
Маңғыстау облысында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және электросамокаттар мен электрвелосипедтерді пайдалануға қатысты заңнамадағы өзгерістерді тұрғындарға кеңінен түсіндіру мақсатында ақпараттық-профилактикалық іс-шара басталды.
Акция аясында Маңғыстау облысы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері өңірдің танымал блогерлерімен бірлесіп, азаматтарға электросамокаттар мен электрвелосипедтерді пайдалану қағидаларын, оларды мемлекеттік тіркеу тәртібін, сондай-ақ жүргізушілердің құқықтары мен міндеттерін түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Сонымен қатар полиция қызметкерлері жол қозғалысы қағидаларының сақталуын бақылау мақсатында рейдтік іс-шаралар өткізеді. Заң бұзушылықтар анықталған жағдайда құқық бұзушылар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Заңда көзделген негіздер болған кезде электркөлік құралдары мамандандырылған айып тұрағына қойылады.
Іс-шара барысында электросамокаттар мен электрвелосипедтерді пайдаланушылар арасында сауалнама жүргізіліп, олардың заңнамадағы өзгерістер туралы хабардарлық деңгейі зерделенеді. Сонымен қатар тұрғындарға жол қозғалысы қағидаларын сақтау, қорғаныс құралдарын пайдалану және өзге де жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне құрметпен қарау қажеттілігі түсіндіріледі.
Полиция департаменті барлық жол қозғалысына қатысушыларды қолданыстағы заң талаптарын қатаң сақтауға, өзара жауапкершілік танытуға және жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге шақырады. Электросамокаттар мен электрвелосипедтерді қауіпсіз әрі заң талаптарына сәйкес пайдалану – жол-көлік оқиғаларының алдын алудың маңызды шарты.
https://www.instagram.com/reel/Dbd6Rp4s2Xs/?utm_source=ig_web_copy_link&igsh=MzRlODBiNWFlZA==









