
Алматыда 500-ден астам жас қаладағы барлық комьюнити орталықтарда өткен LEVEL UP зияткерлік ойындарының сериясына қатысты. Бұл туралы Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының өкілдері айтты.
Квиз ALMA LOVE 2026 қалалық фестивалі аясында ұйымдастырылды. Қатысушылар сұрақтарға жауап беріп қана қоймай, күнделікті өмірде кездесетін түрлі жағдайларды бірге талқылады. Атап айтқанда, сенімді ақпаратты манипуляциядан ажырату, қаржыны тиімді басқару, қоғамдық бастамаларға қатысу және қала өміріне ықпал ететін шешім қабылдау жайы қарастырылды.
Сұрақ пен командалық тапсырма жастар саясаты, еріктілік, цифрлық сауаттылық, отбасылық құндылықтар, білім беру және экологиялық жауапкершілік тақырыптарын қамтыды.
«Квиз ойыны білімімізді сынап қана қоймай, көптеген қоғамдық мәселеге жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік берді. Осындай жобалар жастардың жеке жауапкершіліктің маңызын түсінуіне, ақпаратты саралай білуіне және қоғамның болашағына әсер ететін саналы шешім қабылдауына ықпал етеді», – деді жобаға қатысушылардың бірі Аяулым Нұрланқызы.
Бағдарлама екі бағытқа бөлінді. Бірінші бағыт – «Қалдықсыз ұтымды тұтыну» – ресурстарды ұқыпты пайдалану, қалдық көлемін азайту және экологиялық дағдыларды қалыптастыруға арналды. Екінші бағыт – «Саналы таңдау» – азаматтық жауапкершілік, сыни ойлау және жастардың қоғамдық өмірге қатысу мәселесін қамтыды.
Айта кетейік, ALMA LOVE 2026 фестивалі Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының қолдауымен 12 тамызға дейін жалғасады. Фестиваль Халықаралық жастар күніне орай ұйымдастырылып, мәдени, білім беру, спорт, экология және әлеуметтік бағыттағы іс-шараларды біріктіреді.








