Алкоголь — түнгі саудаға арналған тауар емес: 7 айда 356 заң бұзушылықтың жолы кесілді

    Алкоголь — түнгі саудаға арналған тауар емес: 7 айда 356 заң бұзушылықтың жолы кесілді

    Ағымдағы жылдың 7 айының қорытындысы бойынша Ақтөбе облысында мас күйінде жасалған қылмыстар санының төмендегені байқалады.

    Сонымен қатар полиция алкоголь өнімдерінің заңсыз айналымына байланысты құқық бұзушылықтардың алдын алу және олардың жолын кесу бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруда.

    Есепті кезеңде 21 жасқа толмаған адамдарға және түнгі уақытта алкоголь өнімдерін сату бойынша 356 деректің жолы кесілді. Оның ішінде 314 дерек бойынша лицензияның қолданылуы тоқтатылып, 42 жағдайда лицензиядан айырылды.

    Заңсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысу, сондай-ақ тиісті тіркеу мен рұқсат құжаттарынсыз алкоголь өнімдерін өткізу фактілеріне де ерекше назар аударылуда.

    Осы бағытта ҚР ӘҚБтК-нің 463-бабы бойынша 214 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 161 тұлға тиісті лицензиясыз алкоголь өнімдерін өткізгені үшін жауапкершілікке тартылып, заңсыз айналымнан 2 500-ден астам бөтелке алкоголь өнімі тәркіленді.

    Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстардың маңыздылығына тоқталған Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Нұрлыбек Сентаев алкоголь өнімдерін заңсыз сатудың қоғамға тигізетін кері әсеріне назар аударды.

    «Біздің басты мақсатымыз – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және алкоголь өнімдерінің заңсыз айналымына жол бермеу. Әсіресе 21 жасқа толмаған адамдарға және түнгі уақытта алкоголь сатуға қатысты талаптардың сақталуы – тұрақты бақылауда. Заңды бұзған әрбір тұлға белгіленген тәртіппен жауапкершілікке тартылады. Бұл бағыттағы профилактикалық және рейдтік жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады», – деді Нұрлыбек Сентаев.

    Полиция атап өткендей, алкоголь өнімдерін заңсыз сату — жай ғана әкімшілік талаптарды бұзу емес. Мұндай әрекеттер қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікке кері әсер етіп, мас күйінде жасалатын өзге де құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алуға кедергі келтіреді.

    Құқық қорғау органдары бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі күшейтетін болады.

    Полиция сауда нысандарының иелеріне алкоголь өнімдерін өткізу кезінде заң талаптарын қатаң сақтауды ескертеді.

    Лицензиясыз сауда — оңай табыс емес, жауапкершілікке бастар жол. Ал қоғамдық қауіпсіздік — баршамызға ортақ міндет.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Ақтөбе облысының Полиция департаменті" жаңалықтары