Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Бауыржан Ералы ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар офисінің басшысы Алексей Роговпен кездесті.
Кездесуде тараптар инвесторлардың құқықтарын қорғау, инвестициялық ахуалды жетілдіру және заң үстемдігін қамтамасыз ету саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.
Бауыржан Ералы Мемлекет басшысының тапсырмасымен инвесторлардың құқығын кешенді қорғауды қамтамасыз ету мақсатында құрылған Комитеттің қызметі туралы айтты. Ол бүгінде прокуратура органдары жалпы құны 110 трлн теңгеден асатын 3 мыңнан астам инвестициялық жобаны сүйемелдеп отырғанын атап өтті.
Кездесуде инвесторларды прокурорлық сүйемелдеудің қолданыстағы тетіктеріне, оның ішінде «прокурорлық сүзгі», инвестициялық жобаларды цифрлық мониторингтеу және жеке прокурор институтына ерекше назар аударылды. Бұл тетіктер әкімшілік кедергілерді дер кезінде анықтап, оларды жоюға мүмкіндік береді.
Алексей Рогов Қазақстанның инвесторлардың құқықтарын қорғау бағытындағы тәжірибесіне қызығушылық білдіріп, бизнес үшін құқықтық кепілдіктерді нығайту мәселелері бойынша өзара ынтымақтастықты одан әрі дамытудың маңыздылығын атап өтті.
Кездесу соңында тараптар инвесторлардың құқықтарын қорғау және инвестициялық ортаны жетілдіруде тәжірибе алмасу мен одан әрі ынтымақтастықты дамытуға уағдаласты.





