
Ордабасы ауданының учаскелік полиция инспекторлары қызмет атқару барысында жолдың ортасында қозғалыссыз тұрған Lada Largus автокөлігін байқайды. Тексеру кезінде көліктің дөңгелегі жарылып, жүргізуші әрі қарай қозғала алмай қалғаны анықталды.
Автокөлікте Ресей Федерациясына бет алған Өзбекстан Республикасының бес азаматы болған. Полиция қызметкерлері жол қозғалысына кедергі келтірген көліктің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жақын маңдағы техникалық қызмет көрсету орталығының мамандарын шақырды.
Нәтижесінде автокөлікке қажетті жөндеу жұмыстары жүргізіліп, шетел азаматтарына сапарын жалғастыруға мүмкіндік жасалды. Шетел азаматтары полиция қызметкерлеріне көрсеткен көмегі үшін алғыс айтып, олардың жеделдігі мен кәсіби әрекетіне ризашылықтарын білдірді.
Түркістан облысының полицейлері қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, қиын жағдайға тап болған тұрғындар мен өңір қонақтарына қажетті көмек көрсетуге әрдайым дайын.








