
Республикалық маңызы бар «Өскемен – Риддер» автомобиль жолының ұзындығы 105 шақырымды құрайтын орташа жөндеу учаскесінде асфальтбетон жабынының бірінші қабатын төсеу жұмыстары толық аяқталды. Соның нәтижесінде Риддер қаласына дейін жаңа асфальтбетон жабыны арқылы үздіксіз жол қатынасы қамтамасыз етілді.
«Бүгінгі таңда жөндеу жүргізіліп жатқан учаскенің бүкіл ұзындығы бойынша асфальтбетон жабынының бірінші қабаты төселіп бітті. Соның арқасында Өскеменнен Риддерге дейінгі жол бойымен жаңа асфальт жабыны арқылы жайлы әрі үздіксіз қозғалыс қамтамасыз етілді. Бұл – өңір тұрғындары мен қонақтары үшін жобаны іске асырудағы маңызды кезең», – деді «Қазавтожол» ҰК» АҚ Шығыс Қазақстан облыстық филиалы директорының орынбасары Алмас Қасенов.
Жобаны іске асыру барысында жолдың ісінуі жиі байқалатын учаскелер қалпына келтірілді. Оның ішінде жол пайдаланушылары тарапынан бұрыннан көптеген сын-ескертпе туғызған Зимовье ауданындағы ең күрделі учаскелердің бірі жөнделді.
«Жолдың ең күрделі учаскелеріне ерекше көңіл бөлінді. Зимовье ауданында ұзақ жылдар бойы жүргізушілерге қолайсыздық туғызған ақаулар толықтай жойылды. Бұл жол жабынының сенімділігі мен қозғалыс қауіпсіздігін едәуір арттыруға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Алмас Қасенов.
Қазіргі уақытта асфальтбетон жабынының екінші (үстіңгі) қабатын төсеу жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар жобаны іске асырудың қорытынды кезеңіне дайындық жүргізіліп жатыр.
«Жобаны толық аяқтау үшін су өткізгіш құбырларды орнату, жол жиектерін нығайту, жол таңбаларын салу, жол белгілерін орнату және жолды толық абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Жөндеу жұмыстарын толық аяқтап, нысанды пайдалануға беру биылғы жылдың күзінде жоспарланып отыр», – деді Алмас Қасенов.








