, тұрғындарға интернеттегі ақпараттың шынайылығын тексеру, белгісіз дереккөздерге сенбеу, күмәнді сілтемелерді ашпау және теріс мазмұндағы материалдарды таратпау жөнінде кеңестер берді.
Іс-шара барысында ғаламтор арқылы таралатын жалған діни ақпараттар, күмәнді материалдар және теріс бағыттағы идеологиялардың таралу жолдары туралы кеңінен түсіндірілді. Әлеуметтік желілердегі күмәнді парақшаларға, белгісіз діни уағыздар мен материалдарға сыни көзқараспен қараудың қажеттілігі айтылды.
Сонымен қатар, Қоғам ауыл округінің учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры М. Якудаев құқық бұзушылықтың және интернет-алаяқтықтың алдын алу бағытында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, интернет-алаяқтықтың кең таралған түрлері және одан сақтану жолдары туралы ақпарат берді.
Тұрғындарға:
▪️ бейтаныс адамдардың қоңырауларына сақтықпен жауап беру;
▪️ банк картасының деректері мен SMS-кодтарды ешкімге айтпау;
▪️ күмәнді сілтемелерге өтпеу;
▪️ өзін банк, полиция немесе басқа да мекеме қызметкері ретінде таныстырған адамдардың талаптарына бірден сенбеу қажеттігі ескертілді.
Кездесу соңында тұрғындарға ғаламторды қауіпсіз пайдалану, күмәнді ақпараттан сақтану және діни мәселелер бойынша тек ресми әрі сенімді ақпарат көздеріне жүгіну қажеттігі түсіндірілді.









