
Қазақстанда гидтер, экскурсия жүргізушілері және туризм нұсқаушылары қызметінің бірыңғай қағидалары бекітілді
Құжат гидтердің, экскурсия жүргізушілерінің және туризм нұсқаушыларының өкілеттіктерін айқындайды, көрсетілетін қызметтердің сапасына қойылатын бірыңғай талаптарды белгілейді, сондай-ақ туристерге нақты әрі сенімді ақпарат беру, бағыт бойынша алып жүру және қауіпсіздік талаптарын сақтау жөніндегі жауапкершілігін бекітеді. Сонымен қатар, Қағидалар туризм саласындағы мамандардың қызмет аясын нақты ажыратады.
Қазіргі таңда гид, экскурсия жүргізушісі немесе туризм нұсқаушысы ретінде қызметті бастау үшін Қазақстан Республикасының азаматы болуы және рұқсаттар мен хабарламалар туралы заңнамаға сәйкес eLicense.kz порталы арқылы қызметтің басталғаны туралы хабарлама жолдауы қажет. Бұдан бөлек, Қағидаларға сәйкес мамандар өз қызметін жүзеге асырудың өзіне қолайлы ұйымдық-құқықтық нысанын дербес таңдай алады. Бұл ретте гидтерді, экскурсия жүргізушілерін және туризм нұсқаушыларын өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар жүзеге асыра алатын қызмет түрлерінің тізбесіне енгізу бойынша жұмыс жүргізілуде.
Министрлік келіп түскен хабарламалар негізінде гидтердің, экскурсия жүргізушілерінің және туризм нұсқаушыларының бірыңғай тізілімін жүргізетін болады.




