
Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы бүгінде жалпыұлттық патриоттық қозғалысқа айналып, еліміздің барлық өңірлерінде кең ауқымда жүзеге асырылуда. Бұл игі де маңызды бастамадан Маңғыстау облысы, Қарақия ауданы да тыс қалмай, қоршаған ортаны көркейту мен тазалығын сақтау бағытындағы жұмыстарды жоғары қарқынмен жүргізіп келеді.
Экологиялық мәдениетті қалыптастыруды көздейтін бұл шаралар ауданның барлық елді мекендерін қамтып, өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға серпін беруде.
Осы айтулы акция аясында кезекті тазалық жұмыстары Құрық ауылының теңіз жағалауында ұйымдастырылды. Бірлескен жүйелі жұмыстың нәтижесінде жағалау бойындағы шашылған қоқыстар толықтай жинақталып, арнайы техникалардың көмегімен белгіленген полигондарға қауіпсіз түрде жеткізілді.
Қоршаған ортаның тазалығы – тек бір күндік акцияның нәтижесі емес, ол – күнделікті әрі үздіксіз сақталуы тиіс жауапкершілік. Осы орайда, туған жердің табиғатын аялау, туған ауылдың тазалығына жанашырлықпен қарау – әрбір тұрғынның азаматтық борышы. Аудан әкімдігі барша ауыл тұрғындарын туған өлкеге құрметпен қарауға, қоғамдық орындар мен теңіз жағалауында тазалық тәртібін қатаң сақтауға және келешек ұрпаққа таза әрі қауіпсіз қоршаған ортаны аманаттауға шақырады.
Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі









