АБАЙ АМАНАТЫ – ҰЛТ РУХЫНЫҢ ТЕМІРҚАЗЫҒЫ

    АБАЙ АМАНАТЫ – ҰЛТ РУХЫНЫҢ ТЕМІРҚАЗЫҒЫ
    АБАЙ АМАНАТЫ – ҰЛТ РУХЫНЫҢ ТЕМІРҚАЗЫҒЫ
    Жетісай ауданында қазақтың ұлы ойшылы, ақын, ағартушы, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаған Абай Құнанбайұлының туғанына 181 жыл толуына арналған тағылымды мәдени-танымдық шара өтті.
    Аталмыш мерейтойға аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов пен аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов, «ӘДІЛЕТ» партиясы Жетісай аудандық филиалының төрағасы Асқар Қайназаров пен аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Тұрышбек Елшібаев, аудан зиялылары мен кітапхана қызметкерлері, ұстаздар мен оқушылар, өнерпаздар мен қала тұрғындары қатысып, ақынның ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
    Іс-шара барысында халқымыздың рухани тарихында айрықша орны бар Абай мұрасының бүгінгі қоғам үшін маңызы кеңінен сөз болды. Аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов жиынға қатысушыларды ұлы ақынның 181 жылдық мерейтойымен құттықтап, ақын шығармаларының ұлт тәрбиесіндегі орнына тоқталды.
    Абай – қазақ халқының ой-санасын биікке көтеріп, білім мен ғылымға, еңбек пен ізденіске үндеген ұлы тұлға. Оның әрбір өлеңі мен қара сөзі адамды өзін тануға, елін сүюге, білімге ұмтылуға және жақсы қасиеттерді бойына сіңіруге шақырады. Сондықтан, хәкімнің тағылымды ойлары уақыт өткен сайын өзектілігін жоғалтпай, кейінгі буынға рухани бағдар болып келеді.
    Шара аясында аудандық орталық кітапхана қызметкерлері Абай Құнанбайұлының шығармалары, ақынның өмірі мен шығармашылық жолын зерттеген еңбектер, сондай-ақ, әлемнің белгілі зиялыларының ақын туралы жазбаларынан арнайы кітап көрмесін ұйымдастырды.
    Сонымен қатар, аудан өнерпаздары мен мектеп оқушылары ақынның әндерін орындап, өлеңдері мен қара сөздерінен үзінділерді жатқа оқыды. Ал, аудан зиялылары хәкім Абайдың шығармашылығының сан қырлы сипатына тоқталып, оның қазақ әдебиеті мен мәдениетіне қосқан үлесін сөз етті. Әсіресе, ақын еңбектерінде көрініс тапқан халықтың әлеуметтік және қоғамдық мәселелері, адамгершілік құндылықтар, салт-дәстүр мен ұлттық болмыс, сондай-ақ, музыка саласындағы мол мұрасы туралы пікірлер айтылды.
    Абайдың жаңашыл ойлары қазақ қоғамын білім мен өркениетке жетелеп, орыс және Еуропа мәдениетінің озық үлгілерін игеру арқылы ұлттық мәдениетті жаңғыртуға бағытталды. Осы тұрғыдан алғанда, оның шығармашылық мұрасы – әдебиеттің ғана емес, тұтас ұлттың рухани дамуына ықпал еткен құндылық.
    Мәлімет үшін айта кетейік, бүгінде аудан мектептерінде Абай есімін иеленген 40-қа жуық оқушы және 13 ұстаз бар. Бұл – хәкім есімінің ел жадында сақталып, оның рухани мұрасының жас ұрпақ арасында жалғасын тауып келе жатқанының бір көрінісі.
    «Абайды тану – ұлтты тану. Абай мұрасын дәріптеу – ұрпаққа рухани бағдар беру. Сондықтан, ұлы ақынның өнегелі өмірі мен тағылымды шығармалары ел игілігіне қызмет ете бермек» дейді аудан әкімі Серік Үсенұлы.
    Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Жетісай ауданы әкімінің аппараты" жаңалықтары