
Қарақия ауданында ауыл шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған стратегиялық маңызды әлеуметтік-инфрақұрылымдық жоба сәтті аяқталды.
Атап айтқанда, «Қарақия ауданы Құрық ауылынан Қызылқұм жеріне дейін газ құбырын тарту құрылысы» нысаны бойынша барлық тиісті рәсімдер мен техникалық талаптар толығымен орындалды.
Мердігер мекеме ретінде «АБТМ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі анықталып, тараптар арасында келісімшарт жасалды. Жобаның жалпы келісімшарттық құны 566, 7 млн теңгені құрады. Белгіленген межеге сәйкес құрылыс-монтаждау жұмыстары 7 ай ішінде сапалы әрі кестеге сай жүргізілді.
Инженерлік-техникалық параметрлерге тоқталатын болсақ, жоба аясында тартылған газ құбырының жалпы ұзындығы 26,1 шақырымды құрайды. Сонымен қатар, газ қысымын тұрақты түрде реттеп, оның қауіпсіз әрі толыққанды берілуін қамтамасыз ететін заманауи ПГБ-16-2ВУ үлгісіндегі газ тарату пункті орнатылды. Жүргізілген жүйелі жұмыстардың нәтижесінде өңірдегі 52 шаруа қожалығы табиғи газ желісіне қосылу мүмкіндігіне ие болды. Бұл өз кезегінде жергілікті кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығы секторының әлеуетін арттыруға тікелей серпін береді.
Қазіргі уақытта жоба аясындағы барлық құрылыс-монтаждау жұмыстары толықтай аяқталды. Бүгінгі таңда мамандандырылған «Qazaqgaz aimaq» акционерлік қоғамымен бірлесе отырып, газ құбырын іске қосу, сынақтан өткізу және соңғы тұтынушыларға отынды қауіпсіз беруді ұйымдастыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі









