
Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауына дайындық аясында 2026 жылғы 10 тамызда Целиноград ауданында учаскелік сайлау комиссияларының мүшелеріне арналған оқыту семинары өткізілді.
Ақмола облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Манарбек Садуов бастаған лекторлар тобы қолданыстағы сайлау заңнамасының негізгі талаптары мен нормалары бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Семинар барысында учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерінің өкілеттіктері мен міндеттері, сайлау учаскелерін құру тәртібі, комиссиялардың жұмысын ұйымдастыру қағидаттары, сайлаушыларды хабардар ету және шақыру қағаздарын тарату мәселелері жан-жақты талқыланды.
Сонымен қатар, дауыс беру күні комиссия мүшелерінің іс-қимыл алгоритміне, дауыс беру процесін ұйымдастыруға, сайлау қорытындыларын шығаруға және қорытынды хаттамаларды рәсімдеу тәртібіне ерекше назар аударылды.
Семинар тәжірибелік форматта өтті. Қатысушыларға әдістемелік көмек көрсетіліп, сайлауды ұйымдастыру мен өткізудің негізгі кезеңдерін пысықтауға бағытталған рөлдік ойындар ұйымдастырылды. Негізгі назар заңнама талаптарын мүлтіксіз сақтауға, комиссия мүшелерінің үйлесімді жұмысына және азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз етуге аударылды.
Оқыту қорытындысы бойынша қатысушылардың дайындық деңгейін және оқу материалын меңгеру сапасын бағалауға мүмкіндік берген тестілеу өткізілді.
2026 жылғы 23 тамызда Қазақстан Республикасында Құрылтай депутаттарының сайлауы өтеді. Маңызды саяси науқанда Целиноград ауданы бойынша 42 532 азаматтың дауыс беру құқығы бар. Сайлауды ұйымдастыру және өткізу үшін ауданда 1 аумақтық және 58 учаскелік сайлау комиссиясы құрылып, олардың құрамына 329 комиссия мүшесі енгізілген. Бүгінде ауданда сайлауға дайындық жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілуде.









