
Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов облыс орталығында жүзеге асырылып жатқан жол инфрақұрылымына қатысты бірқатар жобаның орындалу барысымен танысты.
Аймақ басшысы алдымен 1965 жылы салынған орталық автомобиль көпірінің техникалық жай-күйін қарап, нысанды жаңғырту бойынша ұсынылған жобалық шешімдерді талқылады.
Қазіргі көпірдің бойымен диаметрі 400 мм магистральдық жылу құбыры өтеді. Жылу желілерінің кіреберіс бөлігі 700 мм-ге дейін жаңғыртылып, Атырау ЖЭО-да қосымша қуат қоры пайда болғанымен, көпірдің апатты жағдайы мен құбырдың өткізу қабілетінің төмендігі жаңа тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды жылумен қамту көлемін арттыруға мүмкіндік бермей отыр. Осыған байланысты инженерлік коммуникацияларға арналған бөлек көпір және жол жүру бөлігін алты жолаққа дейін кеңейте отырып, жаңа автомобиль көпірін салу жобасы таныстырылды.
– Кез келген шешім қабылданғанда қаланың бас жоспары ескеріліп, мәселе кешенді түрде қарастырылуы қажет. Орталық көпір – стратегиялық маңызы бар инфрақұрылым нысаны, сондықтан оны жаңғырту, инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамытуға қатысты мәселелер алдын ала пысықталуы тиіс, – деді Болат Ақшолақов.
Облыс әкімі жаңа көпірлер салуды көздейтін жобалық шешімдер қаланың бас жоспарын жаңарту кезінде оның болашақ даму перспективасы ескеріле отырып қаралатынын атап өтті.
Келесі нысан – “Самал” шағынауданы. Самалдықтар көптен бері көшелерге асфальт төселмегеніне шағымданып келеді. Бүгінде «Ынта» ЖШС “Самал”, “Өркен”, “Береке” және “Атырау” шағынаудандарындағы жалпы ұзындығы 10 шақырымды құрайтын 29 көшеге асфальт төсеп жатыр. Атырау облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әсет Оразғалиевтің айтуынша, 15 көшедегі жолдың негізі дайындалған.
Облыс әкімі жұмысты бірнеше нысанда қатарынан жүргізбей, әуелі бір көшенің жолын аяқтап, содан кейін барып келесісіне кірісуді, сондай-ақ күн суығанша құрылыс жұмыстарын мүлдем тоқтатпауды тапсырды.
Бұдан кейін Болат Ақшолақов “Сарықамыс” шағынауданындағы Әбілқайыр хан даңғылынан Жастар көшесіне дейінгі автомобиль жолын қайта жаңарту жұмыстарының барысын тексерді. Жобаның жалпы ұзындығы – 2,8 шақырым. Қазіргі таңда оның 1,84 шақырымы жаңартылған. Қалған 960 метр жолды салуға жер телімдерінде орналасқан жеке тұрғын үйлер мен инженерлік желілер кедергі келтіріп отыр. Жоба-сметалық құжаттама 2019 жылы бекітілген, мұның да өзіндік қиындықтары бар. Құрылысты жалғастыру үшін жер телімдерін мемлекет мұқтажына алу, ғимараттарды сүру рәсімдерін аяқтау және жобаға түзету енгізу қажет.
Облыс әкімі жеке жер телімдерін сатып алмай-ақ, жолды “Ерік-Мостовой” арнасының бойымен жалғастыру мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. Сонымен қатар жобада қарастырылмаған инженерлік желілермен қиылысатын тұстарда гильзалау әдісін қолдану мүмкіндігін пысықтап, құрылыс қарқынын жеделдетуді міндеттеді.
Бұл жобаның жүзеге асырылуы өңір басшысының жеке бақылауында болады.
Болат Ақшолақов 2024 жылдан бері жүзеге асырылып жатқан Жастар көшесін қайта жаңарту барысымен де танысты. Жолдың жалпы ұзындығы – 11,7 шақырым. Ол «Көктем» базарынан Еркінқала ауылдық округіне дейін созылады. Бүгінде 3,7 шақырым жолға асфальт төселген. Жоба жетекшісі Зайни Мұстажаповтың айтуынша, жыл аяғына дейін тағы 8,7 шақырым жолды аяқтау жоспарланып отыр. Құрылыс алаңында 70-ке жуық жұмысшы еңбек етуде.
Облыс әкімі мердігер ұйымға 15 тамызға дейін жол қозғалысын ашуды тапсырды. Әкім тұрғындардан көптеген өтініш түскенін атап өтіп, құрылыс жұмыстары сапалы әрі белгіленген мерзімде толық аяқталуы тиіс екенін баса айтты.









