
4 тамыз күні Ақтау қаласында көпбалалы аналарды мемлекеттік наградалармен салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Құттықтау шарасы Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақовтың төрағалығымен ұйымдастырылды.
Салтанатты жиында барлығы 23 ана мемлекеттік наградаға ие болды. Оның ішінде 11 анаға «Алтын алқа», 12 анаға «Күміс алқа» табысталды.
Іс-шара барысында Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов марапат иелерін құттықтап, аналардың отбасы институтын нығайтудағы, ұрпақ тәрбиесіндегі және қоғамдағы ерекше рөлін атап өтті.
– Балаларыңыз қазақтың мықты азаматы болып өссін. Дендері сау, еліміздің дамуына үлес қосатын, ел тізгінін ұстайтын азаматтар мен азаматшалар болып қалыптассын. Әр шаңыраққа амандық, береке мен бақ-дәулет тілеймін, – деді қала әкімі.
Өз кезегінде марапат иелері көрсетілген құрмет пен қолдау үшін алғыстарын білдірді.
Ақтау қаласы әкімінің баспасөз қызметі









