
2026 жылғы 11 тамызда мемлекеттік еңбек инспекторлары Қарағанды қаласының Полиция бөлімінің қызметкерлерімен бірлесіп, Қарағанды қаласының Орталық саябағы аумағында орналасқан нысандарда, оның ішінде көшедегі сауда павильондарында, балмұздақ сататын орындарда, «I Love Fontan» және «Ozen Family Cafe» қоғамдық тамақтану нысандарында, сондай-ақ балалар аттракциондары аумағында профилактикалық рейд жүргізді
Сонымен қатар, «Doner Kebab», «Fox Coffee» және «Avenue» қоғамдық тамақтану нысандарында профилактикалық іс-шаралар өткізілді.
Рейд барысында жұмыс берушілермен және кәсіпкерлік субъектілерінің өкілдерімен кәмелетке толмағандардың еңбек құқықтарын сақтау, оның ішінде жасөспірімдерді еңбек қызметіне тарту кезінде еңбек заңнамасының талаптарын сақтау мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Жүргізілген мониторинг нәтижесінде кәмелетке толмағандарды ауыр жұмыстарды орындауға тарту фактілері анықталған жоқ.
Сонымен бірге, Қарағанды қаласының Орталық саябағы аумағында орналасқан нысандарда еңбек шарты жасалмай еңбек міндеттерін орындаған 16 жастағы кәмелетке толмағандар анықталды.
Анықталған фактілерге байланысты жұмыс берушілерге еңбек заңнамасы талаптарын қатаң сақтаудың қажеттілігі, оның ішінде еңбек шартын жасасу арқылы еңбек қатынастарын міндетті түрде ресімдеу, кәмелетке толмағандар үшін белгіленген қысқартылған жұмыс уақытының ұзақтығын сақтау, сондай-ақ 18 жасқа толмаған адамдарды ауыр жұмыстарға және зиянды және (немесе) қауіпті еңбек жағдайларындағы жұмыстарға тартуға жол бермеу қажеттілігі түсіндірілді.
Аталған мәселелер бойынша жұмыс берушілермен және кәсіпкерлік субъектілерінің өкілдерімен тиісті профилактикалық және түсіндіру жұмыстары жүргізілді.









