
Орал қаласында ауқымды жаңғырту жұмыстарынан кейін толықтай жаңартылған теміржол вокзалы пайдалануға берілді. Салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің және Батыс Қазақстан облысының басшылығы, теміржол саласының ардагерлері, жастар өкілдері, құрылысшылар мен жобаны жүзеге асыруға атсалысқан мамандар қатысты.
Орал теміржол вокзалы Мемлекет басшысының көлік инфрақұрылымын жаңғырту және жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында жаңа келбетке ие болды. Бүгінде еліміз бойынша Тәуелсіздік жылдарындағы ең ауқымды жобалардың бірі – 124 теміржол вокзалын жаңғырту бағдарламасы жүзеге асырылуда. Оның 70-і пайдалануға берілді. Оралдағы вокзал кешенінің ашылуы – осы жүйелі жұмыстың кезекті нәтижесі.
1983 жылы салынған вокзал ғимараты толық жаңғыртылып, жолаушыларға арналған кеңістіктер кеңейтіліп, заманауи талаптарға сай жабдықталды. Платформаларға апаратын жаңа жаяу жүргіншілер өткелі салынды, заманауи навигация және қауіпсіздік жүйелері орнатылды. Вокзалдың өткізу қабілеті 700 адамға дейін ұлғайтылды. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі жандарға, қарттарға және балалы отбасыларға қолайлы әрі кедергісіз орта қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінді.
Бүгінде вокзал тәулігіне 1,8 мыңнан астам жолаушыға қызмет көрсетіп, өңіраралық және халықаралық бағыттар бойынша қатынайтын 8 пойыздың қозғалысына қызмет көрсетеді. Жаңартылған вокзал кешені Батыс Қазақстан облысының заманауи көлік қақпасына айналып, жолаушылар тасымалының сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға, сондай-ақ өңірдің еліміздің басқа облыстарымен және көршілес мемлекеттермен көлік байланысын нығайтуға ықпал етеді.









