
Тараз – екі мың жылдан астам тарихы бар көне шаһар ғана емес, Қазақстанның туристік әлеуеті жоғары өңірлерінің бірі. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан қалада Қарахан, Айша бибі, Бабажа қатын кесенелері, ежелгі Тараз қалашығы мен Ақыртас сарай кешені сияқты әлемдік деңгейдегі тарихи-мәдени мұралар шоғырланған.
Бүгінде туризм – экономиканы дамытатын маңызды салалардың бірі. Туристердің көбеюі қонақ үй, қоғамдық тамақтану, көлік, сауда, қолөнер және қызмет көрсету салаларының дамуына серпін беріп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді.
Соңғы жылдары ұйымдастырылып келе жатқан қызғалдақ фестивалі өңірдің туристік брендіне айналып келеді. Қазақстан қызғалдақтың тарихи отандарының бірі саналады. Сондықтан бұл фестивальді халықаралық деңгейде дамыту арқылы шетелдік туристерді, фотографтарды, блогерлер мен туроператорларды тартуға мүмкіндік мол.
Қазіргі турист тарихи орындарды аралаумен қатар ерекше әсер іздейді. Осыған байланысты этноауылдар, ұлттық тағам фестивальдері, қолөнер көрмелері, ат спорты ойындары мен дәстүрлі қазақ мәдениетін танытатын іс-шараларды дамыту маңызды.
ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енген Ақыртас кешені, сондай-ақ Берікқара шатқалы, Меркі мен Т.Рысқұлов аудандарының таулы аймақтары экотуризмді дамытуға зор мүмкіндік береді. Бұл бағытта сапалы туристік сервис, бірнеше тілдегі ақпараттық ресурстар, аудиогидтер, QR-кодтар мен цифрлық карталарды енгізу қажет.
Облыстық туризм саласын мемлекеттік қолдау, дамыту және мониторинг бөлімінің басшысы Жомарт Хажының айтуынша, туризм – шағын және орта бизнесті, ауыл кәсіпкерлігін, көлік пен сауданы қатар дамытатын маңызды экономикалық сала. Сондықтан бұл бағытқа салынған инвестиция ұзақ мерзімде бірнеше есе қайтарым береді.
Тараздың бай тарихи мұрасы, табиғаты мен мәдениеті өңірді Қазақстандағы жетекші туристік орталықтардың біріне айналдыруға толық мүмкіндік береді. Туризмді тиімді дамыту – жаңа жұмыс орындарын құрып, кәсіпкерлікті қолдап, өңір экономикасының тұрақты өсіміне жол ашатын маңызды бағыт.









