
Қарқаралы қаласындағы Ш. Жандарбекова атындағы мәдениет үйінде белгілі қаламгер, журналист, Қазақстанның Құрметті журналисі, Қарқаралы ауданының Құрметті азаматы Мақсым Омарбековтің өмірі мен шығармашылығына арналған «Қарқаралының Максимі» кітабының тұсаукесері өтті.
Кітап авторы – қаламгердің ұлы, журналист Мақсат Мақсымұлы. Еңбекте әкесі туралы естеліктер, бұрын жарияланбаған деректер, шығармашылық жолы мен қоғамдық қызметі қамтылған. Сондай-ақ қаламгердің әдеби мұрасы сараланып, ұлттық журналистика мен әдебиетке қосқан үлесі кеңінен баяндалады.
Тұсаукесерде Қарқаралы қаласының әкімі Аслан Рахымбергенов, Қоғамдық кеңес төрағасы Сайлау Әлиұлы сөз сөйлеп, қаламгердің өңір руханияты мен қоғамдық өміріндегі орнына тоқталды.
Шарада Мақсым Омарбековтің замандастары – Серік Жекеев, Нұрбану Нұрғалиева, Дана Бақтыбаева және Қизат Демесін естеліктерімен бөлісті. Олар қаламгердің азаматтық болмысы, кәсіби шеберлігі мен адамгершілік қасиеттерін еске алды.
Тұсаукесерді ақын Руслан Нұрбай жүргізіп, өнерпаздар Балдырған Жекеева, Аида Әбілқасымова және Нұрсұлтан Қасымбек әндерімен әрледі.
«Қарқаралының Максимі» – қаламгердің тағылымды ғұмыры мен шығармашылық мұрасын кейінгі ұрпаққа танытатын құнды еңбек.









