
10 тамыз — Қазақстанда Абай күні атап өтіледі. Бұл күн ұлы ақын, ойшыл, ағартушы, қазақтың жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының рухани мұрасын дәріптеуге арналған.
Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінде жеке құрамға «Абай мұрасы — ұлттық руханият және өскелең ұрпақ тәрбиесі» тақырыбында тағылымды кездесу өтті.
Іс-шараға Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Абай Қалшабек қатысып, кездесу рухани-адамгершілік тәрбиені нығайтуға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және кітап оқуға деген қызығушылықты арттыруға бағытталды.
Кездесу барысында ақын Абай Құнанбайұлының әулет тарихы мен шежіресі, бай шығармашылық мұрасы, оның тәрбиелік мәні, сондай-ақ ұлы ойшылдың ағартушылық идеялары мен олардың қазіргі қоғамдағы өзектілігі туралы әңгімеледі.
Сонымен қатар қатысушыларды білім мен ғылымға ұмтылуға, кітап оқу мәдениетін дамытуға және ұлттық құндылықтарды қастерлеуге шақырды. Абай шығармалары адалдық, еңбекқорлық, отансүйгіштік және жоғары азаматтық жауапкершілік сынды ізгі қасиеттерді қалыптастырудың маңызды рухани қайнар көзі екені атап өтілді.
Тағылымды кездесу жеке құрамның рухани-адамгершілік тәрбиесін нығайтуға, ұлттық мәдениет пен тарихи мұраға деген құрметті арттыруға, сондай-ақ қызметтік әдеп мәдениетін жетілдіруге маңызды үлес қосты.
Абай мұрасы — ұрпақтарды сабақтастыратын, халықтың рухани құндылықтарын дәріптейтін мәңгілік қазына.









