
Орал халықаралық әуежайында Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі мен Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің басшылығы өңірдің авиациялық инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жобалардың іске асырылу барысын тексерді. Әуежай басшылығы, авиация саласы мен мен бейінді ұйымдар өкілдерінің қатысуымен өткен жұмыс кеңесінде өзекті мәселелер мен жоспарланған іс-шаралардың орындалу барысы талқыланды.
Кеңес қорытындысы бойынша ұшу-қону жолағын жөндеу, әуежайдың периметрлік қоршауын реконструкциялау, арнайы техникалар паркін, аэронавигациялық жүйелерді, жанармай инфрақұрылымын жаңарту және жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыру бойынша нақты тапсырмалар берілді. Сонымен қатар халықаралық бағыттар желісін кеңейту, Атырау және Ақтөбе қалаларымен әуе қатынасын қайта жандандыру, шағын авиацияны дамыту және әуежайдың инвестициялық жобаларын іске асыру бойынша нақты міндеттер жүктелді.
Жауапты ұйымдарға бекітілген кестелердің қатаң сақталуын және барлық іс-шараларды белгіленген мерзімде уақтылы аяқтау тапсырылды. Әрбір бағыт бойынша нақты міндеттер мен жауапты орындаушылар айқындалып, жобалардың орындалу барысы Көлік министрлігінің бақылауына алынды. Атқарылған жұмыстың нәтижесінде ұшу қауіпсіздігін арттыру, әуе бағыттарының географиясын кеңейту және жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын жақсарту көзделіп отыр.
Анықтама:Соңғы үш жылда Орал әуежайының жолаушылар ағыны 85%-ға, жүк айналымы 89%-ға, ал орындалған әуе рейстерінің саны 51%-ға артты. Қазіргі таңда әуежайдың маршруттық желісі бес ішкі бағытты, сондай-ақ Ыстанбұл, Анталия, Шарм-эш-Шейх, Фукуок және Франкфурт қалаларына халықаралық рейстерді қамтиды.









