Атыраулық ерекше жастар Ақтауда концерт ұйымдастырды

    ·

    Атыраулық ерекше жастар Ақтауда концерт ұйымдастырды

    Ақтау қаласындағы Абай атындағы мәдени-демалыс кешенінде Атырау облысынан арнайы гастрольдік сапармен келген «Мен бармын!» қоғамдық қорының ерекше қажеттіліктері бар жеткіншектері Маңғыстау жұртшылығына өздерінің ерекше концерттік бағдарламасын ұсынды, деп хабарлайды Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы.

    Бұл ауқымды іс-шараның басты мақсаты — ерекше балаларды тәрбиелеп жатқан ата-аналарға рухани демеу көрсетіп, оларға зор мотивация беру. Сонымен қатар, мұндай балалардың да қоғам алдында өз қабілеттерін ашық көрсетіп, басқалармен тең дәрежеде өнер көрсете алатынын баршаға дәлелдеу.

    Гастрольдік сапармен келген жас өнерпаздар көрермен назарына екі түрлі жанрдағы әсерлі қойылым ұсынды. Атап айтқанда, «Жәннат» мелодрамасы ананың қадірі мен ұлылығын паш етіп, «Жәннат — ананың табанының астында» екенін көрерменнің жүрегіне терең сезіндірген әсерлі туынды болды.
    Сондай-ақ мектеп өмірі мен оқушының ұстазына деген пәк сезімін суреттейтін «Алғашқы махаббат» комедиясы көрерменнің көңіл-күйін көтеріп, жағымды эмоция сыйлады.

    Ақтау қаласының тұрғындары мен ерекше балалардың ата-аналары бұл игі бастаманы өте жылы қабылдап, жас таланттардың өнерін зор қошеметпен қарсы алды.

    «Мен бармын!» қоғамдық қоры 2018 жылдан бері 16 жастан асқан Даун синдромы бар балалармен жүйелі түрде жұмыс істеп келеді. Бастапқыда 9 баламен бастаған жоба бүгінгі таңда 23 балаға дейін өсті. Аталмыш қор – Атырау облысы бойынша 16 жастан асқан Даун синдромы бар балалармен жұмыс істейтін жалғыз үкіметтік емес ұйым. Қордың негізгі қызметі — театр және өнер арқылы ерекше балаларды қоғамға әлеуметтендіру. Қор осы уақытқа дейін «Колобок», «Муха Цокотуха», «Бременские музыканты», «Сұлтан Сулейман», «Волшебник изумрудного города», «Шахерезада» сынды бірқатар танымал қойылымдарды сахналады.
    «Бүгінгі таңда қор балалары қайырымдылық концерттерге белсене қатысып, түрлі алғыс хаттармен марапатталып жүр», — деді «Мен бармын!» қоғамдық қорының жетекшісі Зайда Нугманова.

    Ұқсас материалдар

    "" жаңалықтары