
Астанадағы Достық үйінде «Қоғамдық келісім» КММ-нің ұйымдастыруымен «Этносаралық келісімді нығайтудағы медиаторлардың рөлі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шара барысында медиация институтын одан әрі дамыту, этносаралық келісімді нығайту, жанжалдардың алдын алу және оларды тиімді реттеудегі медиаторлардың рөлін арттыру мәселелерін жан-жақты талқыланды. Қатысушылар медиацияның қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз етудегі маңызын, мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттарының өзара іс-қимылын жетілдіру тетіктерін және дауларды бейбіт жолмен шешудің тиімді тәжірибелеріне тоқталды.
«Бүгінгі «Этносаралық келісімді нығайтудағы медиаторлардың рөлі» атты дөңгелек үстелде өз тәжірибеммен бөлісу мүмкіндігіне ие болғаныма қуаныштымын. Қазақстан – жүзден астам этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатқан мемлекет. Осындай көпұлтты қоғамда бейбітшілік пен келісімді сақтау – әр азаматтың, ал мектепте жұмыс істейтін педагогтердің маңызды міндеттерінің бірі.
Сондықтан қазіргі таңда мектептегі этномедиацияның рөлі ерекше артып келеді. Ең бастысы – кез келген даулы жағдайда жеңімпаз бен жеңілген тарап болмайтынын, медиатордың мақсаты екі тараптың да мүддесін ескеретін ортақ шешімге келу екендігін терең түсіндім.
Семинар барысында меңгерген осы құнды әдіс-тәсілдер мен қағидаттарды күнделікті педагогикалық қызметімде және сыныптан тыс тәрбие жұмыстарында практика жүзінде қолдануды басты мақсат етіп қойдым.
Этномедиация – тек жанжалдарды шешу құралы емес. Бұл – адамдарды тыңдай білу, құрметтеу, түсіну және келісімге келуге үйрететін мәдениет. Бүгінгі таңда мектепте этносаралық келісімді сақтау – болашақ қоғамның тұрақтылығына қосылған үлкен үлес. Ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлы: «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген. Осы қағиданы басшылыққа алған кезде ғана біз мектепте де, қоғамда да өзара сыйластық пен бірлікті нығайта аламыз», – деді Кемел Ақышев атындағы №69 мектеп-гимназиясының тәрбие жұмысы жөніндегі директордың орынбасары Алмагүл Әлішева.
Мамандардың айтуынша оқыту үдерісі мен тәрбие жұмысын бір-бірінен бөліп қарастыру мүмкін емес. «Білім мен тәрбие біртұтастығы» қағидаты – заманауи педагог қауымның басты бағдары. Мектеп қабырғасындағы этномедиация – өскелең ұрпақтың бойында толеранттылықты, құқықтық мәдениетті және отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыратын тәрбие жүйесінің ажырамас бөлігі екені айтылды. Іс-шараға Астана қаласының кәсіби және қоғамдық медиаторлары, сот қызметкерлері, Аналар кеңесінің мүшелері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Аталған іс-шара медиация институтын одан әрі дамытуға, қоғамдық татулық пен этносаралық келісімді нығайтуға, сондай-ақ қоғамдағы жанжалдарды бейбіт жолмен шешу мәдениетін қалыптастыруға бағытталды.









