Зейнетақы төлемдерін алушылардың нақты енгізілген міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) мен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының (МКЗЖ) жинақталған инфляция деңгейі ескеріле отырып сақталуына берілетін мемлекеттік кепілдіктің күшін жою мәселесіне қатысты келіп түскен сұрақтарға байланысты Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) төмендегіні түсіндіреді.
Мемлекет кепілдік береді және реттейді
Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 217-бабына сәйкес, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап:
«Мемлекет Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы міндетті зейнетақы жарналары мен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының нақты енгізілген мөлшерінің сақталуына зейнетақы төлемдерін алушыларға кепілдік береді.»
Зейнетақы активтерінің сақталуына мемлекеттік кепілдік БЖЗҚ мен инвестициялық портфельді басқарушылардың (ИПБ) қызметін реттеу, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің (ҚРҰБ) және ИПБ-ның инвестициялық қызметіне қойылатын талаптарды белгілеу, зейнетақы активтерін орналастыру кезінде әртараптандыру мен тәуекелдерді төмендету талаптарын енгізу және өзге де реттеуші нормалар арқылы қамтамасыз етіледі.
ҚРҰБ зейнетақы активтерін басқару барысында олардың сақталуын қамтамасыз етуге және ұзақ мерзімді нақты инвестициялық табыс алуға бағытталған саясатты ұстанады.
Инвестициялық портфельді басқарушы зейнетақы активтерін сенімгерлік басқарғаны үшін заңмен белгіленген жауапкершілікке ие. Егер ИПБ алған атаулы кірістілік уәкілетті орган белгілеген ең төменгі кірістілік деңгейінен төмен болса, айырмашылық ИПБ-ның меншікті капиталы есебінен өтеледі.
Мемлекет көпдеңгейлі бақылауды қамтамасыз етеді
Зейнетақы активтерін инвестициялық басқару жүйесі бұрынғыдай мемлекет тарапынан көпдеңгейлі бақылауда қалады.
- Мемлекет басшысы төрағалық ететін Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңес (ҰҚБК) зейнетақы активтерін басқару бойынша инвестициялық саясаттың негізгі бағыттарын айқындайды, басқару тиімділігін арттыру жөніндегі ұсыныстарды және БЖЗҚ қызметі туралы жыл сайынғы есептерді қарайды.
- Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚРҰБ сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтері есебінен сатып алуға рұқсат етілетін қаржы құралдарының тізбесін бекітеді.
- ҚРҰБ зейнетақы жинақтарының сақталуын және ұзақ мерзімді нақты табыстылықты қамтамасыз ету мақсатында БЖЗҚ-ның инвестициялық декларациясын әзірлеп, бекітеді және зейнетақы активтерін басқарады.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінде халықаралық тәжірибеге сәйкес әлеуметтік қамсыздандыру жүйесінде, оның ішінде зейнетақымен қамсыздандыруда мемлекет, жұмыс беруші және азаматтардың ынтымақты әрі ортақ жауапкершілік қағидаты көзделген.
Салымшылардың зейнетақы активтерін басқаруға қатысуы
Әлеуметтік кодекстің 40-бабына сәйкес салымшылар өздерінің зейнетақы жинақтарын инвестициялық портфельді басқарушының басқаруына беру немесе оларды ҚРҰБ басқаруында қалдыру туралы шешімді өз бетінше қабылдай алады.
2026 жылғы қыркүйектен бастап салымшылардың инвестициялық мүмкіндіктерін кеңейтетін заңнамалық өзгерістер күшіне енеді.
Қазіргі уақытта салымшылар міндетті және міндетті кәсіптік зейнетақы жинақтарының 50%-ына дейінгі бөлігін, ал ерікті жарналар бойынша жинақтардың 100%-ын ИПБ басқаруына бере алады. Ал күзден бастап олар міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ), міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) және ерікті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан жинақтарын толық көлемде ИПБ басқаруына бере алады.
Салымшы бір немесе бірнеше инвестициялық портфельді басқарушыны, сондай-ақ тәуекел деңгейі, күтілетін кірістілігі және инвестициялау мерзімі бойынша ерекшеленетін әртүрлі инвестициялық портфельдерді таңдауға құқылы.
Инвестициялық басқарудың тиімділігін бағалау үшін MSCI, Bloomberg сияқты әлемдік жетекші қаржы компанияларының композиттік индекстері (бенчмарк), сондай-ақ «Қазақстан қор биржасы» АҚ индекстері қолданылады.
ИПБ белгіленген инвестициялық кірістілік деңгейіне кепілдік береді. Егер нақты кірістілік нарықтық бенчмарктан төмен болса, айырмашылық ИПБ-ның меншікті капиталы есебінен өтеледі.
Осылайша, салымшылар өздерінің зейнетақы жинақтары бойынша әртүрлі инвестициялық басқарушыларды және инвестициялық стратегияларды (портфельдерді) өз бетінше таңдай алады. Зейнетақы активтерін нарықтық қағидаттар бойынша басқару жағдайында инфляция деңгейіндегі мемлекеттік кепілдіктің құқықтық және экономикалық мәні өзектілігін жоғалтады.
Зейнетақы активтерін басқарудың ашықтығын қамтамасыз ету
Зейнетақы нарығындағы бірыңғай инфрақұрылымдық институт – акцияларының 100%-ы мемлекетке тиесілі Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры.
Салымшылардың өз жинақтарын ИПБ басқаруына беру құқығы енгізілгеннен кейін БЖЗҚ-ның институционалдық рөлі күшейді. БЖЗҚ – барлық салымшылар үшін бірыңғай есепке алу және ақпараттық орталық болып табылады және зейнетақы активтерін кім басқарғанына (ҚРҰБ немесе ИПБ) қарамастан олардың жеке зейнетақы шоттарын жүргізеді.
БЖЗҚ зейнетақы активтерін басқаруға байланысты қызметтерді қолжетімді форматта ұсынып, азаматтардың жинақтары туралы ақпаратты тәулік бойы үзінді көшірмелерде көрсетеді.
Сонымен қатар, салымшылар үшін invest.enpf.kz ақпараттық интернет-платформасы іске қосылған. Бұл заманауи цифрлық ресурс ҚРҰБ мен барлық ИПБ басқару нәтижелерін салыстыруға мүмкіндік береді. Платформа кірістілік туралы мәліметтерді көрсетіп, таңдалған кезең бойынша әртүрлі басқарушылар мен олардың инвестициялық портфельдерінің нәтижелерін салыстыруға мүмкіндік береді.
Осылайша, Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы жүйесі және жалпы зейнетақымен қамсыздандыру жүйесі мемлекет тарапынан реттеліп, бақылауда және жауапкершілікте қала береді. Сонымен бірге халықаралық тәжірибеге сәйкес зейнетақы жинақтарын қалыптастыруда қызметкер мен жұмыс берушінің рөлі арта түседі.
Анықтама үшін
Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы жүйесі 28 жыл ішінде өзінің тұрақтылығы мен сенімділігін дәлелдеді.
Бүгінде зейнетақы активтерінің көлемі шамамен 28 триллион теңгені құрайды.
БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы төлемдерінің көлемі тұрақты түрде өсіп келеді:
- 2024 жылы – 1 триллион теңгеден асты;
- 2025 жылы – 1,5 триллион теңге;
- 2026 жылдың алғашқы 5 айында – 917 миллиард теңгеге жуық болды.
Инвестициялық табыстың жинақтардың жалпы көлеміндегі үлесі 40%-дан асады.
Ұзақ мерзімді кезеңде инвестициялық кірістілік жинақталған инфляция деңгейінен едәуір жоғары. Жинақтаушы зейнетақы жүйесі құрылған 1998 жылдан бастап 2026 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша жиынтық инвестициялық кірістілік 1 095,39%, ал осы кезеңдегі инфляция 986,70% болды.









