
Өңір басшысы Болат Ақшолақов Қазақстанның алдыңғы қатарлы урбанистерінің қатысуымен облыс орталығын кешенді дамыту мәселеріне қатысты жиын өткізді.
Кездесуде қаланы абаттандырудың бірыңғай жүйесін қалыптастыру, бірізді дизайн-код әзірлеу, қоғамдық кеңістіктерді көгалдандыру, сондай-ақ «Ерік Мостовой» арнасын жаңғырту жобасы бойынша ұсыныстар қаралды.
Жиында облыс әкіміне «Ерік Мостовой» арнасын кешенді жаңғыртудың тұжырымдамасы таныстырылды.
Болат Ақшолақов бұған дейін Атырау қаласын аралаған кезде арнаны реконструкциялауға қатысты сұрақтарды зерделеп, қаржыландыру көздері мен іске асыру мерзімін белгілеуді тапсырған еді.
Жоба жаңа инженерлік коммуникацияларды, кәріз желілерін, суару құбырын салуды және 36 гектардан астам аумақты кешенді абаттандыруды көздейді.
Арнаның түбіне инженерлік коммуникациялар жүргізу, ал оның төңірегінде заманауи қоғамдық кеңістіктер құрып, жаяу жүргіншілер мен велосипед жолдарын салу, көше жарықшамдары мен сәулет нысандарын орнату, көгалдандырылған демалыс аймақтарын ашу қарастырылған. Жобаны іске асырудың алдын ала мерзімі — бір жарым жыл.
«Ерік Мостовой» арнасы осыдан 20 жылдан астам уақыт бұрын Жайық өзені тасыған кезде суды бұру үшін салынған. Өзен суы аз болғандықтан, арна бұл мақсатта пайдаланылған жоқ. Кейін бұл нысан жаңбыр мен еріген қар суы, тұрмыстық күл-қоқыс жиналатын орынға айналды. Масалардың көбейетін ошағы болып, қаланың экологиялық ахуалына кері әсерін тигізді.
Жиынға қатысушылардың ойынша, жоба арна төңірегін абаттандырып қана қоймай, бірқатар маңызды коммуналдық міндетті ойңтайлы шешуге мүмкіндік береді. Бұл жоба жерасты суларының деңгейінің төмендеуіне және орталықтандырылған кәріз желісінің кеңеюіне оң ықпал етпек. Жаңа инженерлік желілерді салудың нәтижесінде жеке сектордағы үйлердің 70–80%-на дейін орталықтандырылған су бұру жүйесіне қосу мүмкіндігі пайда болады.
Кеңес барысында қалалық ортаны дамытудың бірыңғай тұжырымдамасын қалыптастыру мәселелеріне баса назар аударылды.
Урбанистер бірыңғай дизайн-код енгізу, көгалдандыру жүйесін дамыту және Атыраудың заманауи сәулеттік келбетін құруға қатысты ұсыныстар берді. Сондай-ақ абаттандыру жобалары тұрғындарға жайлы, қауіпсіз әрі эстетикалық қалалық ортаны қамтамасыз ететін бірыңғай стандарттар негізінде жүзеге асырылуы тиіс екені де атап өтілді.
Жиын соңында Болат Ақшолақов жауапты мемлекеттік органдарға урбанистермен бірге ыждағатты түрде Атыраудың бірыңғай дизайн-коды, абаттандыру мен көгалдандыру тұжырымдамасы бойынша ұсыныстар әзірлеуді, сондай-ақ «Ерік Мостовой» арнасының аумағын дамыту тұжырымдамасын пысықтауды тапсырды. Жауапты мемлекеттік органдар мен сарапшыларға материалдарды дайындау мерзімін ұзаққа созбай, келісілген ұсыныстарды облыс әкімінің қарауына ұсыну жүктелді.
— Бізге бүкіл қаланы абаттандырудың кешенді тұжырымдамасы қажет. Игерусіз жатқан аумақты Атыраудың бірыңғай “жасыл қаңқасының” бір бөлігіне айналдыруымыз керек. Жаңа инфрақұрылым Жайық өзенінің жағалауын, «Ерік Мостовой» арнасын және Дендропаркті ұзындығы 40 шақырымға жуық шеңбер іспетті бірыңғай қоғамдық кеңістікке біріктіреді. Бұл тұрғындардың серуендеуіне, белсенді демалуына, спортпен айналысуына және күнделікті бос уақытын өткізуге арналған жайлы қалалық орта болады. Оның сапасына және инженерлік инфрақұрылымға ерекше көңіл бөлу қажет. Жерді тиімді пайдалану мәселесі де өте өзекті. Ұзақ уақыт бойы игерілмей жатқан учаскелер қаланың бірыңғай сәулеттік келбетін қалыптастыру мақсатында заңда белгіленген тәртіппен мемлекетке қайтарылады, — деп атап өтті Болат Ақшолақов.









