
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев турзимді дамыту мәселесіне басымдық беріп, маңызды міндеттер жүктегені белгілі. Түркістан облысында осы бағытта ауқымды жұмыстар жүріп жатыр. Жүйелі жұмыстар нәтижесінде 2026 жылдың алғашқы тоқсанында Қазақстан ішінде туристер ең көп демалған көшбасшы өңірлер қатарына Түркістан облысы да қосылды. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитеті хабарлады.
Түркістан облысы тарихи және мәдени мұраға бай. Облыс аумағында 1792 тарих және мәдениет ескерткіші, оның ішінде 1 халықаралық маңызды нысан (Қ.А.Ясауи кесенесі), 41 республикалық маңызы бар ескерткіш, 403 жергілікті маңызы бар ескерткіш бар. Өңірде 264 орналастыру орны және 117 санаториялық-курорттық ұйым жұмыс істейді. Бұдан басқа, облыс аумағында 4 ерекше қорғалатын табиғи аймақтар орналасқан. Олар: ЮНЕСКО биосфералық объектілерінің тізіліміне енгізілген «Ақсу-Жабағылы» және «Қаратау» қорықтары, сондай-ақ «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркі және «Сырдария-Түркістан» өңірлік табиғи паркі.
2026 жылдың І тоқсанымен орналастыру орындарында демалғандар саны 87,1 мың адамға (шетелдік туристер 2 148, отандық туристер 84 931) жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңінен 42%-ға өскен. Орналастыру орындарымен көрсетілген қызмет көлемі 2,2 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңінен 46,6%-ға өсіп отыр. 2026 жылдың 6 айының қорытындысымен тарихи-мәдени орындарға 575 мың адам саяхаттаса, табиғи орындарға келушілер саны 60,1 мың адамға жеткен.
2026 жылдың 6 айының қорытындысымен туризм саласына тартылған инвестиция көлемі 65,1 млрд. теңгені құрады. 2025 жылы жалпы туризм саласы бойынша облыс аумағында жалпы соммасы 17 млрд. теңгені құрайтын 24 туристік инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Биыл Кентау қаласына қарасты Хантағы елді мекенінде құны 1 млрд теңгені құрайтын «Khantau» демалыс аймағының құрылысы аяқталып келеді. Ал Түркістанда жалпы көлемі 12 гектар, құны 10 млрд теңгені құрайтын ірі аквапарк кешені салынып жатыр. Бұдан бөлек, Түркістан қаласы мәдени-рухани орталығында туристік маршуттарды арттыру және туристер санын ұлғайту мақсатында Күлтөбе қалашығын абаттандыру жобасы жүргізілуде. Сонымен қатар Түркістан қаласында «Yassy Hall Apartments» қонақ үй кешені салынуда.
Өңірде экологиялық туризм қарқында дамуда. 2026 жылдың І тоқсанымен табиғи аумақтар келушілер саны 60,1 мың адамға жеткен. Облыс бойынша табиғи аумақтарда және оған іргелес аудандарда (Төлеби, Түлкібас аудандары) 99 демалыс орны, 62 қонақ үй, 12 шипажай, 6 киіз үй, 1 аңшылар үйі орналасқан.









