Трансмайлар

    ·

    Өнеркәсіптік трансмай қышқылдары – тағам рационындағы негізгі трансмайлардың бірі. Олар әдетте 18:1 трансизомерлері болып табылады. Оны өсімдік майларын ішінара гидрогендеу арқылы алынады. Бұл технология тағам өнеркәсібінде жартылай қатты майлар өндіру үшін қолданылады. Мұндай майлар нан-тоқаш өнімдерін, қуырылған тағамдарды, маргариндерді және басқа да азық-түлік өнімдерін өндіруде пайдаланылады.

    Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) ұсынымдарына сәйкес, трансмайларды тұтынудың қауіпсіз мөлшері тәуліктік жалпы калорияның 1%-ынан аспауы тиіс (шамамен 2,2 грамм).

    Трансмайлардың зияны қандай?

    Трансмайларды тұрақты түрде тұтыну:

    • жүрек-қан тамырлары ауруларының дамуына әкеледі;
    • бауырды зақымдайды;
    • қатерлі ісіктің даму қаупін арттырып, ағзадағы қабыну үдерістерін күшейтеді;
    • 2-типті қант диабетінің даму қаупін арттырады.

    Сондықтан ДДҰ өнеркәсіптік трансмайларды тағам өнімдерінен толықтай алып тастауды ұсынады. Ол үшін оларды денсаулыққа пайдалырақ майлармен және өсімдік майларымен алмастыру, сондай-ақ трансмайларға қатысты озық тәжірибелерді әзірлеу, бақылау және олардың сақталуын қамтамасыз ету қажет. Атап айтқанда, барлық тағам өнімдеріндегі майдың 100 грамына шаққанда трансмайлардың мөлшерін 2 грамнан асырмау немесе ішінара гидрогенделген майларды қолдануға толық тыйым салу ұсынылады.

    Рациондағы зиянды майлардың мөлшерін тиімді азайту үшін:

    - жемістерге, көкөністерге, тұтас дәнді өнімдерге, майы аз етке, құс етіне, балыққа және жаңғақтарға бай дұрыс тамақтану үлгісін ұстану. Сонымен қатар тәтті тағамдар мен қант қосылған сусындарды тұтынуды азайту.

    - табиғи, гидрогенделмеген өсімдік майларын қолдану.

    - құрамында трансмайлар болуы мүмкін тағамдарды (пончиктер, чипстер, крекерлер, бәліштер, фаст-фуд өнімдері және т.б.) тұтынудан бас тарту.

    - қоғамдық тамақтану орындарында дайындалған қуырылған немесе пісірілген тағамдарды жиі тұтынудан аулақ болу.

    - өнімнің қаптамасында көрсетілген құрамын мұқият оқып шығу.

    «Трансмайлар тағамның сақтау мерзімін ұзартады, бірақ адамның өмірін қысқартады. Табиғи тағамды таңдаңыз, өнімнің құрамын оқыңыз және есте сақтаңыз: денсаулық – күн сайын қабылданатын шағын, бірақ маңызды шешімдердің нәтижесі».

    Ұқсас материалдар

    "" жаңалықтары