
Астанада 9 тамыз күні жыл сайынғы Jüregımnıñ Jenımpazy жүгіру фестивалінің өтуіне байланысты қаладағы бірқатар көшеде көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізіледі. Осыған байланысты елорда тұрғындары мен қонақтары қозғалыс бағытын алдын ала жоспарлауы қажет.
Сағат 07:00-ден 08:05-ке дейін Түркістан көшесімен Abu Dhabi Plaza ғимараты бағытына қарай бір жолақта көлік қозғалысы ішінара шектеледі.
Сағат 07:00-ден 07:40-қа дейін Ұлы Дала даңғылы жабылады.
Сағат 07:10-нан 09:15-ке дейін Ақмешіт көшесі бойымен Экспо алаңындағы мәреге дейінгі бағытта бір жолақта көлік қозғалысы шектеледі.
Жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге қозғалыс бағытын алдын ала жоспарлауға кеңес береміз. Ауқымды шараға түсіністікпен қарауларыңызды сұраймыз.
Фестиваль алаңы сағат 05:30-да «Ұлы Дала Елі» монументі маңында жұмысын бастайды.
Жарыс алдында қатысушылар үшін таңғы йога және кәсіби жаттықтырушылардың қатысуымен жалпы дене қыздыру жаттығулары ұйымдастырылады.
Фестиваль қонақтарын күні бойы аниматорлар мен аквагрим қызметі ұсынылатын балалар аймағы, фуд-корт, қазақстандық брендтердің жәрмеңкесі, серіктестердің интерактивті алаңдары, жедел медициналық тексеруден өтуге мүмкіндік беретін тегін медициналық чек-ап аймағы, сондай-ақ жүрек-өкпе реанимациясы тәсілдерін үйрету алаңы күтеді.
Жүгіру-фестиваль аясында жиналған барлық қаражат Трансплантацияны үйлестіру жөніндегі республикалық орталыққа, Қазақстандағы трансплантация орталықтарына, сондай-ақ кардиохирургия мен трансплантология саласындағы білім беру жобаларын дамытуға бағытталады.









