
Олимпиада чемпионы Серік Сапиев жас боксшыларға шеберлік сабағын өткізді
Бүгін Олимпиада чемпионы Серік Сапиев Қостанай қаласындағы бокс мектебіне арнайы келіп, жас спортшылармен кездесіп, олар үшін ашық жаттығу және шеберлік сабағын өткізді.
Кездесу барысында атақты спортшы өзінің мол тәжірибесімен бөлісіп, бокс техникасының қыр-сырын көрсетті, спорттық шеберлікті жетілдіруге қатысты маңызды кеңестер берді. Сондай-ақ ол жастарға табандылықтың, тәртіптің, еңбекқорлықтың және алға қойған мақсатқа жетудегі жігердің маңызын ерекше атап өтті.
Ашық жаттығуға Қостанай облысы Полиция департаменті арнайы мақсаттағы жедел әрекет ету жасағының қызметкерлері де қатысты. Олар жас спортшылармен бірге салауатты өмір салтын насихаттауға және жастарды спортпен айналысуға ынталандыруға бағытталған бастаманы қолдады.
Іс-шара «Заң мен Тәртіп» қағидатын іске асыру, балалар арасындағы есірткіге тәуелділіктің алдын алу және салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытында ұйымдастырылды. Оның басты мақсаты – жасөспірімдерге спорттың зиянды әдеттерден, оның ішінде есірткіден алыс болудың, мықты мінез қалыптастырудың және өз күшіне сенудің ең тиімді жолы екенін көрсету.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, осындай кездесулер жастарды спортпен тұрақты айналысуға, биік белестерді бағындыруға және дені сау, белсенді өмір салтын таңдауға жігерлендіреді.








